Егер осы Заңда өзгеше көзделмесе, жасы жиырма беске толған, жоғары заң білімі, заңгер мамандығы бойынша кемінде екі жыл жұмыс өтілі бар, нотариуста кемінде бір жыл мерзіммен тағылымдамадан, әділет аттестаттау комиссиясында аттестаттаудан өткен және нотариаттық қызметпен айналысу құқығына лицензия алған Қазақстан Республикасының азаматы нотариус бола алады.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен қызмет атқаратын әкімшілік мемлекеттік қызметші мемлекеттік нотариус болып табылады.

Кім нотариус бола алмайды

Жеке практикамен айналысатын нотариус

Лицензия беру

Нотариустың құқықтары

Нотариустың міндеттері

Нотариустың немен айналысуға құқығы жоқ

Нотариустың мөрі

Нотариустың тағылымдамадан өтушілері мен көмекшілері

Кім нотариус бола алмайды

Заңда белгіленген тәртіппен соттылығы өтелмеген немесе алынбаған, белгiленген тәртіппен іс-әрекет жасауға қабiлетсіз не iс-әрекет жасауға қабілеттілігі шектеулi деп танылған адам нотариус бола алмайды.

Сондай-ақ мыналар:

  • Қазақстан Республикасы Қылмыстық ic жүргізу кодексінің 35-бабы бірінші бөлігінің 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негізінде қылмыстық жауаптылықтан босатылған адам осындай оқиғалар басталғаннан кейін үш жыл бойы;
  • теріс себептер бойынша мемлекеттік, әскери қызметтен, прокуратура органдарынан, өзге де құқық қорғау органдарынан, арнаулы мемлекеттік органдардан шығарылған, сондай-ақ судья лауазымынан босатылған адам шығарылған (босатылған) күннен бастап бір жыл бойы;
  • әкімшілік сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаған адам осындай оқиғалар басталғаннан кейін үш жыл бойы;
  • нотариаттық әрекет жасау кезінде Қазақстан Республикасы заңнамасының бұзылуына жол бергені үшін мемлекеттік нотариус лауазымынан шығарылған адам;
  • нотариаттық қызметпен айналысу құқығына арналған лицензиядан айырылған адам;
  • егер шығарылған күнінен бастап үш жылдан аз уақыт өтсе, теріс себептер бойынша заң консультанттары палатасының тізілімінен шығарылған адам да нотариус бола алмайды.

Жеке практикамен айналысатын нотариус

«Нотариат туралы» ҚР Заңының 15-бабына сәйкес заңды тұлға құрмай, лицензия негiзiнде нотариаттық қызметті жүзеге асыратын, нотариаттық іс-әрекеттер жасау нәтижесiнде зиян келтiру салдарынан туындайтын мiндеттемелер бойынша өзiнiң азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн сақтандырған, нотариаттық палатаға мүше болған азамат жеке практикамен айналысатын нотариус деп танылады.

Жеке практикамен айналысатын нотариус:

  • банк мекемелерінде ағымдағы шоттар ашуға,
  • еңбек заңдарына сәйкес көмекшiлер, техникалық қызметкерлер жалдап, оларды жұмыстан босатуға,
  • нотариаттық iс-әрекеттер жасаудан алынған табысқа билiк етуге,
  • соттарда өз атынан сөз сөйлеуге және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес басқа да iс-әрекеттер жасауға құқылы.

Жеке практикамен айналысатын нотариустың жеке тұлғалар мен заңды тұлғалар өкiлдерiнiң еркiн кiрiп-шығуына, нотариаттық құпияны сақтауға және нотариаттық iс жүргiзудiң сақталуын қамтамасыз ету үшiн жағдай жасауға жарамды бір үй-жайы болуға тиiс.

Егер «Нотариат туралы» ҚР Заңында өзгеше көзделмесе, жеке практикамен айналысатын нотариустың жалдамалы жұмыскер ретінде еңбек қатынастарында болуға құқығы жоқ.

Лицензия беру

«Нотариат туралы» ҚР Заңының 8-бабына сәйкес Нотариаттық қызметпен айналысу құқығына аттестаттау қорытындысы бойынша ҚР Әдiлет министрлiгi берген лицензия (нотариус лицензиясы) жекеше нотариусқа нотариаттық әрекеттер жасауға уәкiлдiк бередi.

Нотариус лицензиясын алуға қажеттi құжаттардың тiзбесi, лицензия беру мерзімі мен тәртібі тиісті нормативтік құқықтық актілермен белгіленеді.

Нотариустың лицензиясы мерзiмi шектелмей берiледi және Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында қолданылады.

Нотариус лицензиясын бергені үшін алым алынады, оның мөлшері мен төлеу тәртібі салық заңнамасында айқындалады.

Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгi нотариаттық қызметпен айналысу құқығына лицензиялардың Мемлекеттiк тiзiлiмiн жүргiзедi және ведомстволық баспасөз органында нотариаттық қызметпен айналысуға лицензия берiлген адамдар туралы мәлiметтер жариялайды, онда:

      1) нотариустың тегі, аты, әкесінің аты;

      2) лицензия берiлген күн мен оның нөмiрi көрсетiледi.

Нотариустың құқықтары

Нотариус:

1) өзiне жүгiнген жеке және заңды тұлғалардың мүдделерiне сәйкес осы Заңда және Қазақстан Республикасының басқа да заң актiлерiнде көзделген нотариаттық iс-әрекеттер жасауға;

2) консультация беруді жүзеге асыруға;

3) құжаттардың көшiрмелерiн және олардың үзiндiлерiн әзiрлеуге;

5) Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленген коммерциялық, банктiк және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәлiметтердi жария етуге қойылатын талаптарды сақтай отырып, жеке және заңды тұлғалардан нотариаттық iс-әрекеттер жасауға қажеттi құжаттар мен мәлiметтер талап етуге;

6) ғылыми, педагогтiк және шығармашылық қызметпен айналысуға;

8) татуластыру рәсімдерін жүргізуге;

9) төрелік талқылауда төреші болып сайлануға (тағайындалуға);

10) бірыңғай нотариаттық ақпараттық жүйе арқылы тиісті мемлекеттік органдардың және өзге де ұйымдардың ақпараттық жүйелерінен мәліметтер алуға құқылы.

Нотариустың міндеттері

Нотариус:

1) осы Заңның, «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының және Қазақстан Республикасының нотариат қызметiн реттейтiн басқа да нормативтiк құқықтық актiлерiнiң талаптарына сәйкес нотариаттық әрекеттер, сондай-ақ электрондық тіркеуге байланысты әрекеттер жасауға;

2) азаматтарға және заңды тұлғаларға құқықтар мен мiндеттердi түсiндiруге, олардың заңды бiлмегендiгi өздерiне зиян келтiруге пайдаланылуы мүмкiн болмауы үшiн, жасалған нотариаттық iс-әрекеттерiнiң салдарлары жөнiнде ескертуге;

3) кәсiптiк қызметiн жүзеге асыруға байланысты өзiне белгiлi болған мәлiметтердi құпия ұстауға;

3-1) жасалған нотариаттық әрекеттер туралы мәліметтерді және осы Заңда көзделген өзге де мәліметтерді бірыңғай нотариаттық ақпараттық жүйеге уақтылы енгізуге;

3-2) бірыңғай нотариаттық ақпараттық жүйемен жұмыс істеу кезінде Қазақстан Республикасының ақпараттандыру туралы заңнамасының талаптарын сақтауға;

4) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес келмейтiн жағдайда нотариаттық iс-әрекеттер жасаудан бас тартуға;

5) кәсіби әдепті сақтауға;

 6) әдiлет органына және (немесе) нотариаттық палатаға өз iс-әрекеттерiне түскен шағымдар бойынша өзi жасаған нотариаттық iс-әрекеттер туралы мәлiметтер, өзге құжаттар, ал қажет болған жағдайларда жеке түсiнiктемелер, оның iшiнде кәсiптiк әдеп талаптарын сақтамау мәселелерi жөнiнде түсiнiктемелер беруге;

7) өз лицензиясының қолданылуы тоқтатыла тұрған жағдайда Қағидаларда көзделген тәртіппен іс жүргізуіндегі құжаттарды басқа нотариусқа беруге;

7-1) мөрін лицензияның қолданысы тоқтатыла тұрған кезеңде – аумақтық әділет органына, лицензияның қолданысы тоқтатылған жағдайда аумақтық нотариаттық палатаға тапсыруға;

8) өз лицензиясының қолданылуы осы Заңның 12-бабы 1-тармағының 1), 2), 4), 4-1) және 6) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша тоқтатылған жағдайларда, сақтауындағы барлық нотариаттық құжаттарды жекеше нотариаттық мұрағатқа беруге;

9) өз тегінің, атының, әкесінің атының және өз үй-жайы орналасқан жерінің өзгеруі жөніндегі мәліметтерді бір ай ішінде аумақтық әділет органына ұсынуға;

10) бір ай бойы нотариаттық қызметті жүзеге асырмаған жағдайда, бес жұмыс күні ішінде аумақтық әділет органына және нотариаттық палатаға хабарлауға;

10) жеке тұлғалардың мәмілелері мен шарттары жөніндегі мәліметтерді мемлекеттік кірістер органдарына Қазақстан Республикасының салық заңнамасында айқындалған нысан бойынша, тәртіппен және мерзімдерде ұсынуға міндетті. Бұл ретте көрсетілген мәліметтерді ұсыну нотариаттық әрекеттер құпиясын жария ету болып табылмайды.

11) кәсіптік біліктілігін арттыруға міндетті.

Нотариустың немен айналысуға құқығы жоқ

Нотариус:

1) кәсіпкерлік қызметпен айналысуға;

2) шарттарды жасасу, өзгерту және бұзу кезiнде делдалдық қызмет көрсетуге;

3) өкiлдi органға депутат болып сайланған жағдайда нотариус мiндеттерiн орындауға;

4) жекеше нотариустың азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын жасамай өз міндеттерін орындауға;

5) нотариустың мөрін оның лицензиясының қолданылуы тоқтатыла тұрған кезеңге аумақтық әділет органына тапсыруын қоспағанда, факсимилені пайдалануға және мөрін, электрондық цифрлық қолтаңбасын басқа адамға беруге;

6) осы Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, өзінің үй-жайынан тысқары жерде қызметін жүзеге асыруға құқығы жоқ.

Нотариустың мөрі

«Нотариат туралы» ҚР Заңының 22-бабына сәйкес нотариустың өзінің:

  • тегі,
  • аты,
  • әкесінің аты (бар болса),
  • мемлекеттік нотариаттық кеңсенің атауы (мемлекеттік нотариустың мөрі) не нөмірі,
  • нотариус лицензиясының нөмірі мен берілген күні (жекеше нотариус мөрі),
  • ҚР Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрі, куәландыру жазбаларының мөртабандары болады.

Нотариустың тағылымдамадан өтушілері мен көмекшілері

«Нотариат туралы» ҚР Заңының 7-бабыда сәйкес нотариустың көмекшілері мен тағылымдамадан өтушілері болуы мүмкін.

ҚР азаматы ғана нотариустың көмекшісі бола алады. Нотариустың көмекшісі жеке практикамен айналысатын нотариуста еңбек шартының негізінде жұмыс істей алады немесе мемлекеттiк нотариат кеңсесінің құрамында бола алады.

Жоғары заң білімі бар ҚР азаматтары нотариустың тағылымдамадан өтушілері бола алады.

Тағылымдамадан өтушілер кемінде бес жыл нотариаттық қызмет өтілі бар нотариустарда тағылымдамадан өтеді.

Нотариаттық қызметпен айналысу құқығына үміттенетін адам нотариаттық палатамен тағылымдамадан өту туралы шарт жасасады.

 

ҚР ҰК 03-2019 экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуіші (ЭҚЖЖ)

Кәсіпорынның негізгі экономикалық қызмет түрін айқындау әдістемесі Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитеті төрағасының 2020 жылғы 7 қыркүйектегі № 35 бұйрығы.