Ауысымдық жұмыс кезінде жұмыс ауысымының ұзақтығы, бір жұмыс ауысымынан екіншісіне ауысу ауысым кестесімен белгіленеді.

Ауысымдық жұмыс өндірістік процестің ұзақтығы күнделікті жұмыстың рұқсат етілген ұзақтығынан асып кеткен жағдайларда белгіленуі мүмкін.

Жұмыс беруші ауысым кестелерін олар қолданысқа енгізілгенге дейін күнтізбелік он күннен кешіктірмей жұмыскерлердің назарына жеткізеді.

Жұмыскерді қатарынан екі жұмыс ауысымы ішінде жұмысқа тартуға тыйым салынады.

ҚР Еңбек кодексінің 68-бабына сәйкес жұмыс уақытының қалыпты ұзақтығы аптасына 40 сағаттан аспауы тиіс.

Ауысымдық жұмыс кестесі кезінде жұмыс уақытының жиынтық есебі жүзеге асырылады. ҚР Еңбек кодексінің 75-бабының 4-тармағына сәйкес жұмыс уақытының жиынтық есебін белгілеу кезінде жұмыскердің жұмыс аяқталуы мен келесі жұмыс күні (жұмыс ауысымы) басталуы арасындағы демалыс ұзақтығын сақтау міндетті болып табылады.

Жұмыс уақытының жиынтық есебін:

- он сегіз жасқа толмаған жұмыскерлер тартылған кезде;

- егер жұмыс күнінің (жұмыс ауысымының) ұзақтығы сегіз сағаттан асатын болса, жүкті әйелдер үшін;

- бірінші топтағы мүгедек жұмыскерлер үшін;

- егер оларға мұндай режим кәсіптік патологиялық сараптау комиссиясының қорытындысы негізінде тыйым салынса, екінші және үшінші топтағы мүгедек жұмыскерлер үшін қолдануға жол берілмейді.

Сондай-ақ ҚР Еңбек кодексінің 83-бабына сәйкес жұмыскердің жұмыстың аяқталуы мен оның келесі күні басталуы (жұмыс ауысымы) арасындағы күнделікті (ауысымаралық) тынығуының ұзақтығы он екі сағаттан кем болмайды.

Ауысым кестесінде белгіленген күндер ауысым жұмыскерлері үшін демалыс күндері болып есептеледі.

Егер жұмыскер ауысым кестесінде белгіленген демалыс күні жұмыс істейтін болса, онда бұл күн ҚР Еңбек кодексіне 109-бабына сәйкес төленеді.

ҚР Еңбек кодексінің 76-бабына сәйкес 22.00-ден 6.00-ге дейінгі уақыт түнгі болып есептеледі, сондықтан осы уақыттағы жұмыс ҚР Еңбек кодексінің 110-бабына сәйкес төленуі тиіс.

Егер жұмыс кестесі бойынша жұмыскердің жұмыс уақыты мереке күніне түссе, онда осы жұмыс істелген сағаттар ҚР Еңбек кодексінің 109-бабына сәйкес төленуге тиіс.

ҚР Еңбек кодексінің 79-бабына сәйкес жұмыс беруші жұмыскердің нақты жұмыс істеген жұмыс уақытын есепке алуды жүргізуге міндетті.

Есепке жұмыскердің жұмыс істеген және жұмыс істемеген уақытын қамтитын нақты жұмыс уақыты жатады.

Істелген жұмыс уақытының құрамында нақты істелген жұмыс уақыты және жұмыс уақытына жататын өзге де уақыт кезеңдері есепке алынады. Бұл ретте үстеме жұмыс уақыты, түнгі уақыттағы жұмыс, демалыс, мереке күндері, іссапар күндері жеке есепке алынады.

Жұмыс істелмеген уақыт құрамында ақылы және ақы төленбейтін уақыт, сондай-ақ жұмыскердің және (немесе) жұмыс берушінің кінәсінен жұмыс уақытының ысырабы есепке алынуға жатады.

Жұмыс уақытын есепке алу жұмыс беруші айқындаған құжаттарда жүргізіледі.

Яғни, жұмыскерлердің жұмыс уақытының балансына сәйкес жұмыс істеген сағаттары белгіленген сағаттық мөлшерлеме бойынша төленеді; жұмыскерлер мереке және демалыс күндері жұмыс істеген сағаттарға бір жарым есе мөлшерде ақы төленеді; үстеме және түнгі ауысымда жұмыс істеген сағаттарға 1,5 сағаттық мөлшерлеме бойынша ақы төленеді.

Үстеме жұмыс уақытын есептеуді қалыпты жұмыс аптасының ұзақтығы 40 сағатты құрайтынын негізге ала отырып жүргізуге болады. Бір аптада белгіленген шектен артық жұмыс істелген уақыт мерзімнен тыс деп танылады және ҚР Еңбек кодексінің 108-бабына сәйкес төленуге жатады.

Ауысым жұмыскеріне сағаттық тарифтік мөлшерлемені белгілеу неғұрлым дұрыс.

Егер ауысым жұмыскерiнiң жалақысы белгiленсе, онда бiр айдағы жалақыны есептеу үшiн жалақының сомасын жұмыс уақытының орташа айлық балансына бөлу қажет.

Және сіз сағаттық тарифтік мөлшерлеме аласыз.

Бұдан әрі жұмыспен өтелген түнгі сағаттар, мереке күндеріндегі сағаттар, үстеме сағаттар сағаттық тарифтік мөлшерлемеден бір жарым есе төмен емес мөлшерде төленеді.