Босқын - нәсілдік, ұлттық, діни сенімі, азаматтық белгісі, белгілі бір әлеуметтік топқа жататындығы немесе саяси нанымы бойынша қудалаудың құрбаны болу қаупінің негізділігіне орай өзі азаматы болып табылатын елден тыс жерде жүрген және өз елінің қорғауын пайдалана алмайтын немесе осындай қауіп салдарынан мұндай қорғауды пайдаланғысы келмейтін шетелдік немесе осындай қауіп салдарынан еліне қайтып орала алмайтын немесе қайтып оралғысы келмейтін, өзі тұрақты тұратын немесе өзі азаматы болып табылатын елден тыс жерде жүрген азаматтығы жоқ адам;

Босқын мәртебесін беру туралы өтінішхатты тіркеу тәртібі

Босқын мәртебесін беру туралы өтінішхат (бұдан әрі - өтінішхат) - пана іздеген адамның жеке өзінің немесе осыған уәкілетті өкілі арқылы жергілікті атқарушы органға өзінің болатын жері бойынша босқын мәртебесін беру туралы жазбаша өтініші;

Босқын мәртебесін алу үшін пана іздеген адам Қазақстан Республикасына келген күннен бастап күнтізбелік 5 (бес) күннің ішінде немесе өзі Қазақстан Республикасының аумағында болып, нәсілдік, ұлттық, діни сенім, азаматтық белгісі, белгілі бір әлеуметтік топқа жататындығы немесе саяси нанымы бойынша қудалауға ұшырау жағдайларының туындауы туралы білген күннен бастап өзі немесе уәкілетті өкілі арқылы Халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органына (бұдан әрі – ХЖҚЖАО) жазбаша өтінішхат (бұдан әрі – өтінішхат) береді. Өтінішхатқа пана іздеуші адамның жеке басын куәландыратын немесе растайтын құжаттар қоса беріледі.

Өтінішхат қазақ немесе орыс тілдерінде толтырылады және пана іздеген адам және аудармашы (аудармашы қатысқан жағдайда) қол қояды. Егер пана іздеген адам өтінішхатты қазақ немесе орыс тілінде өз бетінше толтыра алмаса, онда өтінішхатты өтініш иесінің сөзінен аудармашы толтырады. Осындай жағдайда өтінішхат беруші адамнан аударма сапасымен қанағаттандырылғаны туралы жазбаша өтініш алу қажет.

ХЖҚЖАО өтінішхат келіп түскен күні оны қабылдауды, пана іздеуші адамдарды тіркеу журналына тіркеуді жүзеге асырады. ХЖҚЖАО-ның басшысы өтінішхат келіп түскен күні жауапты орындаушыны айқындайды.

ХЖҚЖАО қызметкері өтінішхатты қабылдау кезінде пана іздеген адамды Заңда көзделген оның құқықтарымен және міндеттерімен таныстырады.

Өтінішхатты тіркеген күні пана іздеген адамға Заңның 6-бабының 7) тармақшасы негізінде уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша Қазақстан Республикасында пана іздеген адамның куәлігі беріледі және оның өтінішхаты бойынша шешім қабылдағанға дейінгі мерзімге оны есепке қою жүргізіледі.

Он сегіз жасқа толған шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға куәлік үш ай мерзімге беріледі, оған ХЖҚЖАО басшысы қол қойып, мөрмен куәландырылады.

Пана іздеген адамның куәлігі босқын деп тану туралы өтініш білдірген шетелдіктің, азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасының аумағында болуының заңдылығын растайды.

Өтінішхатты қарау мерзімі пана іздеген адамның куәлігі берілген күннен бастап үш ай мерзімге ұзартылған жағдайда жарамдылық мерзімі өтіп кеткен пана іздеген адамның куәлігінің орнына үш ай мерзімге жаңа куәлік беріледі.

Пана іздеген адам Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өткен кезде көші-қон бақылауы пунктіне, ал осындай пункт болмаған жағдайда сол күні Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің бөлімшесіне жазбаша өтінішхат береді.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункті болмаған кезде пана іздеген адам Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын мәжбүрлі түрде заңсыз кесіп өткен жағдайда Мемлекеттік шекараны кесіп өткен сәттен бастап бір тәулік ішінде ХЖҚЖАО-ға жүгінеді.

Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (бұдан әрі – ҚР ҰҚК) Шекара қызметінен ХЖҚЖАО-ға келіп түскен өтінішхатты ХЖҚЖАО-ға өтінішхат келіп түскен күннен кейінгі бір жұмыс күні ішінде Пана іздеген адамдарды тіркеу журналында тіркейді және ол сол күні ХЖҚЖАО-ның уәкілетті қызметкерінің қарауына беріледі.

Егер пана іздеген адам жеке басын куәландыратын құжаттарының болмауы туралы мәлімдесе, ол туралы мәлімет оның сөзінен жазылады және онымен жүгінген сәттен бастап 1 (бір) жұмыс күні ішінде ХЖҚЖАО-ның жауапты орындаушысы әңгімелесу жүргізеді.

Өтінішхат пана іздеген адам отбасының он сегіз жасқа толған әрбір мүшесінен қабылданады.

Отбасының он сегіз жасқа толмаған және пана іздеген адаммен бірге келген мүшелері туралы мәліметтер туу туралы құжаттардың негізінде ата-анасының біреуінің, ата-анасы болмаған кезде заңды өкілінің не отбасының он сегіз жасқа толған және отбасының он сегіз жасқа толмаған мүшелерін тәрбиелеуге және оларды асырауға өз еркімен міндеттеме алған бір мүшесінің өтінішхатына жазылады. Көрсетілген міндеттеме еркін нысанда жазбаша түрде жазылады және жеке істің материалдарына қоса тігіледі. Бір отбасы мүшелерінің өтінішхаттары бойынша материалдар бір жеке іске ресімделеді.

Өтінішхаты тіркелген адамның Қазақстан Республикасына жеке келген отбасы мүшелері оларда босқындар деп тану үшін негіздер болмаған жағдайда, отбасымен қосылу мақсатында өтінішхат берген кезде отбасылық қатынастарын растайтын құжаттамалық дәлелдемелерді, сондай-ақ Қазақстан Республикасындағы адамның өз отбасы мүшелерін қабылдауға келісетіні туралы еркін нысанда өтініш ұсынады.

Босқын мәртебесін беру туралы өтінішхатты тіркеу мен қарау қағидалары