Ауысымдық жұмыс - тәулік ішінде екі не үш немесе төрт жұмыс ауысымындағы жұмыс. (ҚР Еңбек кодексінің 1-бабының 6-тармағы)

Ауысымдық жұмыс өндірістік процестің ұзақтығы күнделікті жұмыстың рұқсат етілген ұзақтығынан асып кеткен жағдайларда белгіленуі мүмкін.

Ауысымдық жұмыс кезінде жұмыс ауысымының ұзақтығы, бір жұмыс ауысымынан екіншісіне ауысу ауысым кестесімен белгіленеді.

Жұмыс беруші ауысым кестелерін олар қолданысқа енгізілгенге дейін күнтізбелік он күннен кешіктірмей жұмыскерлердің назарына жеткізеді.

Жұмыскерді қатарынан екі жұмыс ауысымы ішінде жұмысқа тартуға тыйым салынады.

ҚР Еңбек кодексінің 68-бабына сәйкес жұмыс уақытының қалыпты ұзақтығы аптасына 40 сағаттан аспауы тиіс.

Ауысымдық жұмыс кестесі кезінде жұмыс уақытының жиынтық есебі жүзеге асырылады.

ҚР Еңбек кодексінің 75-бабында көрсетілгендей жұмыс уақытының жиынтық есебі үздіксіз жұмыс істейтін өндірістерде, цехтарда, учаскелерде және өндіріс (жұмыс) жағдайлары бойынша жұмыскерлердің осы санаты үшін белгіленген жұмыс уақытының күнделікті немесе апта сайынғы ұзақтығы сақталмайтын жұмыстардың кейбір түрлерінде қолданылады.

Оның шегінде жұмыскерлердің осы санаты үшін белгіленген күнделікті және (немесе) апта сайынғы жұмыс уақыты ұзақтығының нормасы орташа алғанда сақталуға тиіс кезең жұмыс уақытының жиынтық есебі кезіндегі есептік кезең деп танылады.

ҚР Еңбек кодексінің 75-бабының 4-тармағына сәйкес жұмыс уақытының жиынтық есебін белгілеу кезінде жұмыстың аяқталуы мен келесі жұмыс күнінің (жұмыс ауысымының) басталуы арасындағы жұмыскердің демалыс ұзақтығының сақталуы міндетті болып табылады.

Жұмыс уақытының жиынтық есебін қолдануға:

- он сегіз жасқа толмаған жұмыскерлер тартылған кезде;

- жүкті әйелдер үшін, егер жұмыс күнінің (жұмыс ауысымының) ұзақтығы сегіз сағаттан асатын болса;

- бірінші топтағы мүгедектігі бар жұмыскерлер үшін;

- егер оларға мұндай режим кәсіптік патологиялық сараптау комиссиясының қорытындысы негізінде тыйым салынса, екінші және үшінші топтағы мүгедектігі бар жұмыскерлер үшін жол берілмейді.

Сонымен қатар ҚР Еңбек кодексінің 83-бабына сәйкес жұмыскердің жұмыстың аяқталуы мен оның келесі күні басталуы (жұмыс ауысымы) арасындағы күнделікті (ауысымаралық) тынығуының ұзақтығы он екі сағаттан кем болмайды.

Ауысым кестесінде белгіленген күндер ауысым жұмыскерлері үшін демалыс күндері болып есептеледі.

Егер жұмыскер ауысым кестесінде белгіленген демалыс күні жұмыс істейтін болса, онда бұл күн ҚР Еңбек кодексінің 109-бабына сәйкес төленеді.

ҚР Еңбек кодексінің 76-бабына сәйкес 22.00-ден 6.00-ге дейінгі уақыт түнгі болып есептеледі, сондықтан осы уақыттағы жұмыс ҚР Еңбек кодексінің 110-бабына сәйкес төленуі тиіс.

Егер жұмыс кестесі бойынша жұмыскердің жұмыс уақыты мереке күніне түссе, онда осы жұмыс істелген сағаттар ҚР Еңбек кодексінің 109-бабына сәйкес төленуге тиіс.

ҚР Еңбек кодексінің 79абына сәйкес жұмыс беруші жұмыскердің нақты жұмыс істеген жұмыс уақытын есепке алуды жүзеге асыруы тиіс.

Есепке жұмыскердің жұмыс істеген және жұмыс істемеген уақытын қамтитын нақты жұмыс уақыты жатады.

Жұмыскер жұмыс істеген және жұмыс істемеген уақыт есепке алынуға тиіс. Бұл ретте үстеме жұмыстар уақыты, түнгі уақыттағы, демалыс, мереке күндеріндегі жұмыстар, іссапар күндері бөлек есепке алынады.

Жұмыс істелмеген уақыт құрамында ақылы және ақы төленбейтін уақыт, сондай-ақ жұмыскердің және (немесе) жұмыс берушінің кінәсінен жұмыс уақытының ысырабы есепке алынуға жатады.

Жұмыс уақытын есепке алу жұмыс беруші айқындаған құжаттарда жүргізіледі.

Яғни, жұмыскерлердің жұмыс уақытының теңгеріміне сәйкес жұмыс істеген сағаттары белгіленген сағаттық мөлшерлеме бойынша төленеді; жұмыскерлер мереке және демалыс күндері жұмыс істеген сағаттарға бір жарым есе мөлшерде ақы төленеді; үстеме және түнгі ауысымда жұмыс істеген сағаттарға 1,5 сағаттық мөлшерлеме бойынша ақы төленеді.

Үстеме жұмыс уақытын есептеуді қалыпты жұмыс аптасының ұзақтығы 40 сағатты құрайтынын негізге ала отырып жүргізуге болады. Бір аптада белгіленген шектен артық жұмыс істелген уақыт мерзімнен тыс деп танылады және ҚР Еңбек кодексінің 108-бабына сәйкес төленуге жатады.

Ауысым жұмыскеріне сағаттық тарифтік мөлшерлемені белгілеу неғұрлым дұрыс.

Егер ауысым жұмыскерiнiң жалақысы белгiленсе, онда бiр айдағы жалақыны есептеу үшiн жалақының сомасын жұмыс уақытының орташа айлық балансына бөлу қажет.

Және сіз сағаттық тарифтік мөлшерлеме аласыз.

Бұдан әрі жұмыспен өтелген түнгі сағаттар, мереке күндеріндегі сағаттар, үстеме сағаттар сағаттық тарифтік мөлшерлемеден бір жарым есе төмен емес мөлшерде төленеді.