Сауықтыруға арналған жәрдемақы - бұл мемлекеттiк бюджет қаражаты есебiнен төленетiн мемлекеттiк атаулы әлеуметтiк көмек.

Емдеу жәрдемақысы бюджет арқылы қаржыландырылатын ұйымдарға жатады.

Мемлекеттік бюджет есебінен ұсталатын азаматтық қызметшілерге лауазымдық айлықақы мөлшерінде сауықтыруға арналған жәрдемақы төлене отырып, ұзақтығы күнтізбелік отыз күннен кем болмайтын жыл сайынғы ақы төленетін негізгі еңбек демалысы беріледі. (ҚР Еңбек кодексінің 139-бабының 10-тармағы).

ҚР ЕК 1-бабының 1-тармағының 2-тармақшасына сәйкес азаматтық қызметші - Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қазыналық кәсіпорындарда, мемлекеттік мекемелерде ақы төленетін штаттық лауазымды атқаратын және олардың міндеттері мен функцияларын іске асыру, мемлекеттік органдарға техникалық қызмет көрсетуді жүзеге асыру мен олардың жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында лауазымдық өкілеттіктерді жүзеге асыратын адам;

Азаматтық қызметшілерге сауықтыруға арналған жәрдемақы жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы берілген кезде күнтізбелік жылда бір рет төленеді.

Демек, еңбек демалысын бөлiп берген кезде азаматтық қызметшiлерге сауықтыруға арналған жәрдемақы еңбек демалысының бiрiншi бөлiгiнде және күнтiзбелiк жылда бiр рет қана төленедi.

Сонымен қатар, ҚР ЕК 96-бабына сәйкес - еңбек шарты тоқтатылған кезде жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысын (жыл сайынғы еңбек демалыстарын) пайдаланбаған немесе толық пайдаланбаған жұмыскерге жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысының (жыл сайынғы еңбек демалыстарының) пайдаланылмаған күндері үшін өтемақы төлемі жүргізіледі.

Осылайша, сауықтыруға арналған жәрдемақы азаматтық қызметшілерге еңбек демалысы берілген кезде ғана төленеді, ал жұмыстан босатылған кезде бұл жәрдемақы төленбейді.

Сауықтыруға арналған жәрдемақыға салық салу

Салық кодексінің 341-бабы 1-тармағының 41-тармақшасына сәйкес жеке тұлғаның салық салуға жататын табыстарынан Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мөлшерде бюджет қаражаты есебінен төленетін мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек, жәрдемақылар мен өтемақылар алып тасталады.

2021 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік және азаматтық қызметшілерге сауықтыруға төленетін жәрдемақылардан 10% міндетті зейнетақы жарналары ұсталмайды (негіздеме: Міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын есептеу, ұстап қалу (есепке жазу) және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аудару және олар бойынша өндіріп алу қағидалары мен мерзімдерінің  7-тармағының 3-тармақшасыы).

- ЖТС жәрдемақыдан есептелмейді және ұсталмайды (СК 353-бабының 1-тармағы);

- жәрдемақыдан алынатын әлеуметтік салық есептелмейді (СК 484-бабы 3-тармағының 3) тармақшасы);

- 3,5% әлеуметтік аударымдар есептелмейді («Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» ҚР Заңының 15-бабы 6-тармағының 2-тармақшасы);

- 2% МӘМСА және 2% МӘМСЖ есептелмейді («Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» ҚР Заңының 29-бабы 4-тармағының 2-тармақшасы).

Осылайша, егер сауықтыруға арналған жәрдемақы мемлекеттiк бюджет есебiнен төленетiн болса, онда мұндай жәрдемақыдан салықтар мен аударымдар ұсталмайды.

Егер жәрдемақы бюджеттен тыс қаражаттан (арнайы шоттардан) төленсе, онда мұндай жәрдемақыға барлық салықтар мен аударымдар салынады.