Криптовалюта – бұл физикалық келбеті жоқ және электрондық түрде ғана бар цифрлық ақша.

Криптовалютаның артықшылығы: жасырындылық, орталықсыздандыру, қорғалу болып табылады.

Қазақстанда криптовалюта мүлікке жатқызылған және ҚР Цифрлық активтер туралы заңына сәйкес «цифрлық актив» терминімен айқындалған.

Цифрлық активбұл цифрлық код беріліп, оның ішінде криптография және компьютерлік есептеу құралдары қолданыла отырып электрондық-цифрлық нысанда құрылған, есеп айырысу ақша бірлігі және (немесе) заңды төлем құралы болып табылмайтын, деректердің таратылған платформасы технологиясының негізінде тіркелген және ақпараттың өзгермейтіндігімен қамтамасыз етілген мүлік. (ҚР Цифрлық активтер туралы заңның 1-бабының 4-тармағы)

Цифрлық активтер туралы заң 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 8-баптың 4-тармағын қоспағанда, 2023 жылғы 1 сәуірден бастап қолданысқа енгізілген, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап 2025 жылғы 1 қаңтарға дейін осы тармақ мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленді:

«4. Қазақстан Республикасының аумағында цифрлық майнингтің нәтижесінде алынған цифрлық активтерді өткізген жағдайда, мұндай цифрлық активтер салық салу мақсаттары үшін цифрлық майнерлер мен цифрлық майнингтік пулдардың кірістері туралы мәліметтерді ұсыну қағидаларына сәйкес кемінде жетпіс бес пайыз мөлшерінде "Астана" халықаралық қаржы орталығының лицензиясы бар цифрлық активтер биржалары арқылы міндетті түрде сатылуға жатады

Цифрлық активтер туралы Заңға сәйкес цифрлық активтер саласындағы мемлекеттік реттеудің мақсаты Қазақстан Республикасының экономикалық дамуы және бәсекеге қабілеттілігі үшін Қазақстан Республикасында цифрлық активтерді шығару және олардың айналымы, цифрлық майнинг жөніндегі қызметті дамыту болып табылады.

Заңда мынадай анықтамалар берілген: қамтамасыз етілген цифрлық актив және қамтамасыз етілмеген цифрлық актив.

   қамтамасыз етілген цифрлық актив – қамтамасыз етілген цифрлық активке қойылатын талаптарға сәйкес келетін, қамтамасыз етілген цифрлық активтерді сақтау және айырбастау жөніндегі цифрлық платформа арқылы тіркелген цифрлық актив;

   қамтамасыз етілмеген цифрлық актив – ақпараттық жүйеде блокчейнде консенсусты қолдауға қатысқаны үшін сыйақы түрінде алынған және сандық активтер биржасында цифрлық нысанда сатуға болатын біреудің ақшалай міндеттемелерін білдірмейтін цифрлық актив;

Цифрлық активтер туралы Заңның 5-бабында қамтамасыз етілген цифрлық активтерге қойылатын талаптар жазылған.

Қамтамасыз етілген цифрлық актив мынадай талаптарға сәйкес келуге тиіс:

1) ақша мен бағалы қағаздарды қоспағанда, материалдық, зияткерлік көрсетілетін қызметтер мен активтерге құқықты куәландырады;

2) қамтамасыз етілген цифрлық активті шығару туралы шешімі болады;

3) есеп айырысатын ақша бірлігі, заңды төлем құралы болып табылмайды;

4) қаржы құралы немесе қаржы активі деп танылмайды;

5) қамтамасыз етілген цифрлық активті шығарған тұлға туралы деректерді қамтиды;

6) автивті қамтамасыз етілген цифрлық актив етіп құрғанға дейін оған мүліктік және (немесе) зияткерлік құқықтардың растамасы болады;

7) блокчейн желісінде активтің және (немесе) мүлікке құқықтың ауысуы туралы жазбасы болады.

Заңның 5-бабының 1-тармағында көрсетілген талаптарға сәйкес келмейтін цифрлық актив қамтамасыз етілген цифрлық активтерге жатпайды.

Қамтамасыз етілген цифрлық активтерді сақтау және айырбастау жөніндегі цифрлық платформаны пайдалануды жүзеге асыратын және қамтамасыз етілген цифрлық активтерді шығаруға және олардың айналысына рұқсаты бар Қазақстан Республикасының дара кәсіпкері, заңды тұлғасы қамтамасыз етілген цифрлық активтерді шығаруды және олардың айналысын жүзеге асыратын тұлға болып табылады.

Қамтамасыз етілген цифрлық активтерді шығару және олардың айналысы жөніндегі қызметті жүзеге асыруға рұқсатты «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес цифрлық активтер саласындағы уәкілетті орган береді.

Цифрлық активтер туралы Заңның 11-бабында көрсетілгендей, "Астана" халықаралық қаржы орталығының аумағын қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағында қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді шығаруға және олардың айналымына, сондай-ақ қамтамасыз етілмеген цифрлық активтер бойынша цифрлық активтер биржаларының қызметіне тыйым салынады.

Цифрлық активтер биржасы - цифрлық активтердің сауда-саттығын, шығарылымын, айналымын және сақталуын ұйымдастырушылық және техникалық қамтамасыз етуді жүзеге асыратын цифрлық платформа.