Еңбек қауiпсiздiгi – еңбек қызметi процесiнде жұмыскерлерге зиянды және (немесе) қауiптi өндiрiстiк факторлардың әсерiн болдырмайтын iс-шаралар кешенiмен қамтамасыз етiлген жұмыскерлердiң қорғалу жай-күйi.

Кәсіпорындағы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау шарттары ҚР Еңбек кодексімен регламенттелген.

 

Еңбек қауіпсіздігі

Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі ішкі бақылауды жүзеге асыру

Еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау қызметiнiң құқықтары

Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау қызметінің міндеттері

Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша оқытуды, нұсқама беруді және білімін тексеруді жүргізу қағидалары мен мерзімдері

2023 жылғы 16 сәуірден бастап еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі өзгерістер

 

Еңбек қауіпсіздігі

Еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі қағидаттары: технологиялық процестерді жетілдіру, жабдықтарды жаңғырту, қауіп көздерін жою немесе шектеу, олардың таралу аймағын шектеу; жеке және ұжымдық қорғану құралдары.

Еңбекті қорғау - құқықтық, әлеуметтік-экономикалық, ұйымдастыру-техникалық, санитариялық-эпидемиологиялық, емдеу-профилактикалық, оңалту және өзге де іс-шаралар мен құралдарды қамтитын еңбек қызметі процесінде жұмыскерлердің өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесі;

Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі ішкі бақылауды жүзеге асыру

Қазақстан Республикасының ҚР Еңбек кодексінің 201-бабына сәйкес - еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша ішкі бақылауды жұмыс беруші жұмыс орындарында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша белгіленген талаптарды сақтау және анықталған бұзушылықтарды жою бойынша шұғыл шаралар қабылдау мақсатында жүзеге асырады.

Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі ішкі бақылауды жүзеге асыру тетігі

1. Жұмыскерлерінің саны елуден асатын, өндірістік қызметті жүзеге асыратын ұйымдарда еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау талаптарының сақталуына ішкі бақылауды жүзеге асыру мақсатында жұмыс беруші ұйымның тікелей бірінші басшысына немесе ол уәкілеттік берген адамға бағынатын еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау қызметін құрады.

2. Ұйымдағы еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау қызметі туралы үлгілік ережені еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган әзірлейді.

3. Жұмыскерлерінің саны елу адамға дейінгі жұмыс беруші қызмет ерекшелігін ескере отырып, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі маман лауазымын енгізеді не еңбек қауіпсіздігін және еңбекті қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді басқа маманға жүктейді.

Еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау қызметiнiң құқықтары

Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау қызметі немесе маман:

1) өндірістік, тұрмыстық және басқа да үй-жайларға кедергісіз кіруге және қарап-тексеруге;

2) қауіпсіз және саламатты еңбек жағдайларын жасау, ұйымның құрылымдық бөлімшелерінде өндірістік жарақаттану мен кәсіптік аурулардың алдын алу жөніндегі профилактикалық іс-шаралардың әзірленуін және орындалуын бақылауды жүзеге асыруға;

3) ұйымның құрылымдық бөлімшелерінің жұмыскерлеріне анықталған еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарын бұзушылықтарды жою жөнінде шаралар қолдану туралы орындалуы міндетті нұсқаулар беруге құқылы.

Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау қызметінің міндеттері

Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау қызметі немесе маман:

1) ай сайын ұйымдарда өндірістік жарақаттану мен кәсіптік аурулардың жай-күйі мен себептеріне талдау жүргізуге және олардың алдын алу іс-шараларын әзірлеуге және оларды тұрақты сақтау үшін ұйымның электрондық дерекқорына енгізуге;

2) жұмыскерлерді, басшылар мен еңбек қауіпсіздігін және еңбекті қорғауды қамтамасыз етуге жауапты адамдарды еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша оқытуды, нұсқау беруді және білімін тексеруді ұйымдастыруға;

3) еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеру тәртібінің сақталуын қамтамасыз етуге міндетті.

Шағын кәсіпкерлік субъектілерінде еңбек қауіпсіздігін және еңбекті қорғауды ұйымдастыру жеке немесе заң тұлғалармен шарттық негізде жүзеге асырылуы мүмкін.

Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша оқытуды, нұсқама беруді және білімін тексеруді жүргізу қағидалары мен мерзімдері

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2021 жылғы 29 сәуірдегі № 147 бұйрығымен «Жұмыскерлерді, басшылар мен еңбек қауіпсіздігін және еңбекті қорғауды қамтамасыз етуге жауапты адамдарды еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша оқытудан, нұсқау беруден және білімін тексеруден өткізу қағидалары мен мерзімдерін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 25 желтоқсандағы № 1019 бұйрығына өзгерістер енгізілді.

Өзгерістерге сәйкес:

  • Жұмыскерлерді еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша оқыту және олардың білімін тексеру жылына кемінде бір рет жүзеге асырылады.
  • Еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды қамтамасыз етуге жауапты басшылар мен адамдар (бұдан әрі – жауапты жұмыскерлер) оқу орталықтарында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша оқудан және білімін тексеруден кезең-кезеңмен, үш жылда кемінде бір рет өтеді.";
  • Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша оқыту және білімін тексеру күндізгі нысанда немесе «on-line» режимінде желілік технология бойынша қашықтықтан жүргізіледі.

Оқу орталықтарының мыналарды қамтитын материалдық-техникалық базасы бар:

1) аудио-, бейнетехникамен жабдықталған оқу сыныбы (жеке немесе жалға алынған);

2) тестілеуге арналған компьютерлер;

3) оқытудың әртүрлі тақырыптары бойынша көрнекі құралдар;

4) оқу-әдістемелік материалдар (мерзімді басылымдар).

 Қашықтан оқыту кезінде оқу процесін ұйымдастыру үшін оқу орталығында мыналар болуы қажет:

1) білім алушылар мен оқу контенті үшін оқу-әдістемелік және ұйымдастырушылық-әкімшілік ақпаратты қамтитын беттері бар білім беру порталы;

2) интернет желісі арқылы "on-line" режимінде (бейнеконференция) оқыту мүмкіндігі бар мультимедиялық сыныптар.";

  • Емтихан комиссиясы комиссия төрағасы мен мүшелерінен тұрады. Емтихан комиссиясының құрамына оқу орталығының басшысы, мемлекеттік қадағалау және бақылау органдарының мамандары (келісім бойынша), жұмыскерлердің өкілі, сондай-ақ осы Қағидалардың 24-тармағында санамаланған мамандар қатарындағы адамдар кіреді.";
  • Жауапты жұмыскерлердің білімін тексеру үшін емтихан комиссиясы тестілеу өткізеді.

Тестілеу процесі емтихан тапсыратын адамдарды сәйкестендіру және процестің өзін бақылау мақсатында бейне және аудио жазбамен тіркеледі. Жазба алты ай бойы сақталады.";

Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша білімін тексеруден өтпеген жауапты жұмыскерлер Кодекстің 48-бабы 2-тармағының 2) тармақшасына сәйкес оны қайта өткенге дейін жұмыстан шеттетіледі.

2023 жылғы 16 сәуірден бастап еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі өзгерістер

 Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі 2023 жылғы 30 наурыздағы № 98 бұйрықпен кейбір құжаттарға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

2023 жылғы 16 сәуірден бастап:

  • штатында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласында біліктілігі және жұмыс тәжірибесі бар оқытушылар бар оқу орталықтары еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы нұсқаулықтарды әзірлей алады;
  • өз жұмыскерлерін оқытуды жүргізу үшін кәсіпорынға (ұйымға) немесе оқу орталығына таңдау берілген;
  • уақытша жұмыскерлер, іссапарға жіберілгендер, өндірістік оқуға немесе практикаға келген оқушылар мен студенттердің келушілері еңбек қауіпсіздігі жөніндегі нұсқамадан шығарылды.
  • «Жұмыс берушінің еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі нұсқаулықты әзірлеу, бекіту және қайта қарау қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 30 қарашадағы № 927 бұйрығында 3-тармақтың екінші абзацы мынадай редакцияда жазылған:

«Нұсқаулықты әзірлеуді жұмыс берушінің (ұйымның) өтінімі бойынша шарттық негізде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы ғылыми мекемелер мен оқу орталықтарының мамандары да жүзеге асырады.».

  • Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 25 желтоқсандағы № 1019 «Жұмыскерлерді, басшылар мен еңбек қауіпсіздігін және еңбекті қорғауды қамтамасыз етуге жауапты адамдарды еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша оқытудан, нұсқау беруден және білімін тексеруден өткізу қағидалары мен мерзімдерін бекіту туралы» бұйрығында кейбір талаптар алып тасталды және қолданыстағыларына өзгерістер енгізілді.