«Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» Кодекстің 33-тарауына сәйкес - кері импорт кедендік рәсімі шетелдік тауарларға қатысты қолданылатын кедендік рәсім болып табылады, оған сәйкес Еуразиялық экономикалық одақтың аумағынан бұрын әкетілген осындай тауарлар тауарларды осы кедендік рәсіммен орналастыру шарттары сақталған кезде кедендік әкелу баждары, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары төленбей, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінеді.

Кері импорттың кедендік рәсімі Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан бұрын әкетілген, оларға қатысты:

  • экспорт кедендік рәсімі;
  • осы кедендік рәсімнің қолданысын аяқтау үшін кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімі;
  • осы кедендік рәсімнің қолданысын аяқтау үшін уақытша әкету кедендік рәсімі қолданылған тауарларға қатысты қолданылады.

Бұрын Еуразиялық экономикалық одақтың аумағынан әкетілген, оларға қатысты уақытша әкету кедендік рәсімі немесе кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімі қолданылған тауарларды қоспағанда, кері импорт кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлар Еуразиялық экономикалық одақтың тауарлары мәртебесіне ие болады.

Мыналарға:

  • еркін қойма кедендік рәсімінің қолданысын аяқтау үшін Еуразиялық экономикалық одақтың тауарларына;
  • оларды өтеусіз (кепілді) жөндеу үшін Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетілген, кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларды қайта өңдеу өнімдеріне қатысты кері импорт кедендік рәсімін қолдануға жол беріледі.

Кедендік реттеу туралы кодекстің 317-бабына сәйкес - Тауарларды кері импорттың кедендік рәсімімен орналастыру шарттары:

  • Кедендік реттеу туралы кодекстің 8-бабына сәйкес тыйымдар мен шектеулерді сақтау;
  • тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетудің мән-жайлары, егер Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағының шегінен тыс жерде тауарларға жөндеу операциялары жасалса және олар кедендік және (немесе) өзге де құжаттарды немесе осындай құжаттар туралы мәліметтерді ұсынумен расталса, осындай операциялар туралы мәліметтерді кеден органына ұсыну;
  • тауарлардың жекелеген санаттарына қатысты Кедендік реттеу туралы кодекстің 317-бабының 2, 4, 5 және 6-тармақтарында белгіленген өзге де шарттар болып табылады.

2. Бұрын Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетілген, оларға қатысты экспорт кедендік рәсімі қолданылған тауарларды кері импорт кедендік рәсімімен орналастыру шарттары:

  • тауарлар Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан іс жүзінде әкетілген күннен кейінгі күннен бастап үш жыл өткенге дейін немесе Кодекстің 317-бабының 3-тармағына сәйкес Комиссия айқындаған өзге мерзім өткенге дейін оларды кері импорт кедендік рәсімімен орналастыру;
  • табиғи тозу салдарынан болған өзгерістерді, сондай-ақ тасымалдаудың (тасудың) және (немесе) сақтаудың қалыпты жағдайларындағы табиғи кему салдарынан болған өзгерістерді қоспағанда, тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетілген күйінен өзгеріссіз күйде сақтау;
  • тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетуге байланысты мұндай салықтардың сомалары төленбесе не олар Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген тәртіппен және шарттармен тауарларды экспорт кедендік рәсімімен орналастыруға байланысты қайтарылса, салықтардың өтелуін растау болып табылады.

3. Комиссия тауарлардың жекелеген санаттарына қатысты Кодекстің 317-бабы 2-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген мерзімнен асатын мерзімді айқындауға құқылы.
4. Бұрын Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетілген, оларға қатысты уақытша әкету кедендік рәсімі қолданылған тауарларды кері импорт кедендік рәсімімен орналастыру шарттары:

  • уақытша әкету кедендік рәсімінің қолданылу мерзімі ішінде тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелу;
  • табиғи тозу салдарынан болған өзгерістерді, сондай-ақ тасымалдаудың (тасудың) және (немесе) сақтаудың қалыпты жағдайларындағы табиғи кему салдарынан болған өзгерістерді, сондай-ақ оларды уақытша әкету кедендік рәсіміне сәйкес пайдалану кезінде осындай тауарларға қатысты жол берілетін өзгерістерді қоспағанда, тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетілген күйінен өзгеріссіз күйде сақтау болып табылады.

5. Бұрын Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетілген, оларға қатысты кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімі қолданылған тауарларды кері импорт кедендік рәсімімен орналастыру шарттары:

  • кеден органы белгілеген кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімінің қолданылу мерзімі ішінде тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелу;

2) табиғи тозу салдарынан болған өзгерістерді, сондай-ақ тасымалдаудың (тасудың) және (немесе) сақтаудың қалыпты жағдайларындағы табиғи кему салдарынан болған өзгерістерді қоспағанда, тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетілген күйінен өзгеріссіз күйде сақтау болып табылады.
6. Кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімі оларға қатысты қолданылған тауарларды қайта өңдеу өнімдерін кері импорт кедендік рәсімімен орналастыру шарттары:

  • кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларды оларды өтеусіз (кепілді) жөндеу үшін Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкету;
  • кеден органы белгілеген кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімінің қолданылу мерзімі ішінде қайта өңдеу өнімдерін кері импорт кедендік рәсімімен орналастыру болып табылады.

7. Кодекстің 317-бабының 2, 4, 5 және 6-тармақтарында көрсетілген кедендік рәсімдердің біреуіне сәйкес тауарлар Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетілген, солардың біреуімен орналастырылған тауарлардың декларанты болып табылатын тұлға кері импорт кедендік рәсімімен орналастырылатын тауарлардың декларанты болып әрекет ете алады.

Кедендік реттеу туралы кодекстің 318-бабының негізінде - Кедендік реттеу туралы кодекстің 317-бабының 2-тармағында көрсетілген, кері импорт кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларға қатысты кедендік әкету баждарының төленген сомасын осындай тауарлар экспорт кедендік рәсімімен орналастырылған күннен кейінгі күннен бастап алты айдан кешіктірілмей көрсетілген тауарлар кері импорт кедендік рәсімімен орналастырылған жағдайда есепке жатқызу (қайтару) жүзеге асырылады.

Егер тауарларды экспорт кедендік рәсімімен орналастыру кезінде тауарларды кедендік декларациялау осы Кодекстің 186, 187, 189 және 190-баптарында айқындалған ерекшеліктермен жүзеге асырылған жағдайда осындай тауарлар экспорт кедендік рәсімімен орналастырылған күннен кейінгі күннен бастап тоғыз айдан кешіктірілмей көрсетілген тауарлар кері импорт кедендік рәсімімен орналастырылған жағдайда кері импорт кедендік рәсімімен орналастырылған осындай тауарларға қатысты кедендік әкету баждарының төленген сомаларын есепке жатқызу (қайтару) жүзеге асырылады.