Жұмыс ауысымы – жұмыс кестесіне (күн тәртібіне) сәйкес тәулік ішінде жұмыс уақытының ұзақтығы (сағатпен және минутпен). Жұмыс ауысымы деп тәуліктің белгілі бір бөлігіндегі (күндізгі, кешкі, түнгі ауысымдар) жұмыс аталады.

Осылайша, жұмыс ауысымы – жұмыскер жұмыс берушінің актілеріне және еңбек шартының талаптарына сәйкес еңбек міндеттерін орындайтын жұмыс уақыты, сондай-ақ Еңбек кодексіне, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне, ұжымдық шартқа, жұмыс берушінің актісіне сәйкес жұмыс уақытына жатқызылған өзге де уақыт кезеңдері.

Жұмыс уақытының қалыпты ұзақтығы

Жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығы

Толық емес жұмыс уақыты

Жұмыс уақыты режимі

Ауысымдық жұмыс

Жылжымалы жұмыс кестесі

Икемді жұмыс уақыты режимі

Жұмыс уақытының жиынтық есебі

Түнгі уақыттағы жұмыс

Үстеме жұмыс кезіндегі жұмыс уақыты

Жұмыс уақыты және демалыс уақыты

Жауапкершілік

Жұмыс уақытының қалыпты ұзақтығы

ҚР ЕК 67-бабының 2-тармағына сәйкес жұмыс уақыты қалыпты ұзақтықта (аптасына 40 сағаттан аспауы тиіс); ұзақтығы қысқартылған және толық емес болуы мүмкін.

·       01.07.2023 жылдан бастап толықтыру:

Толық емес жұмыс күні (ауысымда) және (немесе) толық емес жұмыс аптасында жұмыс істейтін жұмыскерлер үшін не бірлесіп жұмысқа орналастыруды қолданған кезде тиісті күнтізбелік жылға арналған жұмыс уақытының теңгерімі бойынша жұмыс сағаттарының қалыпты саны тиісінше азаяды.

ҚР ЕК 68-бабының негізінде жұмыс уақытының қалыпты ұзақтығы:

·       аптасына 40 сағаттан аспауы тиіс;

·       еңбек шартында жұмыс уақытының қалыпты ұзақтығы үшін төленетіндей төлемақымен ұзақтығы азырақ жұмыс уақыты көзделуі мүмкін;

·       Негізгі жұмыс орны бойынша және қоса атқаратын жұмысы бойынша күнделікті жұмыстың жиынтық ұзақтығы жиынтық ұзақтығы күнделікті жұмыс ұзақтығының нормасынан 4 сағаттан артық аспауға тиіс.

01.07.2023 жылдан бастап толықтыру:

·       Медициналық қорытындыға сәйкес отбасының науқас мүшесіне күтімді жүзеге асыратын жұмыскерлерге, үш жасқа дейінгі баласы (балалары) бар ата-ананың біреуіне (бала асырап алушыға), он төрт жасқа дейінгі баланы (он сегіз жасқа дейінгі мүгедектігі бар баланы) тәрбиелеп отырған жалғызілікті аналарға, көрсетілген санаттағы балаларды анасыз тәрбиелеп отырған өзге де адамдарға, оқудан бос уақытта денсаулығына зиян келтірмейтін және оқу процесін бұзбайтын жұмысты орындау үшін білім алушыларға, Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінде белгіленген зейнеткерлік жасқа жетуге кемінде екі жыл қалған не көрсетілген зейнеткерлік жасқа жеткен жұмыскерлерге тараптардың келісуі бойынша бірлесіп жұмысқа орналастыруды қолдануға жол беріледі.

Толық емес жұмыс уақыты жағдайларында жұмыс істейтін жұмыскер үшін жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысының ұзақтығына, еңбек өтілін есептеуге және осы Кодексте, еңбек, ұжымдық шарттарда, келісімдерде белгіленген еңбек саласындағы басқа да құқықтарға шек қоюға алып келмейді.

Жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығы

Жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығы:

он сегіз жасқа толмаған жұмыскерлер үшін белгіленеді:


·       он төрт жастан он алты жасқа дейінгі жұмыскерлер үшін - аптасына 24 сағаттан аспайтын;

·       он алты жастан он сегіз жасқа дейінгі жұмыскерлер үшін - аптасына 36 сағаттан аспайтын;

ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды (ерекше зиянды) және (немесе) қауіпті жұмыстарда істейтін жұмыскерлерге - аптасына 36 сағаттан аспайтын;
бірінші және екінші топтағы мүгедек жұмыскерлерге аптасына 36 сағаттан аспайтын жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығы белгіленеді.

Толық емес жұмыс уақыты

ҚР ЕК 70-бабында көрсетілгендей - толық емес жұмыс уақыты:

1. толық емес жұмыс күні;
2. толық емес жұмыс аптасы;
3. күнделікті жұмыс (жұмыс ауысымы) ұзақтығының нормасын бір мезгілде азайту және жұмыс аптасындағы жұмыс күндерінің санын қысқарту болып табылады.

Толық емес жұмыс уақыты жағдайларында жұмыс істеу жұмыскер үшін осы Кодексте, еңбек, ұжымдық шарттарда, келісімдерде белгіленген жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысының ұзақтығын, еңбек өтілін есептеуде және еңбек саласындағы басқа да құқықтарын шектеуге әкеп соқтырмайды.

Жұмыс беруші жүкті әйелдің, үш жасқа дейінгі баласы (балалары) бар ата-ананың біреуінің (бала асырап алушының), сондай-ақ медициналық қорытындыға сәйкес отбасының науқас мүшесіне күтімді жүзеге асыратын жұмыскердің жазбаша өтініші бойынша оларға толық емес жұмыс уақыты режимін белгілеуге міндетті.

Жұмыс уақыты режимі

ҚР ЕК 71-бабына сәйкес:

1. Жұмыскерлер үшін екі демалыс күні бар бес күндік жұмыс аптасы белгіленеді. Бес күндік жұмыс аптасы кезінде күнделікті жұмыстың (ауысымның) ұзақтығы жұмыстың ерекшелігі ескеріле және жұмыс аптасының белгіленген ұзақтығы сақтала отырып, жұмыс берушінің актісінде айқындалады.

2. Өндірістердің сипаты мен жұмыс жағдайлары бойынша бес күндік жұмыс аптасын енгізу орынсыз болатын ұйымдарда бір демалыс күні бар алты күндік жұмыс аптасы белгіленеді.

3. Жұмыс беруші еңбек және ұжымдық шарттардың талаптарына немесе жұмыс берушінің актісіне сәйкес бес күндік немесе алты күндік жұмыс аптасын белгілейді.

·       01.07.2023 жылдан бастап толықтыру: Тараптардың келісімі бойынша еңбек шартында бес күндік немесе алты күндік жұмыс аптасымен кезектесу құқығымен төрт күндік жұмыс аптасын белгілеуге жол беріледі.

4. Осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, күнделікті жұмыстың ұзақтығы 8 сағаттан аспайды.

5. Күнделікті жұмыстың (жұмыс ауысымының) ұзақтығы, күнделікті жұмыстың (жұмыс ауысымының) басталу және аяқталу уақыты, жұмыстағы үзілістер уақыты еңбек тәртіптемесі қағидаларында, еңбек және ұжымдық шарттарда белгіленген талаптар сақтала отырып айқындалады.

Ауысымдық жұмыс

1. Өндірістік процестің ұзақтығы күнделікті жұмыстың жол берілетін ұзақтығынан асатын жағдайларда ауысымдық жұмыс белгіленуі мүмкін.

2. Ауысымдық жұмыс кезінде жұмыс ауысымының ұзақтығы, бір жұмыс ауысымынан екіншісіне өту ауысым кестелерімен белгіленеді.

3. Жұмыс беруші ауысым кестелерін осы кестелер қолданысқа енгізілгенге дейін кемінде күнтізбелік он күн бұрын жұмыскерлердің назарына жеткізеді.

·       01.07.2023 жылдан бастап толықтыру: Ауысымдық кестемен танысу мерзімі жұмыскерді жұмысқа қабылдаған немесе ауысымдық жұмыс кезінде жұмыскерді басқа жұмысқа ауыстырған жағдайда қысқартылуы мүмкін.

4. Осы Кодекстің 86-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, жұмыскерді қатарынан екі жұмыс ауысымы бойы жұмысқа тартуға тыйым салынады

Жылжымалы жұмыс кестесі

01.07.2023 жылдан бастап (ҚР ЕК 73-1-бабы)

1. Жұмыстың ерекшелігін ескере отырып, жұмыс беруші еңбек тәртіптемесінің қағидаларында жұмыскерлерге жұмыс уақытының жиынтық есебін қолдана отырып, жұмыс кестесінің күн сайынғы ұзақтығының 11 сағаттан аспайтын шектеулерін сақтай отырып, жұмыс кестесінің ұзақтығы әртүрлі аптаның әртүрлі күндеріндегі жұмыстың жылжымалы кестесін белгілеуге құқылы.

2. Оның шегінде жұмыскерлердің осы санаты үшін белгіленген, бірақ тоқсаннан аспайтын жұмыс уақытының орташа ұзақтығының күнделікті және (немесе) апта сайынғы нормасы сақталуға тиіс кезең жылжымалы жұмыс кестесі кезіндегі есептік кезең деп танылады.

3. Жылжымалы жұмыс кестесі бар режимде жұмыс істеген кезде жұмыс күнінің (ауысымның) басталуы, аяқталуы немесе жалпы ұзақтығы еңбек тәртіптемесінің қағидаларында, еңбек шартында не ауысымдық кестесінде айқындалады.

Икемді жұмыс уақыты режимі:

Жұмыскерлер үшін икемді жұмыс уақыты режимі белгіленуі мүмкін. Икемді жұмыс уақыты режимінде:

·       белгіленген жұмыс уақыты;

·       жұмыскер сол уақыт ішінде еңбек міндеттерін өз қалауы бойынша атқаруға құқылы икемді (ауыспалы) жұмыс уақыты;

·       есептік кезең белгіленеді.

Оның шегінде жұмыскерлердің осы санаты үшін орташа белгіленген жұмыс уақытының ұзақтығы сақталуға тиіс кезең икемді жұмыс уақыты кезіндегі есептік кезең деп танылады. Икемді жұмыс уақыты кезіндегі есептік кезең алты айдан аспайды.

Жұмыс уақытының жиынтық есебі

Жұмыс уақытының жиынтық есебі үздіксіз жұмыс істейтін өндірістерде, цехтарда, учаскелерде және өндіріс (жұмыс) жағдайлары бойынша жұмыскерлердің осы санаты үшін белгіленген жұмыс уақытының күнделікті немесе апта сайынғы ұзақтығы сақталмайтын жұмыстардың кейбір түрлерінде қолданылады.

Оның шегінде жұмыскерлердің осы санаты үшін белгіленген күнделікті және (немесе) апта сайынғы жұмыс уақыты ұзақтығының нормасы орташа алғанда сақталуға тиіс кезең жұмыс уақытының жиынтық есебі кезіндегі есептік кезең деп танылады.

·       01.07.2023 жылдан бастап толықтыру: Толық емес жұмыс күні (ауысым) және (немесе) толық емес жұмыс аптасында жұмыс істейтін жұмыскерлер үшін не бірлесіп жұмысқа орналастыруды қолданған кезде есептік кезеңдегі жұмыс сағаттарының қалыпты саны тиісінше азаяды.

Кез келген, бірақ бір жылдан аспайтын күнтізбелік кезең немесе белгілі бір жұмысты орындау кезеңі жұмыс уақытының жиынтық есебі кезіндегі есептік кезең болуы мүмкін.

Жұмыс уақытының жиынтық есебі қолданылатын жұмысқа он сегіз жасқа толмаған жұмыскерлерді тартуға жол берілмейді. Егер жұмыс күнінің (жұмыс ауысымының) ұзақтығы сегіз сағаттан асатын болса, жүкті әйелдерге жұмыс уақытының жиынтық есебін қолдануға жол берілмейді.

Бірінші топтағы мүгедектігі бар жұмыскерлер үшін жұмыс уақытының жиынтық есебін қолдануға жол берілмейді.

·       01.07.2023 жылдан бастап толықтыру: Еңбек шарты есептік кезең аяқталғанға дейін тоқтатылған кезде жұмыскердің есептік кезең басталғаннан бастап еңбек шарты тоқтатылған күнге дейін жұмыс істеген уақыты үшін сондай талаптармен үстеме сағаттарға ақы алуға құқығы бар.

Түнгі уақыттағы жұмыс

Сағат 22-ден 6-ға дейінгі уақыт түнгі жұмыс уақыты болып есептеледі.

Түнгі уақыттағы жұмысқа:

·       он сегіз жасқа толмаған жұмыскерлер;

·       жұмыс берушіге жүктілігі туралы анықтаманы ұсынған жүкті әйелдер жіберілмейді. 

Үстеме жұмыс кезіндегі жұмыс уақыты

Еңбек Кодексінде көзделген жағдайларды қоспағанда, үстеме жұмыстарға тартуға жұмыскердің жазбаша келісімімен ғана жол беріледі.

Жұмыскердің келісімінсіз мынадай жағдайларда:

1. елдің қорғанысы үшін, сондай-ақ төтенше жағдайларды, дүлей зілзаланы немесе өндірістік аварияны болдырмау не олардың зардаптарын дереу жою үшін қажетті жұмыстарды жүргізу кезінде;
2. сумен жабдықтаудың, газбен жабдықтаудың, жылумен жабдықтаудың, энергиямен жабдықтаудың және тіршілікті қамтамасыз етудің басқа да жүйелерінің қалыпты жұмыс істеуін бұзатын өзге де мән-жайларды жою үшін;
3. егер жұмыста үзіліс жасауға болмаса, ауыстыратын жұмыскер келмей қалғанда, басқа жұмыскермен ауыстыру шараларын дереу қолдана отырып, жұмысты жалғастыру үшін үстеме жұмыстарға жол беріледі.

Үстеме жұмыстарға:

1. жүкті әйелдер;
2. он сегіз жасқа толмаған жұмыскерлер;
3. мүгедектігі бар адамдар жіберілмейді.

Үстеме жұмыстардың жұмыс уақыты:

1. әрбір жұмыскер үшін тәулік ішінде екі сағаттан, ал ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды (ерекше зиянды) және (немесе) қауіпті жұмыстарда бір сағаттан аспауға тиіс;

2. Үстеме жұмыстардың жалпы ұзақтығы жұмыс уақытын жиынтық есепке алуды белгілеу кезінде төрт күндік, бес күндік және алты күндік жұмыс аптасында айына он екі сағаттан және жылына бір жүз жиырма сағаттан аспауға тиіс. ҚР ЕК 78-бабы.

Жұмыс берушi жұмыскердің нақты жұмыс істеген жұмыс уақытын есепке алуды жүргізуге міндетті. ҚР ЕК 79-бабы.

Жұмыскер жұмыс істеген және жұмыс істемеген уақыт есепке алынуға тиіс. Бұл ретте үстеме жұмыстар уақыты, түнгі уақыттағы, демалыс, мереке күндеріндегі жұмыстар, іссапар күндері бөлек есепке алынады.
Жұмыс уақытын есепке алуды жүргізудің нысаны мен тәртібі жұмыс берушінің актісінде айқындалады.
Жұмыскердің жұмыс уақытына жұмыстарды жұмыс орнынан тыс жерлерде орындаған не олардың орындалуын жұмыс беруші нақты уақытпен тіркей алмайтын кезеңдер қосылатын жағдайларда, бұл кезеңдер жұмыс уақытын есепке алу құжаттарында еңбек шартында белгіленген жұмыстар көлемін орындау ретінде белгіленеді.

Жұмыс уақыты және демалыс уақыты

Тынығуға және тамақтануға арналған үзіліс уақыты жұмыс уақытына қосылмайды (ҚР ЕК 81-бабы).

Жекелеген жұмыс түрлерінде жұмыскерлерге өндіріс пен еңбек технологиясына және оларды ұйымдастыруға байланысты ауысымішілік үзілістер беріледі, бұлар жұмыс уақытына қосылады.
Жылдың суық немесе ыстық мезгілінде ашық ауада, жылытылмайтын жабық үй-жайларда жұмыс істейтін, сондай-ақ тиеу-түсіру жұмыстарында істейтін жұмыскерлерге жылыну не салқындау және тынығу үшін жұмыс уақытына қосылатын арнайы үзілістер беріледі. Баланы (балаларды) тамақтандыруға арналған үзілістер жұмыс уақытына қосылады. ҚР ЕК 82-бабы.

Есептік кезең шегіндегі жұмыс уақыты мен тынығу уақыты вахтадағы жұмыс кестесімен (вахталар кестесімен) бекітіледі. Есептік кезең жұмыс уақытын, тынығу уақытын, жұмыс беруші орналасқан жерден немесе жиналатын жерден жұмыс орнына дейінгі және одан кері қайту жолының уақытын, сондай-ақ уақыттың осы күнтізбелік бөлігіне дәл келетін өзге де кезеңдерді қамтиды. Бұл ретте, есептік кезеңдегі жұмыс уақытының жалпы ұзақтығы осы Кодексте белгіленген нормалардан аспауға тиіс. Жұмыс беруші вахталық әдіспен жұмыс істейтін әрбір жұмыскердің жұмыс уақыты мен тынығу уақытының есебін жүргізуге міндетті.

Жұмыс беруші орналасқан жерден немесе жиналу пунктінен жерден жұмыс орнына дейін және одан кері қайту жолының уақыты жұмыс уақытына қосылмайды. ҚР ЕК 135-бабының 6-тармағы.

Жауапкершілік

Жұмыс берушінің не қабылдаушы тараптың Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында көзделген жұмыс уақытының және күнделікті жұмыстың (жұмыс ауысымының) қалыпты және қысқартылған ұзақтығын заңсыз асыруы - ескерту жасауға әкеп соғады.

Әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған iс-әрекет -

·       лауазымды адамдарға - 40,

·       шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға - 60,

·       орта кәсіпкерлік субъектілеріне - 80,

·       ірі кәсіпкерлік субъектілеріне - 120 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. ӘҚБтК 89-бабы.