Сынақ мерзімі - жұмыскердің тапсырылатын жұмысқа біліктілігінің сәйкестігін тексеру үшін қызмет ететін нақты жұмыс кезеңі (ҚР Еңбек кодексінің 36-бабының 1-тармағы).

Жұмыс берушінің жұмыскерлердің кез келген санатына еңбек шартын жасасу кезінде сынақ мерзімін белгілеуге құқығы бар.

ҚР Еңбек кодексінің 1-бабының 1-тармағы негізінде еңбек қатынастары - Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында, келісімдерде, еңбек, ұжымдық шарттарда және жұмыс берушінің актілерінде көзделген құқықтар мен міндеттерді жүзеге асыру кезінде жұмыскер мен жұмыс берушінің арасында туындайтын қатынастар;

ҚР Еңбек кодексі 23-бабына сәйкес - Жұмыс беруші:

  • жұмыскерге сынақ мерзімін белгілеуге құқылы;

Еңбек шартын жасасқан кезде еңбек шартында жұмыскердің тапсырылатын жұмыс біліктілігіне сәйкестігін тексеру мақсатында сынақ мерзімі туралы талап белгіленуі мүмкін. Сынақ мерзімі еңбек шартында көрсетілген жұмыс басталған күннен басталады.

Сынақ мерзімі жұмыскердің еңбек өтіліне қосылады және үш айдан аспауға тиіс.

Ұйымдардың басшылары мен олардың орынбасарлары, бас бухгалтерлер мен олардың орынбасарлары, ұйымдардың филиалдарының, өкілдіктерінің басшылары үшін сынақ мерзімі алты айға дейін ұзартылуы мүмкін.

Жұмыскер нақты жұмыста болмаған кезеңге сынақ мерзімі тоқтатыла тұрады.

Егер сынақ мерзімі өтіп кетсе және жұмыс беруші еңбек шартын бұзу туралы хабарламаса, онда жұмыскер сынақ мерзімінен өтті деп есептеледі.

Сынақ мерзімі жұмыскерлердің кез келген санатына қолданылуы мүмкін.

Сынақ мерзімі белгіленген жұмыскердің заңды мәртебесі басқа жұмыскерлердікіндей болып табылады. Ол басқа жұмыскерлерге қатысты еңбек заңнамасында белгіленген құқықтарға ие және міндеттерді атқарады. Жұмыс беруші компанияның сынақ мерзімі кезеңінде жұмыс істейтінін дәлелдей отырып, жұмыскерге қатысты өзінің қандай да бір міндеттерін орындаудан бас тартуға құқығы жоқ.

Егер жұмыс беруші компания жұмыскердің сынақ мерзімі кезіндегі жұмыс нәтижелерін қанағаттанарлықсыз деп есептесе, ол бұл туралы сынақ мерзімінің кез келген күні жазбаша түрде хабарлап, еңбек шарты бұзылған деп есептелетін күнді көрсете отырып, оны жұмыстан босатуы мүмкін.
Бұл ретте компания өзінің хабарламасында сынақ мерзімі кезеңінде жұмыскермен еңбек шартын бұзуға негіз болған себептерді көрсетуге міндетті.
Осылайша, сынақ мерзімі бар жұмыскерді жұмысқа қабылдау кезінде сынақ мерзімі туралы ереже көрсетілетін еңбек шарты ресімделеді.

Еңбек шартын жасасу мiндеттi болып табылады.

Сынақ мерзімін ресімдеу үшін не қажет

1. Жұмыскерге оның кәсiби дағдылары мен қасиеттерiн тексеру үшiн сынақ мерзiмi белгiленетiнiн хабарлау.

2. Бұл шартты еңбек шартына енгізу. Еңбек шартында сіз жұмыскерді қабылдайтын мерзім жазылуы тиіс. Құжаттың осы орнында сынақ мерзімі туралы шартты шамамен мынадай тұжырыммен жазу керек: «Жұмыскердің біліктілігінің тапсырылатын жұмысқа сәйкестігін тексеру мақсатында Жұмыскерге Шарттың қолданылуы басталған күннен бастап ұзақтығы 1 (бір) ай сынақ мерзімі белгіленеді».

3. Бұл шартты жұмысқа қабылдау туралы бұйрықта да жазу қажет.

Сынақ мерзіміндегі жұмыскер қалған жұмыскерлерге берілген барлық құқықтарға ие болады.

Егер сынақ мерзімі аяқталғаннан кейін тараптардың бірде-бірі еңбек шартын бұзуды талап етпесе, жұмыскер сынақ мерзімінен өтті деп есептеледі.

Еңбек кодексінің 37-бабына сәйкес жұмыскердің сынақ мерзімі кезеңінде жұмыс нәтижесі теріс болған жағдайда, жұмыс беруші онымен еңбек шартын бұзуға негіз болған, ҚР Еңбек кодексінің 7 т. 1 б. 52-бабы 1-тармағының 7-тармақшасында немесе 49-бабының 3-тармағында көзделген себептерді көрсете отырып, жазбаша нысанда хабардар ете отырып, еңбек шартын бұзуға құқылы.

Жұмыскерде сынақ мерзімінде салық салу ерекшеліктері жоқ.

ЖТС, Әлеуметтік салық, Әлеуметтік аударымдар, МӘМС-не аударымдар мен жарналар, МЗЖ есептеледі және төленеді.