Навигациялық пломба (электрондық сәйкестендіргіш) - бұл автокөлік құралының қозғалыс бағыты, сондай-ақ құрылғының сақталуы (ашылуы) туралы ақпаратты халықаралық автомобиль тасымалдарын қадағалаудың ақпараттық жүйесіне беруді қамтамасыз ететін құрылғы.

Электрондық сәйкестендіргіштерді (навигациялық пломбаларды) пайдалану қағидаларының 3-тармағына сәйкес - Еуразиялық экономикалық одаққа (бұдан әрі – ЕАЭО) мүше мемлекеттерден Қазақстан Республикасына немесе ЕАЭО-ға мүше бір мемлекеттен Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзитпен ЕАЭО-ға мүше басқа мемлекетке халықаралық автомобильмен тасымалдауды жүзеге асыру кезінде Қазақстан Республикасының ЕАЭО мүше мемлекеттерімен Мемлекеттік шекарасында (бұдан әрі – мемлекеттік шекара) автокөлік құралдарының жүк бөліктеріне электрондық сәйкестендіргіштермен (навигациялық пломбалармен) аумақтық мемлекеттік кірістер органдары пломба салады.

Автокөлік құралы Қазақстан Республикасынан шыққан кезде мемлекеттік шекарадағы лауазымды тұлға ақаусыздықты, бүтіндікті және (немесе) зақымданулардың болуын айқындау мақсатында электрондық сәйкестендіргішті (навигациялық пломбаны) тексеріп қарауды жүргізеді.

Жүргізілген тексеруден кейін лауазымды тұлға Операторға Қазақстан Республикасының аумағында автокөлік құралының жүру маршрутының аяқталғаны туралы хабарлайды, электрондық сәйкестендіргішті (навигациялық пломбаны) ажыратады және алады.

Электрондық сәйкестендіргішті (навигациялық пломбаны) алғаннан кейін лауазымды тұлға кейіннен оны басқа автокөлік құралдарына орнату кезінде үздіксіз жұмыс істеу қабілетін қамтамасыз ету үшін электрондық сәйкестендіргіштің (навигациялық пломбаның) зарядын қамтамасыз етеді.

Электрондық сәйкестендіргіштерді (навигациялық пломбаларды) пломбалау және алу бойынша есепке алуды Оператор және аумақтық мемлекеттік кірістер органы жүргізеді. Есепке алу бойынша ақпаратты Оператор осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес бейсенбі сайын Комитетке жібереді.

Оператор жүктерді тасымалдау кезінде туындаған мынадай мән-жайлар туралы Комитетті және аумағында мынадай мән-жайлар туындаған мемлекеттік кірістер органын тәуліктік режимде дереу хабардар етуге міндетті:

1) автокөлік құралының жүру маршрутынан (республикалық маңызы бар автомагистральдан) 1 (бір) километрден астам қашықтықта ауытқуы;

2) электрондық сәйкестендіргіштің (навигациялық пломбаның) мүмкін ашылуы (жарамсыздығы) туралы немесе электрондық сәйкестендіргіштің (навигациялық пломбаның) батарея қуаты деңгейінің 10% - ға дейін және одан да төмен төмендеуі туралы электрондық сәйкестендіргіштен (навигациялық пломбадан) дабылдың түсуі;

3) электрондық сәйкестендіргішпен (навигациялық пломбамен) 2 (екі) сағаттан артық байланыстың болмауы;

4) автокөлік құралынан электрондық сәйкестендіргіш (навигациялық пломба) орнатылған жылжымалы құрамды ағыту;

5) жүру маршруты бойынша автокөлік құралының техникалық ақаулығының туындауы.

Аумағында мән-жай туындаған мемлекеттік кірістер органы 2017 жылғы 25 желтоқсандағы "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің 142-бабы 1-тармағының 15) және 18) тармақшаларына сәйкес тақырыптық тексеруді жүргізеді.

Тақырыптық тексеру аяқталған бойы мемлекеттік кірістер органы байланыс арналары арқылы Комитетке оны жүргізу нәтижелері туралы хабарлайды.

Мемлекеттік кірістер органы жүргізген тақырыптық тексерудің нәтижелері бойынша тасымалдаушының өз міндеттерін орындауына немесе жүктерді одан әрі тасымалдауға авария, еңсерілмейтін күштің әсері салдарынан кедергі келтіретін мән-жайлар не жүктерді жеткізуге кедергі келтіретін өзге де мән-жайлар расталған жағдайда, лауазымды тұлға басқа электрондық сәйкестендіргішті (навигациялық пломбаны) орната отырып, тауарды басқа автокөлік құралына қайта тиеу жолымен жүктің одан әрі жүру мүмкіндігі туралы Комитетке және Операторға хабарлайды.