Тарифтік мөлшерлеме (қызметақы) – уақыт бірлігі үшін белгілі бір күрделіліктегі (біліктіліктегі) еңбек міндеттерін орындағаны үшін жұмыскердің еңбегіне ақы төлеудің белгіленген мөлшері.

Осылайша, сағаттық тарифтік мөлшерлеме лауазымдық қызметақыдан есептеледі.

Орташа жалақыны есептеу «Орташа жалақыны есептеудің бірыңғай қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 30 қарашадағы № 908 бұйрығымен бекітілген Орташа жалақыны есептеудің бірыңғай қағидалары негізінде жүргізіледі.

Орташа жалақыны есептеудiң бiрыңғай қағидаларының 12-тармағы негізінде - Егер жұмыскердiң жұмысқа орналасу кезiнде есептелген жалақы сомасы болмаса не оқиғаның алдындағы 24 ай iшiнде жалақысы болмаса, онда оқиға болған жағдайда орташа күндiк (сағаттық) жалақы жұмыскердiң күндiк (сағаттық) тарифтiк мөлшерлемесі (лауазымдық жалақысы) негiзге алына отырып есептеледi.

Жұмыскердің күндік (сағаттық) мөлшерлемесі тарифтік мөлшерлемені (лауазымдық айлықақыны) тиісті күнтізбелік жылға арналған жұмыс уақытының балансына сәйкес бес күндік немесе алты күндік жұмыс аптасы кезінде ағымдағы айдағы жұмыс күндерінің (сағаттарының) санына бөлу жолымен айқындалады.

Қағидалардың 13-тармағына сәйкес лауазымдық қызметақы көтерiлген жағдайда орташа жалақыны есептеу арттыру коэффициентi ескерiле отырып жүргiзiледi.
Арттыру коэффициенті арттыру айында белгіленген тарифтік мөлшерлемені (лауазымдық жалақыны) арттыруға дейін белгіленген тарифтік мөлшерлемеге (лауазымдық жалақыға) бөлу жолымен есептеледі.
Арттыру коэффициенті есеп айырысу кезеңі шегінде әрбір тиісті айдың есептелген жалақысының жалпы сомасына қолданылады.

Осылайша, жоғарылату коэффициенті тарифтік мөлшерлемеден (лауазымдық қызметақыдан) анықталады. Бұл ретте, осы коэффициент қосымша ақылар мен үстемеақыларды, сыйлықақыларды және басқа да ынталандырушы төлемдерді ескере отырып есептелген жалақының жалпы сомасына қолданылады.