Бала күтімі бойынша төлемдер - бұл жүктілікке және босануға, бала асырап алуға байланысты табысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемдер.

Әлеуметтік төлемдер - бұл әлеуметтік төлемдерді алушының пайдасына Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры жүзеге асыратын төлемдер (ҚР Әлеуметтік кодексінің 1-бабы 1-тармағының 27-тармақшасы)

Жүктілікке және босануға, бала асырап алуға байланысты табысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемдер 

ҚР ӘК 71-бабына сәйкес балалы адамдардың (отбасылардың):

  • жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты кірісінен айырылуы жағдайы бойынша әлеуметтік төлемдер;
  • бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты кірісінен айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем (бұдан әрі – бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлем) түрінде әлеуметтік қорғалуға құқығы бар;

Жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты кірісінен айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемдер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыға әлеуметтік төлемді алу құқығы туындаған күннен бастап тағайындалады (ҚР ӘК 77-бабы)

Әлеуметтік төлемдерді алу құқығы:

  • жүктілікке және босануға байланысты кірісінен айырылу жағдайы бойынша – еңбекке уақытша жарамсыздық туралы парақта көрсетілген жүктілігі және босануы бойынша демалыс берілген күннен бастап;
  • жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты кірісінен айырылу жағдайы бойынша – еңбекке уақытша жарамсыздық туралы парақта көрсетілген, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алған жұмыскерлерге демалыс берілген күннен бастап туындайды.

Жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты кірісінен айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемдер денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган айқындаған тәртіппен берілген еңбекке уақытша жарамсыздық туралы парақта көрсетілген бүкіл кезеңге тағайындалады.

ҚР ӘК 78-бабында көрсетілгендей жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты кірісінен айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемдердің мөлшері уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын тәртіппен әлеуметтік аударымдарды есептеу объектісі ретінде ескерілген орташа айлық кіріс мөлшерін еңбекке қабілетсіздік күндері санының тиісті коэффициентіне көбейту жолымен айқындалады және Қордың активтері есебінен төленеді.

Әлеуметтік аударымдарды есептеу объектісі ретінде ескерілген орташа айлық кіріс мөлшері әлеуметтік төлемді алу құқығы туындаған айдың алдындағы соңғы күнтізбелік он екі ай ішінде (осы кезеңде әлеуметтік аударымдарда үзілістердің болу-болмауына қарамастан) әлеуметтік аударымдар жүргізілген кірістер сомасын он екіге бөлу жолымен айқындалады.

Бұл ретте Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша әлеуметтік аударымдар мөлшерлемесіне 0 түзету коэффициенті қолданылған қызмет түрлері бойынша еңбек, кәсіпкерлік қызмет, жеке практикамен айналысу кезеңдерінде алынған кіріс төлеуші беретін кірістер туралы анықтаманың негізінде орташа айлық кіріс мөлшерін айқындау кезінде ескеріледі.

Бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлем (ҚР ӘК 84-бабы) осы әлеуметтік төлемді алуға құқығы бар және қоса алғанда бала (балалар) бір жарым жасқа толғанға дейін оған күтім жасауды жүзеге асыратын міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыға тағайындалады.

Бұл ретте, егер балаға күтімді міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне бірнеше қатысушы жасаса, бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлем көрсетілген адамдардың біреуіне ғана тағайындалады.

Екі және одан да көп бала туған кезде күтіміне байланысты әлеуметтік төлем әрбір балаға жеке тағайындалады.

Бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлем алу құқығы баланың туу туралы куәлігінде көрсетілген туған күнінен бастап, баланы (балаларды) асырап алған және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, бір жарым жасқа дейінгі балаға қорғаншылық тағайындалған жағдайларда, соттың баланы (балаларды) асырап алу туралы шешімі заңды күшіне енген күннен бастап немесе қорғаншы тағайындалған күннен бастап туындайды.

Бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлемнің мөлшері уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын тәртіппен әлеуметтік аударымдарды есептеу объектісі ретінде ескерілген орташа айлық кіріс мөлшерін кірісті алмастыру коэффициентіне көбейту жолымен айқындалады және ай сайын Қордың активтері есебінен төленеді.

Әлеуметтік аударымдарды есептеу объектісі ретінде ескерілген орташа айлық кіріс мөлшері бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлем алу құқығы туындаған айдың алдындағы соңғы күнтізбелік жиырма төрт ай ішінде (осы кезеңде әлеуметтік аударымдарда үзілістердің болу-болмауына қарамастан) әлеуметтік аударымдар жүргізілген кірістер сомасын жиырма төртке бөлу жолымен айқындалады.

Бұл ретте Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша әлеуметтік аударымдар мөлшерлемесіне 0 түзету коэффициенті қолданылған қызмет түрлері бойынша еңбек, кәсіпкерлік қызмет, жеке практикамен айналысу кезеңдерінде алынған кіріс төлеуші беретін кірістер туралы анықтаманың негізінде орташа айлық кіріс мөлшерін айқындау кезінде ескеріледі.

Төтенше жағдай, шектеу іс-шаралары қолданылған кезеңде қызметтің шектелуіне байланысты кірісінен айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемді алу кезеңдері орташа айлық кіріс мөлшерінің есебінен алып тасталады және орташа айлық кіріс мөлшерін айқындау кезеңі басталардың тура алдындағы басқа айлармен ауыстырылады.

Жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем бір рет, ал бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем ай сайын төленеді.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-ның құрылымдық бөлімшелері әлеуметтік төлемдерді тағайындау үшін қажетті құжаттарды қабылдаған күннен бастап 4 жұмыс күні ішінде оларды Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына (бұдан әрі - Қор) береді.

Әлеуметтік төлемдерді тағайындауға құжаттарды:

  • жүктілігі және босануы бойынша - жүктілігі және босануы бойынша еңбекке уақытша жарамсыздық парағы берілген күннен бастап 12 айдан кешіктірмей;
  • 1 жасқа дейінгі баланы күту бойынша - баланың туу туралы куәлігінде көрсетілген бала туған күннен бастап 12 айдан кешіктірмей беру қажет.

Бала тууына байланысты берiлетiн бiржолғы мемлекеттiк жәрдемақы (барлық әйелдер үшiн) жұмыс iстейтiн де, жұмыс iстемейтiн де барлық босанған әйелдерге мемлекеттiк бюджеттен төленедi.

Бала туғанда берілетін жәрдемақының мөлшері белгіленген және мынаны құрайды:

  • бірінші, екінші және үшінші балаға - 38 АЕК;
  • төртінші және одан көп балаға - 63 АЕК.

Бала бір жасқа толғанға дейін оның күтімі бойынша ай сайынғы жәрдемақы мөлшері

Бала бiр жасқа толғанға дейiн (жұмыс iстемейтiн әйелдер үшiн) оның күтiмi бойынша ай сайынғы жәрдемақы бала күтiмiн жүзеге асыратын және мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiнiң қатысушылары болып табылмайтын жұмыс iстемейтiн әйелдер мен еркектерге тағайындалады.

Жұмыс істемейтін әйелдер мен ер адамдар үшін бала бір жасқа толғанға дейін оның күтімі бойынша ай сайынғы жәрдемақы мөлшері белгіленген және ол:

  • бірінші балаға - 5,76 АЕК (ай сайын);
  • екінші балаға - 6,81 АЕК (ай сайын);
  • үшінші балаға - 7,85 АЕК (ай сайын);
  • төртінші және одан көп - 8,90 АЕК (ай сайын) құрайды.

Жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты кірісінен айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем (жұмыс істейтін әйелдер үшін) жұмыс істейтін әйелдерге, Қордан әлеуметтік төлемдер алуға құқығы бар міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға (яғни әлеуметтік қатер туындаған күнге дейін Қорға әлеуметтік аударымдар түскен жеке тұлғаларға) тағайындалады.