Бухгалтерлік есеп тіркелімдері - есепке алуға қабылданған бастапқы құжаттардағы ақпаратты қорытуға, жүйелеуге және жинақтауға арналған, оны бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік жүйесінде көрсетуге арналған нысандар.

Жалпы ережелер

Бухгалтерлік есеп тіркелімдерін жүргізу тәртібі

Тіркелімдер қандай міндетті деректемелерді қамтуы тиіс

Бухгалтерлік есеп тіркелімдерінің түрлері

Жалпы ережелер

«Бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы» Заңның 7-бабына сәйкес - Бухгалтерлік құжаттама бастапқы құжаттарды, бухгалтерлік есеп тіркелімдерін, қаржылық есептілікті және есеп саясатын қамтиды.

Есепке қабылданған бастапқы құжаттардағы ақпарат бухгалтерлік есеп тіркелімдерінде жинақталады және жүйеленеді.

Бухгалтерлік есеп тіркелімдерінің деректері топтастырылған түрде қаржылық есептілікке көшіріледі.

Бастапқы құжаттарды және бухгалтерлік есептің тіркелімдерін электрондық жеткізгіштерде жасау кезінде дара кәсіпкерлер мен ұйымдар операциялардың басқа қатысушылары үшін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес осындай талап ету құқығы берілген мемлекеттік органдардың талап етуі бойынша осындай құжаттардың көшірмелерін қағаз жеткізгіштерде дайындауға тиіс.

Бухгалтерлік құжаттаманы сақтау

Дара кәсіпкерлер мен ұйымдар бастапқы құжаттарды, қағаз және (немесе) электрондық жеткізгіштердегі бухгалтерлік есеп тіркелімдерін, қаржылық есептілікті, есепке алу саясатын, есепке алу деректерін электрондық өңдеу бағдарламасын Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген кезең ішінде сақтауға міндетті.

Бухгалтерлік ақпараттың құпиясы

Бастапқы құжаттар мен бухгалтерлік есеп тіркелімдерінің мазмұны коммерциялық құпияны құрайтын ақпарат болып табылады, оған қол жеткізу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес басшылықтың немесе дара кәсіпкердің рұқсаты бар адамдарға, сондай-ақ мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарына ғана беріледі.

Бухгалтерлік есеп тіркелімдерін жүргізу тәртібі

Бухгалтерлік есеп тіркелімдерін жүргізу тәртібі Бухгалтерлік есепті жүргізу қағидаларында регламенттелген.

Қағидаларға сәйкес – Шаруашылық операциялары бухгалтерлiк есептiң тiркелiмдерiнде хронологиялық ретпен көрсетiледi және бухгалтерлiк есептiң тиiстi шоттары бойынша топтастырылады.

Ай аяқталғаннан кейін қорытындылар шығарылады. Синтетикалық және талдамалық тіркелімдердің қорытынды жазбалары айналым ведомостарын салыстыру жолымен салыстырылады және сәйкес келтіріледі.

Бухгалтерлік есеп тіркелімдерінде шаруашылық операцияларының дұрыс көрсетілуін оларды құрайтын және оларға қол қоятын тұлғалар қамтамасыз етеді.

Бухгалтерлік есеп тіркелімдерінің деректері топтастырылған түрде қаржылық есептілікке көшіріледі.

Бухгалтерлік есеп тіркелімдері бойынша жаңа бекітілген ҰҚЕС-те - Ұлттық қаржылық есептілік стандартын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2013 жылғы 31 қаңтардағы № 50 бұйрығында баяндалған.

ҰҚЕС-ке сәйкес - Бастапқы есепке алу құжаттарында қамтылған ақпаратты қорыту, жіктеу және жинақтау және оны бухгалтерлік есеп шоттарында және қаржылық есептілікте көрсету үшін бухгалтерлік есеп тіркелімдері жүргізіледі.

Тіркелімдер қандай міндетті деректемелерді қамтуы тиіс

Тіркелімдер мынадай міндетті деректемелерді қамтиды:

1) тіркелім жасалған бухгалтерлік есеп шотының нөмірі мен атауы;
2) дебет немесе кредит бойынша корреспонден
циялаушы шоттың нөмірі;
3) операция сомасы;
4) кезеңнің басындағы және соңындағы қалдық;
5) дебет және кредит бойынша кезең ішіндегі айналымдар жиынтығы.

Қызмет түріне, операцияның сипатына қарай тіркелімге қосымша деректемелер енгізіледі.

Бухгалтерлік есеп тіркелімдерінің түрлері

Бухгалтерлік есеп тіркелімдері былайша бөлінеді:

  • хронологиялық,
  • талдамалық,
  • синтетикалық,
  • құрамдастырылған.

Бухгалтерлік есептің хронологиялық тіркелімі бухгалтерлік операциялар туралы ақпаратты олардың жасалуына қарай хронологиялық тәртіппен қамтиды.

Бухгалтерлік есептің талдамалық тіркелімі талдамалық шоттардың деректерін қамтиды. Мысалы, қорларды есепке алу шоттарына арналған қорлар позициялары бөлінісіндегі, персоналмен есеп айырысу шоттарына арналған қызметкерлер бөлінісіндегі деректер және басқалар.

Бухгалтерлік есептің синтетикалық тіркелімі бухгалтерлік есептің шоттарының немесе бөлімдерінің жинақталған деректерін қамтиды.

Бастапқы операцияларды тіркеу бухгалтерлік есептің хронологиялық тіркелімдері нысанында жүргізіледі.

Деректерді жүйелеу және талдау үшін талдамалық және синтетикалық тіркелімдер пайдаланылады, Қаржылық есептілікті дайындау кезінде субъектілер қаржылық есептілікте ұсынылған бухгалтерлік есептің мәліметтерін ашатын, субъектінің қызметінің сипаты мен операцияларының көлеміне сәйкес келетін еркін нысандағы жинақтаушы тіркелімдерді қағаз немесе электрондық түрде жасайды.

Бухгалтерлік есепті автоматтандырылған нысанда жүргізетін субъектілер, егер олар қажетті мәліметтерді автоматтандырылған жүйеде алған жағдайда, бухгалтерлік есеп тіркелімдерін жасамайды.