Цифрлық актив – цифрлық код беріліп, оның ішінде криптография және компьютерлік есептеу құралдары қолданыла отырып электрондық-цифрлық нысанда құрылған, есеп айырысу ақша бірлігі және (немесе) заңды төлем құралы болып табылмайтын, деректердің таратылған платформасы технологиясының негізінде тіркелген және ақпараттың өзгермейтіндігімен қамтамасыз етілген мүлік. (ҚР Цифрлық активтер туралы заңының 1-бабының 4-тармағы)

Цифрлық активтер туралы заң 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 8-баптың 4-тармағын қоспағанда, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі, бұл тармақ 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленді:

"4. Қазақстан Республикасының аумағында цифрлық майнингтің нәтижесінде алынған цифрлық активтерді өткізген жағдайда, мұндай цифрлық активтер салық салу мақсаттары үшін цифрлық майнерлер мен цифрлық майнингтік пулдардың кірістері туралы мәліметтерді ұсыну қағидаларына сәйкес кемінде жетпіс бес пайыз мөлшерінде "Астана" халықаралық қаржы орталығының лицензиясы бар цифрлық активтер биржалары арқылы міндетті түрде сатылуға жатады."

Қазақстан Республикасының дара кәсіпкерлеріне, заңды тұлғаларына Қазақстан Республикасының аумағында цифрлық майнинг жөніндегі қызметті жүзеге асыруға рұқсат етіледі және ол қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді шығаруға және олардың айналымына жатпайды.

Заңда мынадай анықтамалар берілген: қамтамасыз етілген цифрлық актив және қамтамасыз етілмеген цифрлық актив.

  • қамтамасыз етілген цифрлық актив - қамтамасыз етілген цифрлық активке қойылатын талаптарға сәйкес келетін, қамтамасыз етілген цифрлық активтерді сақтау және айырбастау жөніндегі цифрлық платформа арқылы тіркелген цифрлық актив;
  • қамтамасыз етілмеген цифрлық актив - ақпараттық жүйеде блокчейнде консенсусты қолдауға қатысқаны үшін сыйақы түрінде алынған және сандық активтер биржасында сандық нысанда сатуға болатын біреудің ақшалай міндеттемелерін білдірмейтін цифрлық актив;

Цифрлық активтер туралы Заңның 5-бабында қамтамасыз етілген цифрлық активтерге қойылатын талаптар жазылған.

Қамтамасыз етілген цифрлық актив мынадай талаптарға сәйкес келуге тиіс:

  • ақша мен бағалы қағаздарды қоспағанда, материалдық, зияткерлік көрсетілетін қызметтер мен активтерге құқықты куәландырады;
  • қамтамасыз етілген цифрлық активті шығару туралы шешімі болады бар;
  • есеп айырысатын ақша бірлігі, заңды төлем құралы болып табылмайды;
  • қаржы құралы немесе қаржы активі деп танылмайды;
  • қамтамасыз етілген цифрлық активті шығарған тұлға туралы деректерді қамтиды;
  • автивті қамтамасыз етілген цифрлық актив етіп құрғанға дейін оған мүліктік және (немесе) зияткерлік құқықтардың растамасы болады;
  • блокчейн желісінде активтің және (немесе) мүлікке құқықтың ауысуы туралы жазбасы болады.

Заңның 5-бабының 1-тармағында көрсетілген талаптарға сәйкес келмейтін цифрлық актив қамтамасыз етілген цифрлық активтерге жатпайды.

Қамтамасыз етілген цифрлық активтерді сақтау және айырбастау жөніндегі цифрлық платформаны пайдалануды жүзеге асыратын және қамтамасыз етілген цифрлық активтерді шығаруға және олардың айналысына рұқсаты бар Қазақстан Республикасының дара кәсіпкері, заңды тұлғасы қамтамасыз етілген цифрлық активтерді шығаруды және олардың айналысын жүзеге асыратын тұлға болып табылады.

Қамтамасыз етілген цифрлық активтерді шығару және олардың айналысы жөніндегі қызметті жүзеге асыруға рұқсатты цифрлық активтер саласындағы уәкілетті орган "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес береді.

Цифрлық активтер туралы Заңның 11-бабында көрсетілгендей, "Астана" халықаралық қаржы орталығының аумағын қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағында қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді шығаруға және олардың айналымына, сондай-ақ қамтамасыз етілмеген цифрлық активтер бойынша цифрлық активтер биржаларының қызметіне тыйым салынады.

Цифрлық активтер биржасы - цифрлық активтердің сауда-саттығын, шығарылымын, айналымын және сақталуын ұйымдастырушылық және техникалық қамтамасыз етуді жүзеге асыратын цифрлық платформа.

Салық заңнамасындағы цифрлық актив

2025 жылғы 15 шілдеде Мемлекет басшысы «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы № 208-VІIІ ҚРЗ Заңына және оны қолданысқа енгізу мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының заңдарына қол қойды. Осы Заңмен ҚР Салық кодексі 2025 жылғы 01 қаңтардан бастап ретроспективті енгізілген «Цифрлық активтермен жасалатын операцияларға салық салу ерекшеліктері» деген жаңа 332-1-баппен толықтырылды.

Бұл бап цифрлық активтермен жасалатын операцияларға салық салу ерекшеліктерін белгілейді.

Цифрлық активті өткізудің, сатып алудың тіркеп-белгіленген құны бар қамтамасыз етілмеген цифрлық активте көрсетілген құны осындай цифрлық активтің құны байланыстырылған валюта айырбастаудың цифрлық активті өткізу немесе сатып алу жасалатын күннің алдындағы соңғы жұмыс күніне айқындалған нарықтық бағамы бойынша теңгеге аударылады.

Өткізу немесе сатып алу құнын есептеу кезінде тіркеп-белгіленген құны бар қамтамасыз етілмеген цифрлық активтің бір бірлігі осындай цифрлық активтің құны байланыстырылған шетел валютасының бір бірлігіне теңестіріледі.

Тіркеп-белгіленген құны бар қамтамасыз етілмеген цифрлық активті мынадай мүлікке:

  • цифрлық активке;
  • құқықтары және (немесе) мәмілелері шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес шет мемлекеттің құзыретті органында мемлекеттік немесе өзге де тіркелуге жататын мүлікке;
  • шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес шет мемлекеттің құзыретті органында мемлекеттік немесе өзге де тіркелуге жататын мүлікке айырбастау мақсатында беру тіркеп-белгіленген құны бар қамтамасыз етілмеген цифрлық активті беретін тарап үшін цифрлық активті өткізу болып табылмайды.

Тіркеп-белгіленген құны бар қамтамасыз етілмеген цифрлық активті сату мақсатында беру, тіркеп-белгіленген құны бар, өткізілетін қамтамасыз етілмеген цифрлық активті басқа цифрлық активке айырбастау нәтижесінде бұрын сатып алынған жағдайларды қоспағанда, цифрлық активті өткізу болып табылады.

Цифрлық актив базалық актив болып табылатын жағдайдағы туынды қаржы құралдарымен жасалатын мәмілелер бойынша алынған кіріс осындай мәміле аяқталған кезде алынған цифрлық активтердің құны мен мәміленің жасалу барысында пайдаланылған меншікті цифрлық активтердің құны арасындағы айырма ретінде айқындалады.

Цифрлық активтерді өткізу құны мен сатып алу құны арасындағы оң айырманы айқындау кезінде халықаралық қаржылық есептілік стандарты бойынша уақыт бойынша бірінші келіп түскен есепке алу әдісі пайдаланылады.

Осы бапты қолдану мақсатында цифрлық активті тіркеп-белгіленген құны бар қамтамасыз етілмеген цифрлық активке жатқызу өлшемшарттарын және тіркеп-белгіленген құны бар қамтамасыз етілмеген цифрлық активтердің тізбесін уәкілетті органмен келісу бойынша цифрлық активтер саласындағы уәкілетті орган бекітеді.

ҚР СК 332-1-бабының 4-тармағында көрсетілген жағдайларды қоспағанда, цифрлық активті өткізу құны:

1) шетел валютасына немесе ұлттық валютаға сату мақсатында беру кезінде – тиісті шетел немесе ұлттық валютадағы мәміле мөлшерінде;

2) тіркеп-белгіленген құны бар қамтамасыз етілмеген цифрлық активке айырбастау мақсатында беру кезінде – мәмілеге қатысатын тіркеп-белгіленген құны бар қамтамасыз етілмеген цифрлық активте көрсетілген мөлшерде;

3) осы тармақтың үшінші абзацында көрсетілгенді қоспағанда, цифрлық активке айырбастау мақсатында беру кезінде – берілетін цифрлық актив құнының ҚР СК 332-1-бабының 12-тармағында көзделген тәртіппен айқындалған мөлшерінде;

4) цифрлық активті қоспағанда, кез келген мүлікке айырбастау мақсатында Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерде беру кезінде – берілетін цифрлық актив құнының ҚР СК 332-1-бабының 12-тармағында көзделген тәртіппен айқындалған мөлшерінде;

5) цифрлық активті сыйға тарту, мұрагерлік шарты бойынша беру кезінде – нөлдік мөлшерде;

6) цифрлық активтерді өткізу құны болмаған кезде – берілетін цифрлық актив құнының ҚР СК 332-1-бабының 12-тармағында көзделген тәртіппен айқындалған мөлшерінде айқындалады.

Цифрлық активті сатып алу құны:

1) шетел валютасына немесе ұлттық валютаға сатып алу кезінде – тиісті шетел немесе ұлттық валютадағы мәміле мөлшерінде;

2) тіркеп-белгіленген құны бар қамтамасыз етілмеген цифрлық активке айырбастау кезінде – мәмілеге қатысатын, тіркеп-белгіленген құны бар қамтамасыз етілмеген цифрлық активте көрсетілген мөлшерде;

3) осы тармақтың 2) тармақшасында көрсетілгенді қоспағанда, цифрлық активке айырбастау үшін сатып алу кезінде – сатып алынған цифрлық актив құнының ҚР СК 332-1-бабының 12-тармағында көзделген тәртіппен айқындалған мөлшерінде;

4) цифрлық активті қоспағанда, кез келген мүлікке айырбастау үшін Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерде сатып алу кезінде – сатып алынған цифрлық актив құнының ҚР СК 332-1-бабының 12-тармағында көзделген тәртіппен айқындалған мөлшерінде;

5) цифрлық активті өтеусіз алу кезінде – нөлдік мөлшерде;

6) цифрлық активті цифрлық активтер биржасынан алу кезінде – цифрлық активті алу күніне тіркеп-белгіленген құны бар қамтамасыз етілмеген цифрлық активте көрсетілген мөлшерде;

7) блокчейндегі келісімшартпен өзара іс-қимыл нәтижесінде цифрлық активті алу кезінде – нөлдік мөлшерде айқындалады.

Жеңілдікті салық салынатын мемлекеттегі көздерден алынған цифрлық активтердің бастапқы құны нөлге тең. Жеңілдікті салық салынатын мемлекеттердің тізбесін уәкілетті орган бекітеді.

Цифрлық активтердің құны көрсетілген интернет-ресурста цифрлық активтерді өткізу немесе сатып алу күнінің алдындағы тәуліктегі орташа өлшемді баға ретінде айқындалады.

Цифрлық активті өткізу жүргізілген күнге интернет-ресурста ақпарат болмаған жағдайда, цифрлық активтердің цифрлық активті өткізу жүргізілген күннің алдындағы, осындай цифрлық активпен сауда-саттық өткізілген соңғы күні айқындалған құны қолданылады.