Жастар практикасы – алған кәсібі (мамандығы) бойынша бастапқы жұмыс тәжірибесін алу мақсатында техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының түлектері жүзеге асыратын еңбек қызметінің түрі.

Жастар практикасы алған кәсібі (мамандығы) бойынша бастапқы жұмыс тәжірибесін алу мақсатында білім беру ұйымдарының түлектеріне арналған.

Түлектерге алған кәсібі (мамандығы) бойынша бастапқы жұмыс тәжірибесін алуға жәрдемдесу үшін еңбек ұтқырлығы орталықтары (мансап орталықтары) жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шарасын - 12 айға дейінгі мерзімге жастар практикасын ұйымдастырады.

Жастар практикасының қатысушылары болып оқу орындарын өткен 3 жыл ішінде бітірген және 29 жастан аспаған жұмыссыз түлектер анықталды.

«Субсидияланатын жұмыс орындарының тізбесін, субсидияланатын жұмыс орындарына жұмысқа орналасатын адамдарға қойылатын талаптарды, олардың жалақысын субсидиялау мөлшері мен мерзімдерін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 15 маусымдағы № 476 қаулысына сәйкес жастар практикасына қатысушылар болып оқу орындарын өткен 5 жыл ішінде бітірген және 35 жастан аспаған жұмыссыз түлектер анықталды.

Жастар практикасынан өту үшін жұмыс орындары барлық меншік нысанындағы кәсіпорындар мен ұйымдарда құрылады. Бұл ретте, жұмыс орындары бітірушінің білім беру ұйымында алған кәсібіне (мамандығына) сәйкес келуі тиіс.

Ай сайынғы жалақы мөлшері салықтарды, міндетті зейнетақы жарналарын және басқа да әлеуметтік аударымдарды ескере отырып, 30 айлық есептік көрсеткішті (АЕК) құрайды.

Жастар практикасына қатысу үшін түлек тұрғылықты жері бойынша мансап орталығына өтініш беруі қажет.

Өтінішке мынадай құжаттардың көшірмелері қоса беріледі:

  1. Жеке басын куәландыратын құжат не цифрлық құжаттар сервисінен электронды құжат (жеке басын сәйкестендіру үшін).
  2. Еңбек кітапшасы (бар болса).
  3. Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімінің болуын растайтын құжат.

Субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру және субсидияланатын жұмыс орындарына жұмысқа орналастырылған адамдардың жалақысын субсидиялау қағидалары