Үлескер (Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы ҚР Заңы 1-бабының 19-тармағы) - көппәтерлі тұрғын үйдегі үлесті алу мақсатында тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шартты жасасқан жеке тұлға (уақытша болатын шетелдіктерді қоспағанда) немесе заңды тұлға.

Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт - уәкілетті компания мен үлескер арасында жасалатын, бір тарап көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысын қамтамасыз етуге және құрылыс аяқталған соң екінші тарапқа көппәтерлі тұрғын үйдегі үлесін беруге міндеттенетін, ал екінші тарап төлем жүргізуге және көппәтерлі тұрғын үйдегі үлесін қабылдауға міндеттенетін, тараптардың тұрғын үй құрылысына үлестік қатысумен байланысты құқықтық қатынастарын реттейтін шарт;

Үлескердің құқықтары мен міндеттері

Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт

Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шартты өзгерту және бұзу

Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт бойынша міндеттемелерді орындау

Үлескердің құқықтары мен міндеттері

Үлескер:

1) осы Заңның 22-бабында айқындалған ақпаратты алуға;

2) Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында айқындалған тәртіппен тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт бойынша талап ету құқығын басқаға беруге;

3) тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарттың талаптарын уәкілетті компанияның тиісінше орындауын талап етуге құқылы.

Үлескер:

1) тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шартқа сәйкес уәкілетті компанияның банктік шотына қолма-қол емес тәртіппен ақша салуға;

2) тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарттың талаптарын уақтылы орындауға;

3) көппәтерлі тұрғын үйді тіркелген пайдалануға қабылдау актісі болған кезде үлескер уәкілетті компаниядан хабарлама алған кезден бастап күнтізбелік отыз күн ішінде үлесін беру туралы шартқа қол қоя отырып, көппәтерлі тұрғын үйдегі үлесін қабылдауға;

4) іс жүзіндегі мекенжайы және (немесе) басқа да дербес деректері өзгерген жағдайда бұл туралы уәкілетті компанияны күнтізбелік отыз күн ішінде жазбаша хабардар етуге міндетті.

Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт

«Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» Заңның 11-бабына сәйкес - Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт жазбаша нысанда жасалады және ол осы Заңның 12-бабында көзделген тәртіппен көппәтерлі тұрғын үйдің орналасқан жеріндегі жергілікті атқарушы органда оны есепке қойған кезден бастап жасалған болып есептеледі.

Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарттың тараптары іс жүзіндегі мекенжайының және (немесе) басқа жеке деректерінің өзгеруі туралы күнтізбелік отыз күн ішінде бір-біріне жазбаша хабарлауға тиіс.

Заңның 12-бабының негізінде - Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт, оған енгізілетін өзгерістер және (немесе) толықтырулар, сондай-ақ талап ету құқығын басқаға беру туралы шарт тұрғын үй құрылысына үлестік қатысудың бірыңғай ақпараттық жүйесі пайдаланыла отырып, уәкілетті компанияның ұсынысы бойынша көппәтерлі тұрғын үйдің орналасқан жеріндегі жергілікті атқарушы органда есепке алуға жатады.

Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шартты есепке алу уәкілетті орган бекіткен тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарттарды, сондай-ақ олар бойынша талап ету құқығын басқаға беру туралы шарттарды есепке алуды жүргізу қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шартты өзгерту және бұзу

Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шартқа ол жасалғаннан кейін тараптардың келісуі бойынша Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында көзделген тәртіппен өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілуі мүмкін. Мұндай жағдайларда тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шартқа қосымша келісімдер де жергілікті атқарушы органдарда есепке алуға жатады.

Үлескердің тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт бойынша талап ету құқығын басқаға беруіне ол шарттың бағасын төлегеннен кейін немесе бір мезгілде, уәкілетті компания келіскен жағдайда, Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес борышын қолма-қол емес тәртіппен жаңа үлескерге аударғаннан кейін ғана жол беріледі.

Үлескердің тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт бойынша талап ету құқығын басқаға беруіне тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт көппәтерлі тұрғын үйдің орналасқан жеріндегі жергілікті атқарушы органда есепке алынған кезден бастап тараптар салынған көппәтерлі тұрғын үйдегі үлесті беру туралы тапсыру актісіне қол қойған кезге дейін жол беріледі.

Үлескержеке тұлға қайтыс болған немесе ол қайтыс болды деп жарияланған жағдайда, оның тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт бойынша құқықтары мен міндеттері Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес мұрагерлеріне ауысады.

Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт бойынша міндеттемелерді орындау

Үлескердің тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шартта көзделген үлестің құнын төлеуі төлемдерді шартта белгіленген мерзімде уәкілетті компанияның банк шотына салу арқылы жүргізіледі.

Үлескердің міндеттемелері ол үлестің құнын толық көлемде төлеген және оны көппәтерлі тұрғын үйден тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шартқа сәйкес қабылдап алған кезден бастап орындалған болып есептеледі.

Құрылыс салушының және (немесе) уәкілетті компанияның көппәтерлі тұрғын үйдегі үлесті беру жөніндегі міндеттемесі көппәтерлі тұрғын үй пайдалануға қабылданған, тараптар көппәтерлі тұрғын үйдегі үлесті беру туралы шартқа қол қойған, сондай-ақ Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңнамасына сәйкес іс-шаралар жүргізілген кезден бастап орындалды деп есептеледі.

Мердігердің (бас мердігердің) кепілдікті мерзім бойынша міндеттемелері ол кепілдікті мерзім кезеңінде туындаған, жобалау-сметалық құжаттамада және тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шартта көрсетілген көппәтерлі тұрғын үй құрылысы көрсеткіштері сәйкестігінің бұзушылықтарын жою жөніндегі міндеттемелерін орындағаннан кейін орындалған болып есептеледі.

Тұрғызылған көппәтерлі тұрғын үйдегі үлес үлескерге іс жүзінде берілгенге дейін оның кездейсоқ жойылу немесе кездейсоқ бүліну тәуекелін уәкілетті компания көтереді. Көппәтерлі тұрғын үйдегі үлес іс жүзінде берілгеннен кейін кездейсоқ жойылу немесе кездейсоқ бүліну тәуекелі үлескерге өтеді.