Форс-мажорға - міндеттемелерді тиісінше орындауға кедергі келтіретін немесе ic жүзінде мүмкін болмайтын, олардың туындауына міндетті тарап жауап бермейтін және олардың басталуын болжай алмайтын және/немесе алдын ала алмайтын, мыналарды қоса алғанда, бірақ олармен шектелмейтін төтенше және күтпейтін мән-жайлар жатады:

  • табиғи және техногендік сипаттағы дүлей зілзалалар, дауылдар, циклондар, жер сілкіністері, цунами, су тасқыны, найзағай салдарынан қираулар және т.б.;
  • соғыс қимылдары, жарияланған немесе жарияланбаған соғыс, тәртіпсіздіктер мен революциялар, қарақшылық актілер, саботаж;
  • мемлекеттік органдардың шешімдері және/немесе әрекеттері/әрекетсіздігі және т.б.;
  • кәсіпорынның жұмысын баяулататын, жұмыста тоқтауға әкеп соғатын кез келген нысандағы бойкоттар, ереуілдер мен локауттар;
  • жарылыстар, өрттер, машиналардың, зауыттардың, қондырғылардың бұзылуы және т.б.

Сондай-ақ мынадай жағдайларды форс-мажор деп тануға болады:

  • болжау мүмкін емес типтік емес жағдайдың орын алуы;
  • салдары шартты орындауға тікелей байланысты;
  • тараптардың әрекеттері оның салдарын болдырмауға көмектеспес еді.

Қазақстанда форс-мажор туралы куәлікті Сыртқы сауда палатасы (ССП) 2014 жылдан бастап береді. Куәлікті алу үшін Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының - online@atameken.kz поштасына электрондық түрде құжаттар топтамасын ұсыну қажет. Қарау және куәлікті беру мерзімі құжаттар топтамасы ұсынғаннан және қызмет ақысын төлегеннен кейін 15 жұмыс күнін алады.

Құжаттар топтамасына не кіреді:

1. Заңды тұлғалар үшін - тіркеу/қайта тіркеу туралы анықтама, дара кәсіпкерлер үшін - кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырудың басталғаны туралы хабарлама қоса берілген жазбаша өтініш.

  • ЖШС мемлекеттік тіркеу туралы анықтама
  • заңды мекенжайы (индексі), байланыс деректері (қолданыстағы жұмыс және ұялы телефон нөмірлері), электрондық поштасы, төлем шотын ұсыну үшін банктік деректемелері көрсетілген WORD форматындағы деректемелер.

2. Келісімшарттың, ерекшеліктердің, қосымшалардың, келісімшартқа қосымша келісімдердің сканерленген көшірмесі.

Қажет болған жағдайда еңсерілмейтін күш мән-жайлары бойынша қорытынды беру үшін ССП қосымша құжаттар сұратуы мүмкін.

Егер форс-мажор шекарада тұрып қалумен байланысты болса, мынадай құжаттар қажет:

  • кедендік декларациялық парақтар
  • т/ж жүкқұжаттары
  • тауар-көлік жүкқұжаты
  • экспедитормен жасалатын шарт
  • жүкті уақытша сақтау қоймасына (УСҚ) жеткізу туралы хат
  • экспедитордың өткізу пунктін көрсете отырып, шекарада жүктің тұрып қалу кезеңі туралы хаты.

Қажет болған жағдайда еңсерілмейтін күш мән-жайлары бойынша қорытынды беру үшін ССП қосымша құжаттар сұратуы мүмкін.

Егер форс-мажорлық жағдай басқа елде болса:

  • аумағында еңсерілмейтін күш мән-жайлары болған шет мемлекеттің тиісті органы (ұйымы) берген ресми құжатты (анықтамаларды, хаттарды, хабарламаларды, бұйрықтарды, ұйғарымдарды) ұсыну қажет. Форс-мажор болған елдің сауда-өнеркәсіп палатасының сертификаты.

Қызмет құны:

1-қадам. Құқықтық талдау жүргізу.

Бір шарт үшін бағалау құны 15 АЕК құрайды. Бір шарт бойынша қайта жүгінуге ақы төленбейді.

Куәлік беруден бас тартылған жағдайда сома қайтаруға жатпайды.

15 АЕК төлеу еңсерілмейтін күш жағдайының басталғаны туралы куәлікті беруге кепілдік бермейді.

2-қадам. Еңсерілмейтін күш куәлігін алу.

  • Мерзімі өткен міндеттеменің сомасы қоса алғанда 100 000 теңгеге дейін болса - куәландыру құны құқықтық талдау құнына (15 АЕК) кіреді;
  • мерзімі өткен міндеттемелер сомасы 100 000 теңгеден жоғары болғанда - шарт бойынша мерзімі өткен (орындалмаған) міндеттемелер сомасының 1%-ы, бірақ 850 АЕК-тен аспайды.

Форс-мажор компанияны шарт бойынша барлық міндеттемелерді орындаудан босатпайды және серіктеспен жасалған шарттың күшін жоймайды. Куәлік міндеттемелерді орындамағаны үшін жауапкершіліктен босатады, яғни компаниядан залалдарды, тұрақсыздық айыбын, өсімпұлдарды, айыппұлдарды өндіріп алуға болмайды. Бизнес үшін шектеу шаралары алынып тасталған кезде компания өз міндеттемелерін не шартта көрсетілген мерзімде, не басқа мерзімде орындауы тиіс.

Еске салайық, форс-мажор туралы куәлік - жағдайды форс-мажор деп танудың кепілі емес. Әрбір нақты жағдайда сот мән-жайларды жеке қарайды, ал ССП қорытындысы – дәлелдемелердің бірі ғана.

Еңсерілмейтін күш (форс-мажор) жағдайлары туралы куәлік:

  • егер шарт бойынша міндеттемені орындау мерзімі әлі басталмаса. Яғни қорытынды алдын ала және «кенеттен қажет болған жағдайда» берілмейді;
  • субъектілердің еңбек шарттары шеңберінде азаматтық-құқықтық сипаттағы міндеттемелерінің болуы;
  • өтініш беруші мәселені шешу үшін шартты/келісімшарттарды/келісімдерді және оларға қосымшаларын ССП қарамағына бермеген жағдайда БЕРІЛМЕЙДІ.

Сондай-ақ куәлік жауапкершіліктен сөзсіз босататын құжат болып табылмайды.

Контрагенттер куәлікті қабылдамауға құқылы. Мұндай жағдайда туындаған даулар бойынша түпкілікті шешім сот органдарында қалады.

Форс-мажорғаа және «Hardship» жағдайларына нарықта орындауға қажетті тауарлардың, жұмыстардың немесе қызметтердің болмауы жатпайды.

Еңсерілмейтін күш (форс-мажор) мән-жайларының болуын/болмауын куәландыруды оның басшысы немесе өзге де уәкілетті тұлға қол қойған сыртқы сауда және республика ішіндегі мәмілелер (келісімшарттар, шарттар, келісімдер) бойынша мүдделі тараптың жазбаша жүгінуі (өтініші) негізінде ССП жүргізеді.

Қызметке мына сілтеме бойынша өтінім беруге болады.