Жұмысқа қабылдау - үмiткерлердi қызметке iрiктеу және жұмысқа қабылданған iзденушiнi ресiмдеу рәсiмi. Үміткердің өтінішімен, пікірлерімен және басқа да құжаттарымен танысу және жеке әңгімелесу іріктеудің әдеттегі әдісі болып табылады. Әңгімелесуді ұйымдастыруға кадрлар бөлімі және/немесе басшы жауап береді.

ҚР ЕК 34-бабына сәйкес - жұмысқа қабылдау жасалған еңбек шарты негізінде шығарылатын жұмыс берушінің актісімен ресімделеді.

Жұмысқа қабылдаудың қадамдық әрекеттері

Еңбек шартын жасасу үшін қажетті құжаттар

Еңбек шартының мазмұны

Еңбек шартын жасасу мерзімдері

Еңбек шартын ресімдеу

Кіммен еңбек шарты жасалуы мүмкін

Жұмысқа қабылдаудың қадамдық әрекеттері

1. Еңбек шартын жасасу үшін құжаттарды жинау.

2. Жұмыскердің дербес деректерінің өрісін толтыру.

3. Еңбек шартын ресімдеу және жасасу.

  • Кәдімгі еңбек шарты (оның ішінде мерзімді, мерзімсіз).

4. Жұмысқа қабылдау туралы бұйрық шығару.

5. Еңбек қызметіне байланысты басқа да шарттар жасасу (міндетті емес, бірақ мүмкін).

6. Жұмыс берушінің жергілікті актілерімен таныстыру:

  • Ішкі еңбек тәртібі қағидалары
  • Лауазымдық нұсқаулық
  • Дербес деректер туралы ереже
  • Бөлім туралы ереже.

7. Жұмыскердің ЖТС есептеу кезінде салық салынбайтын минимумды есепке алу туралы өтінішті ресімдеуі (бұл әрекет негізгі еңбек шартын жасасу кезінде жүзеге асырылады, шартқа қоса атқарушылық бойынша қолданылмайды).

Жұмысқа қабылдау кезінде жұмыскер жұмыс берушіге жұмысқа қабылдау туралы өтініш жазады. Өтініш компанияның бірінші басшысының атына еркін нысанда жазылады. Өтініште күні және оны жазған адамның қолы көрсетіледі. Өтініш жазылғаннан кейін жұмыскер жұмыс берушіге еңбек шартын жасасу үшін бірқатар құжаттарды ұсынуы тиіс.

Еңбек шартын жасасу үшін қажетті құжаттар

ҚР ЕК 32-бабына сәйкес еңбек шартын жасасу үшін мынадай құжаттар қажет:

1) Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі немесе Қазақстан Республикасы азаматының паспорты (он алты жасқа толмаған адамдар үшiн туу туралы куәлiк) қажет.

Қандастар жергілікті атқарушы органдар берген қандас куәлігін ұсынады;

2) шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты немесе азаматтығы жоқ адамның куәлігі (Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар үшін) не босқын куәлігі;

3) тиісті білімді, машық пен дағдыны талап ететін жұмысқа еңбек шартын жасасу кезінде білімі туралы құжат, кәсіптік біліктілігін тану туралы құжат (бар болған кезде), арнаулы білімі немесе кәсіптік даярлығының болуы туралы құжат;

4) еңбек қызметін растайтын құжат (еңбек өтілі бар адамдар үшін);

5) алдын ала медициналық куәландырудан өткені туралы құжат (осы Кодекске және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес осындай куәландырудан өтуге міндетті адамдар үшін) қажет.

Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, жұмыс берушінің ҚР ЕК-нің 32-бабында көзделмеген құжаттарды талап етуге құқығы жоқ.

Еңбек шартының мазмұны

Жұмысқа қабылдау туралы өтініш қабылданғаннан кейін еңбек шарты ресімделеді.

ҚР ЕК 28-бабына сәйкес - еңбек шартында:

1) тараптардың деректемелері: жұмыс беруші жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе), оның тұрақты тұрғылықты жерінің мекенжайы және тұрғылықты жері бойынша тіркеу туралы мәліметтер, жеке басын куәландыратын құжаттың атауы, нөмірі және берілген күні;
ЖСН (БСН);

жұмыс беруші - заңды тұлғаның
жұмыс беруші заңды тұлғаның және оның орналасқан жерінің атауы, жұмыс беруші заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу нөмірі мен күні, БСН;
жұмыскердің тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе), оның тұрақты тұрғылықты жерінің мекенжайы және тұрғылықты жері бойынша тіркеу туралы мәліметтер, жеке басын куәландыратын құжаттың атауы, нөмірі, берілген күні, жеке сәйкестендіру нөмірі;
2)
белгілі бір мамандық, кәсіп, біліктілік немесе лауазым бойынша жұмысы (еңбек функциясы);
3)
жұмыстың орындалатын орны;
4) еңбек шартының мерзімі;
5) жұмыстың басталу күні;
6)
жұмыс уақыты мен тынығу уақытының режимі;
7)
еңбекке ақы төлеу мөлшері мен өзге де шарттары;
8)
егер жұмыс ауыр жұмыстарға жататын болса және (немесе) зиянды және (немесе) қауіпті жағдайларда орындалатын болса, еңбек жағдайларының сипаттамасы, кепілдіктер мен жеңілдіктер;
9) жұмыскердің құқықтары мен міндеттері;
10) жұмыс берушінің құқықтары мен міндеттері;
11) еңбек шартын өзгерту және тоқтату тәртібі;
12)
тараптардың жауаптылығы;
13)
жасалу күні мен реттік нөмірі болуға тиіс.

Еңбек шартын жасасу мерзімдері

Еңбек шарты (ҚР ЕК 30-бабы):

1) белгіленбеген мерзімге;

2) осы тармақтың 3), 4), 5) және 6) тармақшаларында белгіленген жағдайлардан басқа, бір жылдан кем емес белгілі бір мерзімге жасалуы мүмкін.

Еңбек шартының мерзімі өткен кезде тараптар оны белгіленбеген немесе бір жылдан кем емес белгілі бір мерзімге ұзартуға құқылы.
Егер еңбек шартының қолданылу мерзімі өткен жағдайда тараптардың ешқайсысы соңғы жұмыс күні (ауысым) ішінде еңбек қатынастарын тоқтату туралы хабардар етпесе, ол бұрын жасалған дәл сол мерзімге ұзартылған деп есептеледі.

Белгілі бір мерзімге жасалған еңбек шарты көп дегенде екі ретке ұзартылуы мүмкін.

Еңбек қатынастары жалғастырылған кезде еңбек шарты белгіленбеген мерзімге жасалған деп есептеледі.
Осы тармақшаның төртінші және бесінші бөліктерінің ережелері дербес білім беру ұйымдарының және олардың ұйымдарының шетелдік жұмыскерлеріне қолданылмайды;
3) белгілі бір жұмысты орындау уақытына;
4) уақытша болмаған жұмыскерді ауыстыру уақытына;
5) маусымдық жұмысты орындау уақытына;
6)
халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жергілікті атқарушы органдар беретін шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсаттың, еңбекші көшіп келушіге рұқсаттың және өз бетінше жұмысқа орналасу үшін біліктілігінің сәйкестігі туралы анықтаманың Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленетін мерзімдері шегінде жасалуы мүмкін.

Еңбек шартын жасасқан кезде еңбек шартында жұмыскердің тапсырылатын жұмысқа біліктілігінің сәйкестігін тексеру мақсатында сынақ мерзімі туралы талап белгіленуі мүмкін. Сынақ мерзімі еңбек шартында көрсетілген жұмыс басталған күннен басталады. (ҚР ЕК 36-бабы).

Сынақ мерзімі жұмыскердің жұмыс өтіліне қосылады және үш айдан аспауға тиіс. Ұйымдардың басшылары және олардың орынбасарлары, бас бухгалтерлер мен олардың орынбасарлары, филиалдар, ұйымдар өкілдіктерінің басшылары үшін сынақ мерзімі алты айға дейін ұзартылуы мүмкін.

Жұмыскер нақты жұмыста болмаған кезеңге сынақ мерзімі тоқтатыла тұрады.

Еңбек шартын ресімдеу

ҚР ЕК 33-бабы негізінде - Еңбек шарты жазбаша нысанда кемінде екі данада жасалады және оған тараптар қол қояды. Еңбек шартының бір-бір данасы жұмыскерде және жұмыс берушіде сақталады. Еңбек шартын жасасу, оған өзгерістер мен толықтырулар енгізу электрондық цифрлық қолтаңба арқылы куәландырылған электрондық құжат нысанында жүргізілуі мүмкін.

Адамды жұмысқа жіберу еңбек шарты жасалғаннан кейін ғана жүзеге асырылады.

Кіммен еңбек шарты жасалуы мүмкін

Он алты жасқа толған азаматтармен еңбек шартын жасасуға жол беріледі. (ҚР ЕК 31-бабы)

Еңбек шарты:
1)
орта білім беру ұйымында негізгі орта, жалпы орта білім алған жағдайларда, он бес жасқа толған азаматтармен;
2)
оқудан бос уақытта, денсаулығына зиян келтірмейтін және оқу процесін бұзбайтын жұмысты орындау үшін он төрт жасқа толған оқушылармен;
3)
кинематография ұйымдарында, театрларда, театр және концерт ұйымдарында, цирктерде денсаулығына және имандылық тұрғысынан дамуына нұқсан келтірмей, шығармалар жасауға және (немесе) орындауға қатысу үшін осы тармақтың 2) тармақшасында айқындалған талаптарды сақтай отырып, он төрт жасқа толмаған адамдармен еңбек шарты жасалуы мүмкін.

ҚР ЕК 31-бабының 2-тармағында айқындалған жағдайларда еңбек шартына кәмелетке толмаған адаммен қатар оның заңды өкілдерінің біреуі қол қоюға тиіс.

Еңбек кітапшаларын жүргізу және сақтау
қағидаларының 2-тармағына сәйкес жұмыс беруші жұмысқа қабылдау туралы бұйрық шығарылғаннан кейін жұмыскерді жұмысқа қабылдау туралы жұмыскердің еңбек кітапшасына, егер мұндай жұмыскерде болса, тиісті жазба енгізеді.

еңбек кітапшасы - жұмыскердің еңбек қызметі туралы мәліметтерді қамтитын құжат;

Еңбек кітапшаларын жүргізу және сақтау
қағидалары.