Арнаулы салық режимісалық төлеуші Салық кодексінде белгіленген шарттарды сақтаған кезде салық төлеушілердің жекелеген санаттары үшін жалпыға бірдей белгіленген салық салу тәртібінен өзгеше, жекелеген салықтар мен бюджетке төленетін төлемдерді есептеу, төлеу, сондай-ақ олар бойынша салықтық есептілікті ұсыну тәртібі; (ҚР Салық кодексінің 6-бабы)

 

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап оңайлатылған декларация негізінде АСР 

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап оңайлатылған декларация негізінде АСР

 

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап оңайлатылған декларация негізінде АСР

Жаңа Салық кодексі (ҚР 2025 жылғы 18 шілдедегі № 214-VIII Кодексі) 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енді.

Салық реформасы шеңберінде арнайы салық режимдерін айтарлықтай оңтайландыру жүргізілді.

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жаңа Салық кодексінде үш арнайы салық режимін қолдану көзделген:

  • Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін арнаулы салық режимі;
  • Оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимі;
  • Шаруа немесе фермер қожалықтары үшін арнаулы салық режимі.

Мынадай арнайы салық режимдерінің күші жойылды:

  • бөлшек салық АСР;
  • патент негізінде АСР;
  • мобильдік қосымшаны пайдалана отырып АСР;
  • белгіленген шегерімді пайдалана отырып АСР;

Салық кодексінің 715-бабында режимдер бойынша барлық жалпы талаптар бір кестеге жинақталған:

Арнаулы салық режимдерінің түрлері

Субъектілер

Шекті кіріс мөлшері (қаржы жылының 1 қаңтарына айлық есептік көрсеткіш)

Мөлшерлеме, кіріс %-ы

Қызмет түрлері/жер учаскесінің болуы

А

1

2

3

4

5

1

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнаулы салық режимі

жеке тұлғалар – Қазақстан Республикасының азаматтары, қандастар

бір айда 300

жеке табыс салығы – 0

әлеуметтік төлемдер – 4*

арнаулы салық режимін қолдануға рұқсат етілген қызмет түрлерінің тізімі

2

Оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимі

дара кәсіпкерлер мен Қазақстан Республикасының резидент-заңды тұлғалары

бір жылда 600 000

4% мөлшеріндегі (жергілікті өкілді органдардың мөлшерлемені 50%-ға дейін төмендету/арттыру құқығымен) жеке табыс салығы/ корпоративтік табыс салығы

және белгіленген мөлшерлердегі әлеуметтік төлемдер*

арнаулы салық режимін қолдануға тыйым салынған қызмет түрлерінің тізімі

3

Шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған арнаулы салық режимі

шаруа немесе фермер қожалықтары

-

жеке табыс салығы – 0,5

Қазақстан Республикасының аумағында белгіленген шекті алаңдарда жеке меншік және (немесе) жер пайдалану құқықтарында (қайталама жер пайдалану құқығын қоса алғанда) жер учаскелері болған кезде

* Әлеуметтік төлемдердің мөлшері Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінде және «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген.

Шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған арнаулы салық режимін қолданатын шаруа немесе фермер қожалықтары осы арнаулы салық режимінің күші қолданылмайтын қызмет түрлерінен кірістер алған кезде тиісті салықтарды есептеуді, төлеуді және олар бойынша салықтық есептілікті ұсынуды мынадай салық салу режимдерінде:

  • оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимінде оны қолдану шарттарына сәйкес келген кезде;
  • жалпыға бірдей белгіленген тәртіппен жүргізеді

Оңайлатылған декларация негізінде АСР

ОД негізінде АСР қолдануға кім құқылы емес

ОД негізінде АСР бойынша салықтарды есептеу

ОД негізінде АСР қолдануды бастау күні

ОД негізінде АСР қолдануды тоқтату күні

ОД негізінде АСР-ға көшу тәртібі

ОД негізінде АСР қолдану кезінде кірістерді айқындау тәртібі

Оңайлатылған декларация негізінде АСР

Қабылданған Салық кодексінде шағын және орта бизнес үшін арнайы салық режимінің (АСР) жаңартылған моделі оңайлатылған декларация негізінде арнайы салық режимі деп аталады

  • Кіріс лимиті - 600 000 АЕК.
  • ЖК және ҚР резидент заңды тұлғалары қолданады.
  • Қызметкерлердің саны бойынша шектеулер алынып тасталады.
  • Салық мөлшерлемесі 4%, бірақ 50%-ға (2%-ға дейін) төмендетілуі немесе 50%-ға (6%-ға дейін) көтерілуі мүмкін.
  • КТС, ЖТС есептеу мен төлеудің оңайлатылған тәртібі;
  • Салық кезеңі жарты жыл.
  • Есептілік: 910.00-нысан жылына екі рет.

Жеңілдіктер:

  • Кіріс 24 000 АЕК-тен астам болған кезде еңбекақы төлеу қорының сомасына салық жүктемесін азайту құқығы;
  • Егер түсім 135 000 АЕК-тен аз болса, бухгалтерлік есеп талап етілмейді;
  • Бұл режимді қолданған кезде бизнес ҚҚС төлеуші, әлеуметтік салық төлеуші болып табылмайды.

ҚР СК 722-бабы негізінде оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимі төлем көзінен ұсталатын салықтарды қоспағанда, осы режимді қолданатын салық төлеушілер үшін корпоративтік немесе жеке табыс салығын есептеу мен төлеудің оңайлатылған тәртібін белгілейді.

Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілмеген, салықтар мен бюджетке төленетін төлемдер бойынша салықтық есептілікті есептеу, төлеу және ұсыну жалпыға бірдей белгіленген тәртіппен жүргізіледі.

Оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолдану үшін салықтық және есепті кезең жартыжылдық болып табылады.

Оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеушілер:

1) әлеуметтік салық төлеушілер болып табылмайды;

2) қосылған құн салығын төлеушілер болып табылмайды (импортталатын тауарларға қосылған құн салығын және бейрезидент үшін қосылған құн салығын қоспағанда.

ҚР СК 723-бабында белгіленгендей. 1. Оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін мынадай шарттарға сәйкес келетін:

1) күнтізбелік жылдағы шекті кірісі тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 600 000 еселенген мөлшерінен аспайтын;

2) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған, оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолдану тыйым салынатын қызмет түрлерінің тізбесіне енгізілмеген қызмет түрлерін жүзеге асыратын дара кәсіпкерлер және Қазақстан Республикасының резидент-заңды тұлғалары (осы баптың 2-тармағында көрсетілгендерді қоспағанда) қолдануға құқылы.

Шекті кіріс мөлшерін айқындау мақсаттары үшін:

  • осы Кодекстің 724-бабына сәйкес айқындалатын салық салу объектісінің мөлшері ескеріледі;
  • қызметті шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған арнаулы салық режимін қолдана отырып жүзеге асырудан түсетін кірістер ескерілмейді.

Оңайлатылған декларация негізінде АСР қолдануға кім құқылы емес

Мыналар оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолдануға құқылы емес:

1) басқа заңды тұлғалардың қатысу үлесі 25 пайыздан асатын заңды тұлғалар;

2) құрылтайшысы немесе қатысушысы бір мезгілде арнаулы салық режимін қолданатын басқа заңды тұлғаның құрылтайшысы немесе қатысушысы болып табылатын заңды тұлғалар;

3) құрылтайшысы немесе қатысушысы арнаулы салық режимін қолданатын заңды тұлғалар;

4) арнаулы салық режимін қолданатын заңды тұлғаның құрылтайшылары немесе қатысушылары болып табылатын салық төлеушілер (жеке тұлғалар, дара кәсіпкерлер);

5) коммерциялық емес ұйымдар;

6) арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың, "Астана Хаб" қатысушылары;

7) бірлескен қызмет туралы шарттар бойынша жүзеге асырылатын қызмет бойынша салық төлеушілер.

Оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолданатын дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар Салық кодексінің 20-тарауына сәйкес салықтық есепке алуды ұйымдастырады және жүргізеді.

Оңайлатылған декларация негізінде АСР бойынша салықтарды есептеу

Төлем көзінен ұсталатын салықтарды қоспағанда, корпоративтік немесе жеке табыс салығын есептеуді оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолдану кезінде салық төлеуші есепті салықтық кезеңде салық салу объектісіне 4 пайыз мөлшеріндегі мөлшерлемені қолдану арқылы өзі дербес жүргізеді. (ҚР СК 426-бабы)

Жергілікті өкілді органдардың осы баптың бірінші бөлігінде белгіленген мөлшерлемені қызмет түріне және объектінің тұрған жеріне қарай 50 пайыздан аспайтын мөлшерде төмендетуге немесе арттыруға құқығы бар.

Бұл ретте жекелеген салық төлеушілер үшін мөлшерлемені жеке-дара төмендетуге немесе арттыруға тыйым салынады.

Оңайлатылған декларация салық төлеушінің тұрған жеріндегі салық органына есепті салықтық кезеңнен кейінгі екінші айдың 15-інен кешіктірілмей ұсынылады.

Оңайлатылған декларацияда көрсетілген салықтарды бюджетке төлеу жеке (корпоративтік) табыс салығы түрiнде есепті салықтық кезеңнен кейiнгi екінші айдың 25-інен кешіктірілмей жүргiзiледi.

Арнайы салық режимін қолдануды бастау күні

ҚР СК 716-бабына сәйкес таңдалған арнаулы салық режимін қолдануды бастау күні мыналар болып табылады:

1) дара кәсіпкер ретінде қызметін бастағаны туралы хабарламада таңдалған арнаулы салық режимін көрсеткен жеке тұлғалар үшінсалық органдарында дара кәсіпкер ретінде тіркеу есебіне қою күні;

2) қолданылатын салық салу режимі туралы хабарламаны ұсынған, жаңадан құрылған заңды тұлғалар үшін – тіркеуші органда мемлекеттік тіркеу күні;

3) өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнаулы салық режимін таңдаған жеке тұлғалар үшін:

  •   арнаулы мобильді қосымшада алғашқы чек қалыптастырылған айда көрсетілген чектің қалыптастырылған күні;
  •   жалпыға ортақ пайдаланылатын телекоммуникациялар желісі жоқ жерлерде – төлем құжаттарында көрсетілген кезең;

4) қалған жағдайларда – қолданылатын салық салу режимі туралы хабарлама берілген күн.

АСР қолдануды тоқтату күні

Өзге де арнаулы салық режиміне немесе жалпыға бірдей белгіленген салық салу тәртібіне ауысу жүзеге асырылатын, арнаулы салық режимін немесе жалпыға бірдей белгіленген салық салу тәртібін қолдануды тоқтату күні қолданылатын салық салу режимі туралы тиісті хабарлама ұсынылған күннің алдындағы күн болып табылады.

Арнаулы салық режимін қолдануға мүмкіндік бермейтін талаптар туындаған жағдайларда жалпыға бірдей белгіленген салық салу тәртібіне немесе өзге де арнаулы салық режиміне ауысу үшін салық төлеуші осындай талаптар туындаған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде:

  • өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнаулы салық режимін қолданған кезде – дара кәсіпкер ретінде қызметін бастағаны туралы хабарламаны;
  • оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін немесе шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған арнаулы салық режимін қолданған кезде – қолданылатын салық салу режимі туралы хабарламаны ұсынуға міндетті.

Басқа арнаулы салық режимін немесе жалпыға бірдей белгіленген салық салу тәртібін қолдануды бастау күні осындай талаптар туындаған күн болып табылады.

Кірісі арнаулы салық режимі үшін шекті кірістен асатын мәміле жасалған жағдайда, салық төлеуші осындай мәміле бойынша кіріс алынғанға дейін тиісті хабарлама береді.

Салық органы камералдық бақылау барысында салық төлеушінің тиісті арнаулы салық режимін қолдану үшін белгіленген шарттарға сәйкес келмеу фактісін белгілеген кезде салық органы салық төлеушіге осы Кодекстің 82 және 137-баптарында белгіленген мерзімдерде және тәртіппен камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған алшақтықтар туралы хабарлама жібереді.

Салық төлеуші өзге арнаулы салық режиміне ауысу туралы хабарламаны салық органына ұсынбаған жағдайда салық органы осындай салық төлеушіні жалпыға бірдей белгіленген салық салу тәртібіне ауыстырады немесе өзін-өзі жұмыспен қамтыған адам дара кәсіпкер ретінде қызметін бастағаны туралы хабарламаны осы баптың 11-тармағында көзделген жағдайда және тәртіппен ұсынбаған кезде өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнаулы салық режимін қолдануды тоқтатады.

Бұл ретте:

оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимі немесе шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған арнаулы салық режимі үшін – арнаулы салық режимін қолдану бойынша сәйкессіздік туындаған күн жалпыға бірдей белгіленген салық салу тәртібін қолдануды бастау күні болып табылады.

Оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін немесе шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған арнаулы салық режимін тоқтату күні арнаулы салық режимін қолдану бойынша сәйкессіздік туындаған күннің алдындағы күн болып табылады;

АСР-ге көшу тәртібі

ҚР СК 716-бабының 4, 7-тармақтарына сәйкес тиісті арнаулы салық режиміне оны қолдану шарттарына сәйкес келген кезде мыналар ауысуға құқылы:

1) оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режиміне – жалпыға бірдей белгіленген салық салу тәртібін қолданатын заңды тұлғалар;

2) оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режиміне және (немесе) шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған арнаулы салық режиміне – жалпыға бірдей белгіленген салық салу тәртібін қолданатын дара кәсіпкерлер;

3) шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған арнаулы салық режиміне – оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолданатын дара кәсіпкерлер;

4) оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режиміне – шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған арнаулы салық режимін қолданатын дара кәсіпкерлер.

7. Оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимінен жалпыға бірдей белгіленген салық салу тәртібіне (оның ішінде салық органының шешімі бойынша) ауысқаннан (көшкеннен) кейін оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режиміне кейінгі ауысу бір мезгілде мынадай шарттарға сәйкес келген кезде:

  • жалпыға бірдей белгіленген тәртіпті қолданудың кемінде бір күнтізбелік жылынан кейін;
  • соңғы күнтізбелік жылда жалпыға бірдей белгіленген салық салу тәртібін қолданған кезде жылдық жиынтық кіріс оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолдану үшін белгіленген шекті кіріс мөлшерінен аспаса, жүзеге асырылады.

Оңайлатылған декларация негізінде АСР қолдану кезінде кірістерді айқындау тәртібі

ҚР СК 724-бабының негізінде 1. Оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеуші үшін салық салу объектiсi салықтық кезең үшiн есепке жазу әдісі бойынша алуға жататын (алынған) кіріс (шығыстар есепке алынбай) болып табылады.

Корпоративтік немесе жеке табыс салығын (төлем көзінен ұсталатын салықтарды қоспағанда) есептеу кезінде осы тармақтың бірінші абзацында көрсетілген салық салу объектісі күнтізбелік жылдың басынан бастап өспелі қорытындымен айқындалған осындай салық салу объектісі тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 24 000 еселенген мөлшерінен асқан айдан бастап осындай жұмыс беруші салық төлеушінің өз жұмыскерлерінің кірістері бойынша шығыстарының сомасына азаяды.

ҚР СК 724-бабы 1-тармағының мақсаттары үшiн айқындалатын кіріс Қазақстан Республикасында және оның шегінен тысқары жерде алынған (алуға жататын) кірістердің мынадай түрлерінен (осы баптың 7-тармағына сәйкес жүргізілетін түзетулерді ескере отырып):

1) тауарларды өткізуден, жұмыстар орындаудан, қызметтер көрсетуден түсетін кірістен, оның ішінде роялтиден, мүлікті мүліктік жалдауға (жалға) тапсырудан түсетін кірістен;

2) мiндеттемелердi есептен шығарудан түсетiн кірістен;

3) талап ету құқығын басқаға беруден түсетін кірістен;

4) борышкерге ұйғарылған немесе борышкер таныған айыппұлдардан, өсімпұлдан және басқа да санкция түрлерінен (егер бұл сомалар оларды шегерімге жатқызу көзделмейтін арнаулы салық режимін қолдану кезеңінде төленсе, сондай-ақ егер бұл айыппұлдар бұрын салық төлеуші бюджетпен есеп айырысуды жалпыға бірдей белгіленген тәртіппен жүзеге асырған кезеңде шегерімге жатқызылмаса, бюджеттен қайтарылған негізсіз салынған айыппұлдардан басқа);

5) шығындарды жабу үшін мемлекеттiк бюджет қаражатынан алынған сомадан;

6) түгендеу кезінде анықталған материалдық құндылықтардың артық шығуынан;

7) кәсiпкерлiк мақсаттарда пайдалануға арналған өтеусiз алынған мүлiк түрiндегi кірістен (қайырымдылық және гуманитарлық көмектен басқа);

8) жалға беруші дара кәсіпкердің жалға берілген мүлкін күтіп-ұстауға және жөндеуге арналған шығыстарын жалға алушының өтеуінен;

9) жалға алушының жалға алу шарты бойынша төлемақы есебіне есепке жатқызылатын, дара кәсіпкерден жалға алған мүлікті күтіп-ұстауға және жөндеуге арналған шығыстарынан тұрады.

Егер осы тармақта көзделген кірістер бірлескен қызмет туралы шарттар бойынша қызметті жүзеге асырудан алынса (алынуға тиіс болса), онда осындай кірістер осы баптың 1-тармағының мақсаттары үшін айқындалатын кіріске енгізілмейді және оларға жалпыға бірдей белгіленген тәртіппен салық салынады.

3. Оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолдану мақсатында қызметін комиссия және (немесе) тапсырма шарттары бойынша жүзеге асыратын тұлғаның кірісіне осындай тұлғаның шарт (келісім) бойынша сыйақысы ескеріле отырып, өткізілген тауарлардың, орындалған жұмыстардың, көрсетілген қызметтердің құны енгізіледі.

4. Оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимiн қолдану кезiнде осы баптың 2-тармағында көрсетiлген кірістердің мөлшерін:

1) заңды тұлға – жалпыға бірдей белгіленген тәртіппен осы Кодекстің 5-бөліміне және осы баптың 5, 6, 7, 8-тармақтарына сәйкес;

2) "Бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес бухгалтерлік есепке алуды жүргізуді және қаржылық есептілік жасауды жүзеге асырмайтын дара кәсiпкер – осы Кодекстің 21-тарауына, осы баптың 5, 6, 7 және 8-тармақтарына және осы Кодекстің 725-бабына сәйкес;

3) бухгалтерлiк есепке алуды жүргізуді және қаржылық есептiлiк жасауды жүзеге асыратын дара кәсiпкер – осы Кодекстiң 5-бөліміне және осы баптың 5, 6, 7 және 8-тармақтарына сәйкес корпоративтік табыс салығын есептеу мақсатында кірістердің мөлшерін айқындау тәртібіне ұқсас жалпыға бірдей белгіленген тәртіппен айқындайды.

5. Оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимiн қолданатын салық төлеушілер осы баптың 2-тармағында көрсетілмеген кірістерді алған кезде осы Кодекске сәйкес жалпыға бірдей белгіленген тәртіппен тиісті салықтарды есептеуді, төлеуді және олар бойынша салықтық есептілік ұсынуды жүргізеді.

6. Оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимiн қолданатын салық төлеушiнiң кірісі ретінде салық салу мақсатында:

1) мүлікті өтеусіз беретін салық төлеуші үшін – осындай берілген мүлiктiң құны;

2) дара кәсіпкер өтеусіз алған, оған жарнамалау мақсатында (оның ішінде сыйға тарту түрінде) берілген тауардың құны, егер осындай тауар бірлігінің құны осындай беру күніне қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 5 еселенген мөлшерінен аспаса;

3) егер көрсетілген шығыстар мыналарға:

  • Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңнамасына сәйкес кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға;
  • «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген коммуналдық көрсетілетін қызметтер ақысын төлеуге;
  • тұрғынжайды жөндеуге арналған жалға алу төлемақысына енгізілмесе, дара кәсіпкер болып табылмайтын жалға алушы жеке тұлғаның тұрғынжайды мүліктік жалдау (жалға алу) кезінде шеккен шығыстары;

4) Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес есептен шығарылған өсімпұл мен айыппұлдардың сомасы қаралмайды.

7. Осы тараудың мақсаттары үшін бұрын танылған кіріс сомасы шегінде есепті салықтық кезеңнің кіріс мөлшерін ұлғайту немесе есепті салықтық кезеңнің кіріс мөлшерін азайту түзету деп танылады.

Осы баптың 2-тармағында көрсетілген кірістер:

1) тауарлар толық немесе ішінара қайтарылған;

2) тауарлар толық немесе ішінара қайтарылған;

3) өткізілген немесе сатып алынған тауарлар, орындалған жұмыстар, көрсетілген қызметтер үшін бағалар, өтемақылар өзгертілген;

4) баға жеңілдіктері, сатылым жеңілдіктері;

5) шарт талаптары негізге алына отырып, өткізілген немесе сатып алынған тауарлар, орындалған жұмыстар, көрсетілген қызметтер үшін ұлттық валютамен төлеуге жататын сомалар өзгертілген;

6) заңды тұлғадан, дара кәсіпкерден, қызметті Қазақстан Республикасында тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын бейрезидент-заңды тұлғадан осындай тұрақты мекеменің қызметіне қатысты талаптар бойынша, сондай-ақ Қазақстан Республикасында тұрақты мекеме құруға алып келмеген қызметті филиал, өкілдік арқылы жүзеге асыратын бейрезидент-заңды тұлғаның филиалынан, өкілдігінен талапты есептен шығарған жағдайларда түзетуге жатады.

Осы тармақшаның бірінші бөлігінде көзделген кірісті түзету:

  • дебитор-салық төлеуші таратылған кезде оның тарату балансын бекіту күніне талапты кредитор-салық төлеуші талап етпеген;
  • заңды күшіне енген сот актісі бойынша салық төлеуші талапты есептен шығарған жағдайларда азайту жағына қарай жүзеге асырылады.

Осы тармақшада көзделген түзету талаптың туындағанын растайтын бастапқы құжаттар болған кезде есептен шығарылған талаптың және бұрын осындай талап бойынша танылған кірістің сомасы шегінде жүргізіледі.

Осы тармақтың екінші бөлігінің 1) - 5) тармақшаларында көзделген түзету осындай түзетуді жүзеге асыру үшін жағдайлардың басталғанын растайтын бастапқы құжаттар болған кезде жүргізіледі.

Кірістерді түзету осы бапта көрсетілген жағдайлар басталған салықтық кезеңде жүргізіледі.

Осы бапта көрсетілген жағдайлар басталған кезеңде кіріс болмаған немесе азайту жағына түзетуді жүзеге асыру үшін оның мөлшері жеткіліксіз болған жағдайда түзету бұрын кіріс түзетуге жатады деп танылған салықтық кезеңде жүргізіледі.

8. Егер нақ сол кiрiстер кiрiстердiң бiрнеше баптарында көрсетiлуi мүмкiн болса, көрсетілген кiрiстер кiрiске бiр рет енгiзiледi.

Салық салу мақсаттары үшін кірісті тану күні осы тараудың ережелеріне сәйкес айқындалады.

9. Егер осы баптың 6-тармағында өзгеше белгіленбесе, оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолданатын дара кәсіпкер:

1) осы Кодекстiң 6-бөлімінің 3-параграфына сәйкес – мүлiктік кірістің;

 2) осы Кодекстің 6-бөліміне сәйкес - жеке тұлғаның осы баптың 2-тармағында көрсетілмеген өзге де кірістерінің мөлшерін айқындайды.

Бұл ретте тиісті салықтарды есептеу және төлеу, олар бойынша салықтық есептілікті ұсыну осы Кодекстің 6-бөліміне сәйкес жүргізіледі.

 

2026 жылғы 1 қаңтарға дейін оңайлатылған декларация негізінде АСР

Оңайлатылған декларация - салықтарды есептеу мен төлеудiң оңайлатылған тәртiбi, жеңiлдiктi мөлшерлемелер және шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне салық жүктемесiн азайтуға бағытталған басқа да тетiктер.

Шағын бизнес субъектілері үшін арнаулы салық режимін мынадай шарттарға сәйкес келетін салық төлеушілер қолдануға құқылы:

салық кезеңіндегі жұмыскерлердің орташа тізімдік саны арнаулы салық режимі үшін: оңайлатылған декларация негізінде - 30 адамнан аспайды;

салық кезеңіндегі кіріс арнаулы салық режимі үшін: оңайлатылған декларация негізінде - республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болған АЕК-тің 24 038 еселенген мөлшерінен аспайды;

Оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолдану үшін салық кезеңі жарты жыл болып табылады.

Оңайлатылған декларация бойынша салықтарды есептеуді салық төлеуші есепті салық кезеңі үшін салық салу объектісіне 3 пайыз мөлшерінде мөлшерлеме қолдану жолымен дербес жүргізеді.

Егер есепті кезеңнің қорытындылары бойынша жұмыскерлердiң орташа айлық жалақысы республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және салықтық кезеңнің бірінші күніне қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің дара кәсіпкерлерде – кемінде 23 еселенген, заңды тұлғаларда кемінде 29 еселенген мөлшерін құраса, осы баптың 1-тармағына сәйкес салықтық кезең үшін есептелген салық сомасы жұмыскерлердiң орташа тiзiмдiк саны негiзге алына отырып, әрбiр жұмыскер үшiн салық сомасының 1,5 пайызы мөлшерiндегi сомаға азайтылу жағына қарай түзетiлуге жатады.

СЕН 910.00 оңайлатылған декларациясы салық төлеушінің орналасқан жері бойынша салық органына есепті салық кезеңінен кейінгі екінші айдың 15-інен кешіктірілмей ұсынылады.

Оңайлатылған декларацияда көрсетілген салықтарды бюджетке төлеу жеке (корпоративтік) табыс салығы және әлеуметтік салық түрінде есепті салық кезеңінен кейінгі екінші айдың 25-інен кешіктірілмей жүргізіледі.

Бұл ретте жеке (корпоративтік) табыс салығы оңайлатылған декларация бойынша есептелген салық сомасының 1/2 мөлшерінде, әлеуметтік салық - "Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес есептелген Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдар сомасын шегере отырып, оңайлатылған декларация бойынша есептелген салық сомасының 1/2 мөлшерінде төленуге тиіс.

Мемлекеттiк әлеуметтiк сақтандыру қорына әлеуметтiк аударымдар сомасы әлеуметтiк салық сомасынан асып кеткен кезде әлеуметтiк салық сомасы нөлге тең деп есептеледi.