Халықтың көші-қоны туралы Заңның 34-бабына сәйкес көшіп келушілер бұл:

  • экономиканың басым салаларында (экономикалық қызмет түрлерінде) сұранысқа ие кәсіптер бойынша өз бетінше жұмысқа орналасу үшін келген;
  • Қазақстан Республикасының аумағында еңбек қызметін жүзеге асыру үшін жұмыс берушілер тартатын, оның ішінде корпоративішілік ауыстыру шеңберінде келген шетелдік жұмыскерлер.

Шетелдік жұмыскердің міндеттері

Уақытша тұруға рұқсат беру

Мемлекеттік баж салығын төлеу үшін ЖСН ресімдеу

Еңбек қызметіне рұқсат алу

Шетелдік жұмыскерлерге визалар

Тұруға ықтиярхат

Еңбек қатынастары

Шетелдік жұмыскерге салық салу

Шетелдік жұмыскердің міндеттері

Халықтың көші-қоны туралы Заңның 35-бабында көрсетілгендей өз бетінше жұмысқа орналасу үшін келетін немесе жұмыс берушілер, оның ішінде корпоративішілік ауыстыру шеңберінде тартатын шетелдік жұмыскерлер:

1) кәмелетке толған болуға;
3)
алдағы атқарылатын жұмысты орындау үшін қажетті білімі, біліктілігі мен тәжірибесі болуға;
4)
соттылығының болуы не болмауы жөніндегі растаманы ұсынуға;
5)
таңдаған мамандығы бойынша еңбек қызметіне кедергі келтіретін ауруларының жоқ екенін растайтын медициналық анықтаманы ұсынуға;
6)
медициналық-санитариялық алғашқы көмекті және шұғыл нысанда стационарлық жағдайларда мамандандырылған медициналық көмекті жабатын медициналық сақтандыруы болуға міндетті.

Уақытша тұруға рұқсат беру

ҚР аумағында еңбек етуді шешкен шетелдік рұқсат алуы қажет.

Уақытша тұруға рұқсат - Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарды сақтаған кезде көшіп келушілерге ішкі істер органдары беретін және болу мақсатына қарай оларға Қазақстан Республикасының аумағында белгілі бір мерзімге тұру құқығын беретін құжат; (Көші-қон туралы Заңның 1-бабы)

ҚР мемлекеттік шекарасын кесіп өту үшін жарамды ұлттық паспорт талап етіледі, одан кейін шекара қызметі Мемлекеттік шекараны кесіп өту кезінде паспортқа мөртабан қояды.

Уақытша тұруға рұқсат алуды, ЖСН ресімдеуді (қажет болған жағдайда) және жеке тұлғадан еңбек қызметіне рұқсат алуды қамтитын мынадай рәсімдер Халыққа қызмет көрсету орталығында (ХҚКО) жүзеге асырылады.

ҚР-ға келген шетелдіктер уақытша тұруға рұқсат (УТР) алмай 30 тәулікке дейін елде болуға құқылы.

30 тәуліктен астам мерзімге (жұмысқа, оқуға, емделуге, бизнес-көшіп келушілерге, сондай-ақ отбасын және миссионерлікті біріктіру мақсатында) УТР ресімделеді.

УТР ресімдеу үшін қабылдаушы адам - ҚР азаматы, ҚР-да тұрақты тұратын шетелдік және азаматтығы жоқ адам немесе ҚР-да тіркелген, ҚР-ға көшіп келушілерді уақытша тұруға шақыру туралы өтініш білдірген және (немесе) олардың тұруына орын берген заңды тұлға аумақтық полиция органдарына жүгінеді.

Мемлекеттік баж салығын төлеу үшін ЖСН ресімдеу

ҚР-да еңбек қызметіне рұқсат алу үшін ҚР аумағында жұмыс берушіні тауып, онымен еңбек шартын жасасу қажет. Өзбекстан, Тәжікстан, Әзірбайжан, Молдова, Грузия және Украина Республикасының азаматтары жеке тұлғаларда пайда таппай еңбек қызметін жүзеге асыруға құқылы. ЕАЭО азаматтары (Ресей, Қырғызстан, Беларусь, Армения) ҚР аумағында еңбек қызметін еңбек шарты негізінде рұқсат алмай жүзеге асырады.

Мемлекеттік бажды төлеу үшін Өзбекстан, Тәжікстан, Әзірбайжан, Молдова, Грузия және Украина азаматтары ЖСН (жеке сәйкестендіру нөмірі) алуға тиіс.

Ол үшін ХҚКО-ға жүгіну керек, бұл ретте көшіп келушінің өзімен бірге ұлттық паспорты болуы тиіс.

Еңбек қызметіне рұқсат алу

Еңбекші көшіп келушіге рұқсат - жұмыс беруші жеке тұлғалардан үй шаруашылығында жұмыстарды орындау (қызметтер көрсету) үшін ішкі істер органдары еңбекші көшіп келушіге беретін белгіленген нысандағы құжат. (Көші-қон туралы заңның 1-бабы)

Еңбек қызметіне рұқсат алу үшін болатын жері бойынша ХҚКО-ға мыналарды ұсынуы керек:

  • еңбекші көшіп келушіге рұқсат беру туралы өтініш;
  • жеке табыс салығы бойынша алдын ала төлем төленгені туралы түбіртек (сканерлеуден кейін көрсетілетін қызметті алушыға қайтарылады);
  • Мемлекеттік шекараны кесіп өткені туралы белгісі бар паспорт (сканерлеуден кейін көрсетілетін қызметті алушыға қайтарылады);
  • таңдаған мамандығы бойынша еңбек қызметіне кедергі келтіретін аурулардың жоқтығын растайтын шетелдікті медициналық куәландыру туралы анықтама (075/у нысанды медициналық анықтама);
  • дактилоскопиялаудан және суретке түсіруден өткені туралы анықтама (көшіп келушінің алдыңғы күнтізбелік жыл ішінде еңбек рұқсатын алғаны туралы мәліметтер болған кезде дактилоскопиялау және суретке түсіру жүргізілмейді);

·        медициналық сақтандыру (сканерлеуден кейін көрсетілетін қызметті алушыға қайтарылады);

  • «Қазақстан Республикасында уақытша болатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға уақытша тұруға рұқсат беру» белсенді мемлекеттік қызмет көрсетілген жағдайда Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес жұмыс беруші мен көрсетілетін қызметті алушы арасында жасалған еңбек шарты (сканерлеуден кейін көрсетілетін қызметті алушыға қайтарылады).

Фото-, бейне-, дактилоскопиялық тіркеуден ХҚКО-да немесе жедел-криминалистикалық полиция бөлімінде өтуге болады.

Медициналық сақтандыруды ХҚКО-лардан алуға болады.

ХҚКО-ға ұлттық паспортты, медициналық анықтамаларды, криминалистің анықтамасын, мемлекеттік баж төленгені туралы түбіртекті, медициналық сақтандыруды ұсына отырып, бір жұмыс күні ішінде еңбек қызметін жүзеге асыруға рұқсат беріледі.

Рұқсат мерзімі мемлекеттік баждың қандай мерзімге төленгеніне байланысты, бірақ үш айдан аспауға тиіс.

Көшi-қон туралы заңның 43-2-бабына сәйкес еңбекшi көшiп келушiге рұқсат етудiң ең ұзақ мерзiмi он екi айдан аспауға тиiс.

Еңбекші көшіп келушіге жаңа рұқсат алдыңғы рұқсат мерзімі аяқталғаннан кейін күнтізбелік отыз күннен ерте берілмейді.

Еңбекші көшіп келушіге рұқсат оның Қазақстан Республикасының аумағында болуының заңдылығын, сондай-ақ рұқсат алуға берілген өтініште көрсетілген кезеңге жеке табыс салығы бойынша алдын ала төлемнің төленгенін растайтын құжаттар ұсынылған кезде беріледі.

Еңбекші көшіп келушінің өтініші бойынша еңбекші көшіп келушіге рұқсат өтініште көрсетілген мерзімге бірнеше рет ұзартылады және ол бір, екі немесе үш айды құрауы мүмкін.

Еңбекші көшіп келушіге рұқсат алдыңғы кезеңде жұмыс беруші жеке тұлғалардың үй шаруашылығында жұмыстарды орындағанын (қызметтер көрсеткенін), сондай-ақ еңбекші көшіп келушіге берілген рұқсат ұзартылатын кезеңге жеке табыс салығы бойынша алдын ала төлемнің төленгенін растайтын құжаттар ұсынылған кезде ұзартылады.

Еңбекші көшіп келушіге рұқсатты беру, ұзарту және кері қайтарып алу тәртібін халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті орган айқындайды.

Еңбекші көшіп келушіге рұқсат еңбекші көшіп келушіге ол берілген әкімшілік-аумақтық бірлік аумағында жұмыс беруші жеке тұлғаның үй шаруашылығында жұмыстар орындауға (қызметтер көрсетуге) құқық береді.

Шетелдік жұмыскерлерге визалар

Көші-қон туралы заңның 36-бабына сәйкес шетелдік жұмыскерлерге келуге визаларды шетелдік жұмыскерге жұмысқа орналасуға немесе жұмыс берушіге шетелдік жұмыс күшін тартуға, оның ішінде корпоративішілік ауыстыру шеңберінде берілген рұқсаттың негізінде және қолданылу мерзіміне Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі және Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелері ұлттық қауіпсіздік органдарымен келісу бойынша береді.

Келудің және болудың визасыз тәртібі туралы Қазақстан Республикасымен келісім жасасқан мемлекеттерден келген шетелдік қызметкерлерге уақытша тұруға арналған рұқсатты Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес ішкі істер органдары береді.

Шетелдік жұмыскерлерге келуге визаларды және уақытша тұруға арналған рұқсаттарды шетелдік жұмыскердің жұмысқа орналасуға немесе жұмыс берушінің шетелдік жұмыс күшін тартуға, оның ішінде корпоративішілік ауыстыру шеңберінде алдағы жылға рұқсаты болған кезде, ішкі істер органдары ұлттық қауіпсіздік органдарымен келісу бойынша бір жылға ұзартады.

Мемлекеттік органдардың шетелдік жұмыскерлеріне келу визаларын Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі және Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелері тиісті мемлекеттік органмен жасалған еңбек шартының негізінде және оның қолданылу мерзіміне береді.

Тұруға ықтиярхат

Қазақстан Республикасы азаматының паспортын, Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігін, шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруына ықтиярхатын, азаматтығы жоқ адамның куәлігін және босқын куәлігін, шетелдіктің ҚР-да тұруына ықтиярхатын ресімдеу, беру, ауыстыру, тапсыру, алып қою және жою Қағидаларының 2-тармағына сәйкес - шетелдіктің Қазақстан Республикасы аумағында жеке басын куәландыратын құжат және Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат алғанын растайтын құжат.

Қағидалардың 20-тармағына сәйкес шетелдіктің ҚР-да тұруына ықтиярхат ҚР аумағында тұрақты тұратын шетелдіктерге 16 жыл жарамдылық мерзімімен, бірақ олардың азаматтығы бар елдің паспортының жарамдылық мерзімінен аспайтын мерзімге беріледі.

Яғни, жұмыскер - ҚР-да тұруға ықтиярхаты бар шетелдік азамат ҚР аумағында тұрақты тұратын шетелдік азамат болып танылады.

Еңбек қатынастары

Жұмысқа қабылдау кезінде шетелдік азаматтар ҚР ЕК 32-бабына сәйкес ҚР азаматтарымен бірдей құжаттарды ұсынады.

Еңбек шартын жасасу үшін мынадай құжаттарды ұсынуы қажет:

1) тұруға ықтиярхат;

2) тиісті білімді, машық пен дағдыны талап ететін жұмысқа еңбек шартын жасасу кезінде білімі туралы құжат, кәсіптік біліктілігін тану туралы құжат (бар болған кезде), арнаулы білімі немесе кәсіптік даярлығының болуы туралы құжат;

3) еңбек қызметін растайтын құжат (еңбек өтілі бар адамдар үшін);

4) алдын ала медициналық куәландырудан өткені туралы құжат (ҚР ЕК және ҚР өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес осындай куәландырудан өтуге міндетті адамдар үшін) қажет;

5) кәмелетке толмағандардың қатысуымен білім беру, тәрбиелеу, демалысты ұйымдастыру және сауықтыру, дене шынықтыру және спорт, медициналық қамтамасыз ету, әлеуметтік қызметтер көрсету, мәдениет және өнер саласында еңбек шартын жасасу үшін адам: адам өлтіру, денсаулыққа қасақана зиян келтіру, адамдардың денсаулығына және имандылыққа, жыныстық қолсұғылмаушылыққа қарсы, экстремистік немесе террористік қылмыстар, адам саудасы сияқты қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны туралы мәліметтердің бар не жоқ екендігі туралы анықтама ұсынады;

6) Жұмыскер қоса атқаратын жұмыс туралы еңбек шартын басқа жұмыс берушімен жасасу үшін негізгі жұмыс орны бойынша еңбектің сипаты мен шарттары (жұмыс орны, лауазымы, еңбек жағдайлары) туралы анықтама ұсынады.

Жұмыскерде еңбек шартын жасасу үшiн заңды мекен-жайы, яғни тiркелген мекен-жайы болуы тиiс. Төлемдерді төлеу үшін жұмыскерде зейнетақы шарты болуы тиіс, бірақ бүгінгі күні егер салық агенті БЖЗҚ-да шоты жоқ өзінің жұмыскері үшін МЗЖ аударса, онда оған кейіннен МЗЖ есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартқа қосыла отырып, БЖЗҚ-да шот ашылатын болады.

Осылайша, ҚР-да тұрақты тұратын және тұруға ықтиярхаты бар шетелдік азаматтар ҚР азаматтары сияқты міндеттемелерге ие болады.

ҚР Еңбек кодексінің 26-бабының 4.5,6-тармақтарына сәйкес - еңбек шартын:

  • жұмыс беруші шетелдік жұмыс күшін тартуға жергілікті атқарушы органның рұқсатын алғанға дейін не шетелдік жұмыскер өз бетінше жұмысқа орналасу үшін біліктілігінің сәйкестігі туралы анықтаманы немесе еңбекші көшіп келушіге халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен берілген рұқсатты алғанға дейін немесе Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген шектеулерді немесе ерекшеліктерді сақтамай, Қазақстан Республикасының аумағында уақытша болатын шетелдіктермен және азаматтығы жоқ адамдармен;
  • білім беру ұйымынан оқу нысаны көрсетілген немесе қабылдайтын ұйымнан кәсіптік даярлаудан және (немесе) тағылымдамадан өтуі туралы анықтамаларды және білім алу мақсатында болуға арналған рұқсатты ұсынбаған, Қазақстан Республикасының аумағында уақытша болатын шетелдік студенттермен және тағылымдамадан өтушілермен;
  • Қазақстан Республикасының аумағында уақытша болатын, отбасына қосылу мақсатында келуге және онда болуға арналған рұқсатты және Қазақстан Республикасының заңнамасында танылатын, Қазақстан Республикасының азаматымен некеде тұрғанын растайтын құжатты ұсынбаған шетелдіктермен және азаматтығы жоқ адамдармен жасасуға жол берілмейді;

Шетелдік жұмыскерге салық салу

«Шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы» ҚРЗ 6-бабына сәйкес, ҚР-да тұрақты тұратын шетелдіктердің еңбек қатынастарында ҚР азаматтары сияқты құқықтары мен міндеттері бар.

Яғни, тұруға ықтиярхаты бар шетел азаматтарының табысынан МЗЖ, ЖМЗЖ МӘМСЖ, МӘМСА, ЖТС, ӘА, ӘС, МКЗЖ (егер олар бар болса) аударылуы тиіс.

2023 жылғы 1 шілдеден кейін. Әлеуметтік кодекстің 244-бабына сәйкес міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылар үшін және (немесе) өз пайдасына төлеушілер қорға төлеуге тиіс әлеуметтік аударымдар әлеуметтік аударымдарды есептеу объектісінен 3,5%, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап - әлеуметтік аударымдарды есептеу объектісінен 5 пайыз мөлшерінде белгіленеді..

Әлеуметтік кодекстің 243-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын, Қазақстан Республикасының азаматтарымен тең дәрежеде табыс әкелетін қызметті жүзеге асыратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар міндетті әлеуметтік сақтандыруға жатады.

2023 жылғы 1 шілдеге дейін «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» ҚРЗ 14-бабына сәйкес міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылар үшін және (немесе) өз пайдасына төлеушілер қорға төлеуге тиіс әлеуметтік аударымдар әлеуметтік аударымдарды есептеу объектісінің 3,5%-ы мөлшерінде белгіленеді.

«Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» ҚРЗ 7-бабына сәйкес жұмыскерлер, сондай-ақ өзге де ақылы жұмысы бар адамдар (сайланған, тағайындалған немесе бекітілген), ДК, оның ішінде шаруа немесе фермер қожалықтарының басшылары, жеке практикамен айналысатын адамдар, ҚР СК 774-бабына сәйкес бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер болып табылатын жеке тұлғалар, ҚР аумағында тұрақты тұратын және ҚР аумағында кіріс әкелетін қызметті жүзеге асыратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар, сондай-ақ қандастар міндетті әлеуметтік сақтандыруға жатады.

2023 жылғы 1 шілдеден кейін. Әлеуметтік кодекстің 196-бабына сәйкес егер Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасы азаматтарының, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың:

1) мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі;

2) жасына байланысты зейнетақы төлемдері;

3) еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдері;

4) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін зейнетақы төлемдері;

5) ерікті жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін зейнетақы төлемдері;

6) зейнетақы аннуитеті шарттары бойынша сақтандыру ұйымдарынан сақтандыру төлемдері түріндегі зейнетақымен қамсыздандырылуға құқығы бар.

Әлеуметтік кодекстің 207-бабының 1-тармағында көзделген жасқа толған адамдардан міндетті зейнетақы жарналары ұсталмайды.

Әлеуметтік кодексінің 248-бабына сәйкес бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына МЗЖ, МКЗЖ, ЖМЗЖ агенттер Әлеуметтік кодекспен айқындалатын мөлшерлемелер бойынша төлеуге тиіс.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына төленуге тиіс МЗЖ ( ҚР Әлеуметтік кодексі 249-бабы):

  • жұмыскерлер, ақы төленетін өзге де жұмысы бар (сайланған, тағайындалған немесе бекітілген) адамдар, оның ішінде Қазақстан Республикасындағы халықаралық ұйымдардың өкілдіктерінде, Қазақстан Республикасында аккредиттелген шет мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктері мен консулдық мекемелерінде жұмыс істейтін адамдар;
  • нысанасы жұмыстарды орындау (қызметтерді көрсету) болып табылатын, салық агенттерімен жасасқан азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша кірістер алатын, оның ішінде Қазақстан Республикасындағы халықаралық ұйымдардың өкілдіктерінде, шет мемлекеттердің Қазақстан Республикасында аккредиттелген дипломатиялық өкілдіктерінде және консулдық мекемелерінде жұмыс істейтін адамдар -

міндетті зейнетақы жарналарын есептеу үшін қабылданатын ай сайынғы табыстың 10 пайызы мөлшерінде төлейді.

Бұл ретте міндетті зейнетақы жарналарын есептеу үшін бір агенттен алынатын ай сайынғы табыс республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі жалақының 50 еселенген мөлшерінен аспауға тиіс.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына төленуге тиіс ЖМЗЖ агенттің өз қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

ЖМЗЖ шамасы жұмыскердің ЖМЗЖ есептеу үшін қабылданатын ай сайынғы табысынан:

  • 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап - 1,5 пайыз мөлшерінде;
  • 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап - 2,5 пайыз мөлшерінде;
  • 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап - 3,5 пайыз мөлшерінде;
  • 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап - 4,5 пайыз мөлшерінде;
  • 2028 жылғы 1 қаңтардан бастап - 5 пайыз мөлшерінде.

2023 жылғы 1 шілдеге дейін «ҚР зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚРЗ 11-бабында 1-тармағында көзделген жасқа толған тұлғалардан міндетті зейнетақы жарналары ұсталмайды.

«ҚР зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚРЗ 2-бабына сәйкес, егер заңдарда және халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, ҚР аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар зейнетақымен қамсыздандыру құқығын ҚР азаматтарымен тең дәрежеде пайдаланады.

ҚР СК 217-бабына сәйкес осы кодекс мақсатында ҚР-да тұрақты болатын, ҚР-да тұрақты емес болатын, бірақ өмірлік мүдделер орталығы ҚР-да болатын жеке тұлға ҚР резиденті болып танылады.

Егер ҚР СК 217-бабының 2-1-тармағымен өзгеше белгіленбесе, жеке тұлға ағымдағы салық кезеңінде аяқталатын кез келген дәйекті 12 айлық кезеңде кемінде 183 күнтізбелік күн (келу және кету күндерін қоса алғанда) ҚР-да болса, ағымдағы салық кезеңі үшін ҚР-да тұрақты болады деп танылады.

Жеке тұлғаның өмірлік мүдделер орталығы мынадай шарттарды бір мезгілде орындаған кезде:

  • жеке тұлғаның Қазақстан Республикасының азаматтығы немесе Қазақстан Республикасында тұруға рұқсаты (тұруға ықтиярхаты) болса;
  • жеке тұлғаның жұбайы (зайыбы) және (немесе) жақын туыстары,
  • ҚР-да жеке тұлғаға және (немесе) жұбайына және (немесе) оның жақын туыстарына меншік құқығымен немесе өзге де негіздерде тиесілі, оның тұруы және (немесе) жұбайының және (немесе) оның жақын туыстарының тұруы үшін кез келген уақытта қолжетімді жылжымайтын мүліктің болуы ҚР орналасуы болып танылады.

ҚР СК 317-баптарына сәйкес ҚР резиденті болып табылатын Қазақстан Республикасы азаматының, шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның төлем көзінен салық салуға жататын кірістері бойынша ҚР СК 320-бабында көзделген мөлшерлемелер бойынша ЖТС есептеуді, ұстап қалуды және аударуды, сондай-ақ салықтық есептілікті ұсынуды салық агенті ҚР СК 35, 36, 38-тарауларында, 657-бапта осы белгiленген тәртіппен және мерзімдерде жүргізеді.

ҚР СК 353-бабының 1-тармағы бойынша жұмыскердің салық салынатын табысының сомасы мынадай тәртіппен айқындалады:

жұмыскердің төлем көзінен салық салуға жататын, салық кезеңі үшін есептелген кірістерінің сомасы,

минус ҚР СК 341-бабының 1-тармағында көзделген салық кезеңі үшін кірісті түзету сомасы,

минус ҚР СК 342-бабында көрсетілген тәртіпте салық шегерімдерінің сомасы,

ҚР СК 482-бабына сәйкес ҚР СК 482-бабының 3, 4, 5-тармақтарында көрсетілген төлеушілер үшін салық салу объектісі ҚР СК 322-бабының 1-тармағында көрсетілген жұмыскердің табыстары бойынша жұмыс берушінің шығыстары болып табылады.

«МӘМС туралы» ҚРЗ 2-бабына сәйкес, егер осы заңда өзгеше көзделмесе, ҚР аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар, сондай-ақ кандастар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде ҚР азаматтарымен тең құқықтарды пайдаланады және міндеттерді атқарады.

ҚР ратификациялаған халықаралық шарттың талаптарына сәйкес ҚР аумағында уақытша болатын шетелдіктер мен олардың отбасы мүшелері, егер заңдарда және халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде ҚР азаматтарымен тең құқықтарды пайдаланады және міндеттерді атқарады. Бірге тұратын жұбайы (зайыбы) мен балалары шетелдіктердің отбасы мүшелері болып табылады.