Кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын азаматтар, қандастар және мемлекеттік емес коммерциялық заңды тұлғалар (жеке кәсіпкерлік субъектілері), мемлекеттік кәсіпорындар (мемлекеттік кәсіпкерлік субъектілері) кәсіпкерлік субъектілері болып табылады. (ҚР Кәсіпкерлік кодексінің 23-бабы)

ҚР Кәсіпкерлік кодексінің 24-бабына сәйкес жұмыскерлердің жылдық орташа санына және жылдық орташа кіріске қарай кәсіпкерлік субъектілері мынадай санаттарға жатқызылады:

шағын кәсіпкерлік субъектілері, оның ішінде микрокәсіпкерлік субъектілері;

орта кәсіпкерлік субъектілері;

ірі кәсіпкерлік субъектілері.

Заңды тұлға құрмаған ДК және жұмыскерлерінің жылдық орташа саны бір жүз адамнан аспайтын және жылдық орташа кірісі республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын АЕК-тің үш жүз мың еселенген мөлшерінен аспайтын, кәсіпкерлікті жүзеге асыратын заңды тұлғалар шағын кәсіпкерлік субъектілері болып табылады.

Жұмыскерлерінің жылдық орташа саны он бес адамнан аспайтын немесе жылдық орташа кірісі республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын АЕК-тің отыз мың еселенген мөлшерінен аспайтын, жеке кәсіпкерлікті жүзеге асыратын шағын кәсіпкерлік субъектілері микрокәсіпкерлік субъектілері болып табылады.

Мемлекеттік қолдау және Қазақстан Республикасы заңнамасының өзге де нормаларын қолдану мақсаттары үшін:

1) есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымына байланысты әрекетті;

2) акцизделетін өнімді өндіруді және (немесе) көтерме саудада өткізуді;

3) астық қабылдау пункттерінде астық сақтау жөніндегі қызметті;

4) лотерея өткізуді;

5) ойын бизнесі саласындағы қызметті;

6) радиоактивті материалдардың айналымына байланысты қызметті;

7) банк қызметін (не банк операцияларының жекелеген түрлерін) және сақтандыру нарығындағы қызметті (сақтандыру агенті қызметінен басқа);

8) аудиторлық қызметті;

9) бағалы қағаздар нарығындағы кәсіби қызметті;

10) кредиттік бюролар қызметін;

11) күзет қызметін;

12) азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарының айналымына байланысты қызметті;

13) I кіші түрдегі цифрлық майнинг жөніндегі қызметті жүзеге асыратын дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар шағын кәсіпкерлік, оның ішінде микрокәсіпкерлік субъектілері деп танылмайды.

Осы тармақта көрсетілген қызметті жүзеге асыратын ДК мен заңды тұлғаларорта кәсіпкерлік субъектілеріне, ал ҚР КК 24-бабының 6-тармағында өлшемшарттарға сай келген жағдайда ірі кәсіпкерлік субъектілеріне жатқызылады.

Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес ойын бизнесі салығын, тіркелген салықты және бірыңғай жер салығын төлеушілер болып табылатын жеке кәсіпкерлік субъектілері үшін жұмыскерлердің саны бойынша өлшемшарт пайдаланылады.

Кәсіпкерлікті жүзеге асыратын, осы баптың 3 және 6-тармақтарына сәйкес шағын және ірі кәсіпкерлік субъектілеріне жатпайтын ДК мен заңды тұлғалар орта кәсіпкерлік субъектілері болып табылады.

Кәсіпкерлікті жүзеге асыратын және мынадай өлшемшарттардың біреуіне немесе екеуіне сай келетін: жұмыскерлерінің жылдық орташа саны екі жүз елу адамнан асатын және (немесе) жылдық орташа кірісі республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын АЕК-тің үш миллион еселенген мөлшерінен асатын ДК мен заңды тұлғалар ірі кәсіпкерлік субъектілері болып табылады.

ҚР Кәсіпкерлік кодексінің 25-бабында айтылғандай, кәсіпкерлік субъектілерінің санаттары туралы деректерді пайдалану үшін кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімін жүргізеді.

Кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімі кәсіпкерлік субъектілерінің санаттары туралы мәліметтерді қамтитын электрондық дерекқор болып табылады.

Кәсіпкерлік субъектілерінің санаттары туралы ақпарат жұмыста пайдалану үшін мүдделі тұлғаларға, оның ішінде мемлекеттік органдарға электрондық анықтама нысанында ұсынылады.