Медианалық жалақы – есептелген жалақы мөлшері бойынша жұмыскерлер санын бөлу қатарының орталығындағы және оны тең екі – жалақысы медианалықтан төмен және жоғары бөлікке бөлетін жалақы мөлшері;

Айлық жалақының ең төменгі мөлшерін есептеуді жүзеге асыру үшін мынадай параметрлер пайдаланылады:

1) жұмыскердің кірістерінің жеткіліктілігі жөніндегі талаптарды көрсететін елдегі медианалық жалақының пайызбен көрсетілген салмағы мен үлесі;

2) кәсіпорындардың төлем қабілеттілігін көрсететін еңбек өнімділігінің пайызбен көрсетілген салмағы мен үлесі.

Айлық жалақының ең төменгі мөлшерін есептеу үшін медианалық жалақы және еңбек өнімділігі бойынша ресми статистикалық мәліметтер пайдаланылады.

«Медианалық жалақы» және «Еңбек өнімділігі» ресми статистикалық мәліметтерін Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы қалыптастырады және stat.gov.kz ресми интернет-ресурста жарияланады.

Медианалық жалақыны есептеу Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттігінің Ұлттық статистика бюросы басшысының міндетін атқарушының 2023 жылғы 17 қарашадағы № 20 бұйрығымен бекітілген жұмыскерлердің орташа айлық жалақысын есептеу әдістемесіне сәйкес жүргізіледі.