Дактилоскопиялық тіркеу - дактилоскопиялық және (немесе) геномдық тіркеу саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдардың дактилоскопиялық ақпаратты жинау, өңдеу, қорғау, адамның жеке басын анықтау немесе растау бойынша жүзеге асыратын қызметі («Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы» Заңның 1-бабының 12-тармағы).

2021 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда геномдық тіркеу бөлігінде «Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы» Заң (бұдан әрі - Заң) күшіне енді.

Заңның дактилоскопиялық тіркеу бөлігіндегі нормалары 2024 жылғы 1 қаңтарда күшіне енді.

Осы Заңның мақсаты дактилоскопиялық және геномдық ақпарат негізінде адамның жеке басын растаудың және сәйкестендірудің құқықтық негіздерін белгілеу болып табылады.

Өмірде адамның жеке басын анықтау немесе растау мүмкін болмайтын көптеген жағдайлар (түрлі жағдайдағы көптеген құрбандармен болған өрттер мен әуе апаттары, танылмаған мәйіттер, ашылмаған қылмыс орындарынан биологиялық іздердің табылуы, адамдардың хабар-ошарсыз жоғалуы) туындайды.

Тиісті дерекқорларда дактилоскопиялық және геномдық ақпараттың болуы заңсыз құжаттандыру фактілерін болдырмауға, құжаттарды қолдан жасаудан, олардың иелерін алаяқтық және өзге де қылмыстық әрекеттерден қорғауға, жеке басын куәландыратын құжаттарды қалпына келтіру рәсімін жеңілдетуге мүмкіндік береді.

Дактилоскопиялық тіркеу

Дактилоскопиялық ақпарат деп адамның немесе танылмаған мәйіттің жеке басын анықтауға мүмкіндік беретін оның қолдарының саусақтарының және (немесе) алақандарының папиллярлық бедерлері құрылымының ерекшеліктері туралы биометриялық деректер және дербес деректер түсініледі.

Қазақстан Республикасының азаматтары дактилоскопиялық тіркеуден ерікті негізде өтеді.

Дактилоскопиялық тіркеуден өткен Қазақстан Республикасы азаматтарының қол саусақтарының бедерлері биометриялық паспорттар мен жеке куәліктердің чипіне енгізіледі.

12 жасқа дейінгі балаларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының барлық азаматтары дактилоскопиялық тіркеуден өте алады. Он екі жастан он алты жасқа дейінгі балаларға қатысты дактилоскопиялық тіркеу олардың келісімімен баланың заңды өкілінің қатысуымен және жазбаша өтініші негізінде жүргізіледі.

2024 жылдан бастап құжаттарыңызды бірден өзгертудің қажеті жоқ, олар мерзімнің соңына дейін әрекет ететін болады.

Міндетті дактилоскопиялық тіркеуге:

  • Қазақстан Республикасында уақытша немесе тұрақты тұруға рұқсатты ресімдеу кезінде шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар;
  • бірінші рет шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхатын, азаматтығы жоқ адамның куәлігін алу үшін немесе оны қалпына келтіру, ауыстыру үшін жүгінген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар;
  • пана іздеген адам мәртебесін алу туралы өтінішхат берген, бірінші рет босқын куәлігін және (немесе) жол жүру құжатын алу үшін немесе оларды қалпына келтіру, ауыстыру үшін жүгінген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар;
  • Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерлерге шығарып жіберілуге жататын не Қазақстан Республикасы ратификациялаған реадмиссия туралы халықаралық шарттардың күші қолданылатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар;
  • Қазақстан Республикасының визаларын алу кезінде шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар жатады.

Дактилоскопиялық тіркеуден дәрігерлік-консультативтік комиссияның қорытындысы негізінде дактилоскопиялау мүмкіндігін болдырмайтын дене кемістіктері бар адамдар, сондай-ақ екі қолында да барлық саусақтары немесе қолдары жоқ адамдар өтпейді.

Дактилоскопиялық тіркеуден өтуден бас тартқаны үшін жауапкершілік

  • Шетелдіктердің немесе азаматтығы жоқ адамдардың міндетті дактилоскопиялық тіркеуден өтуден бас тартуы - Қазақстан Республикасының шегінен әкімшілік жолмен шығарып жіберуге әкеп соғады.

Дактилоскопиялық тіркеуден өту үшін қандай құжаттар қажет

Дактилоскопиялық тіркеуден өту үшін шетелдіктердің немесе азаматтығы жоқ адамдардың жеке басын куәландыратын құжаты, ал ол болмаған жағдайда растау және дактилоскопиялық тіркеуге жіберу туралы анықтамасы болуы тиіс.

Дактилоскопиялық тіркеу қайда жүргізіледі

Дактилоскопиялық тіркеу келген жері бойынша көші-қон қызметі бөлімшелерінде жүргізіледі.