Нақты мекенжайы - бұл заңды тұлғаның орналасқан жеке мекенжайы.

Салық кодексінің 77-бабы 1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес салық органдары салық төлеуші ретінде тіркеу кезінде ұсынылған резидент-заңды тұлғаның және оның құрылымдық бөлімшесінің, бейрезидент-заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесінің тіркеу деректеріне – Бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімінің мәліметтері немесе тиімді басқару орны (нақты басқару органының орналасқан жері) ҚР-да болатын шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес құрылған заңды тұлға ретінде тіркеу есебіне қою туралы салықтық өтініштің негізінде өзгерістер мен толықтырулар енгізуді жүзеге асырады.

Салық органдары салық төлеушінің тіркеу деректеріне өзгерістер енгізуді сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімдерінің, уәкілетті мемлекеттік органдардың, банктердің немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың мәліметтерін, тіркеу есебіне қою туралы салықтық өтінішті алған күннен бастап 3 жұмыс күні ішінде жүзеге асырады.

«Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы» ҚР Заңының 14-1-бабы негізінде акционерлік қоғамды, олардың филиалдарын (өкілдіктерін) қоспағанда, жеке кәсіпкерлік субъектісіне жататын заңды тұлғаның орналасқан жерін ауыстырған кезде заңды тұлға, филиал (өкілдік) бұл туралы тіркеуші органға нақты мекенжайы бойынша орналасқан жерін ауыстыру туралы шешім қабылданған күннен бастап бір ай мерзімде хабарлайды.

Азаматтық кодекстің 39-бабына сәйкес заңды тұлғаның тұрақты жұмыс істейтін органының орналасқан жері оның орналасқан жері болып танылады.

Заңды тұлғаның орналасқан жері оның құрылтай құжаттарында толық пошталық мекенжайы жазыла отырып көрсетіледі.

Салық кодексінің 74-бабы 7-тармағының 4) тармақшасында Бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізіліміне енгізілген тұрақты жұмыс істейтін органның орналасқан жері резидент заңды тұлғаның орналасқан жері болып айқындалған.

Заңды мекенжайы өзгерген кезде заңды тұлғаның басшысы тиісті аумақтық әділет органына (ХҚО арқылы) хабарлайды.

Бұл үшін заңды мекенжайын ауыстыру туралы хабарлама беріледі, хабарламаға мөрмен бекітілген заңды тұлғаның уәкілетті органының құрылтай құжаттарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы шешімі не шешімінен үзінді көшірме, сондай-ақ заңды тұлғаның мөрімен бекітілген енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың мәтіні қоса беріледі.

 Заңды тұлға орналасқан жерін бір облыстан екінші облысқа (Астана және Алматы қалалары), бір облыстың ауданынан ауданына ауыстырған жағдайда, сондай-ақ жарғы жаңа редакцияда қабылданған және қосылу жолымен қайта ұйымдастырылған жағдайда, бұл жағдайда тіркеуге тапсыру үшін құжаттар топтамасы дайындалады.

Заңды тұлғаның орналасқан жерінің өзгеруін тіркеу және ол үшін мыналарды тапсыру қажет:

мөрмен бекітілген заңды тұлға басшысының немесе өзге де уәкілетті тұлғаның қолы қойылған белгіленген үлгідегі өтініш (мемлекет қатысатын заңды тұлғалар - тізілім ұстаушының белгісі бар өтініш);

заңды тұлға басшысының және құрылтайшыларының жеке басын куәландыратын құжаттардың, олардың салық төлеуші куәліктерінің көшірмелері (шаруашылық серіктестігіне қатысушылардың тізілімін жүргізуді бағалы қағаздарды ұстаушылар тізілімдерінің жүйесін жүргізу жөніндегі қызметті жүзеге асыруға лицензиясы бар бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушысы жүзеге асыратын шаруашылық серіктестіктері құрылтайшыларының құжаттарын қоспағанда). Заңды тұлғаның құрылтайшысы басқа заңды тұлға болған жағдайда, онда тiркеушi органға мемлекеттiк тiркеу (қайта тiркеу) туралы куәлiктiң және салық төлеушi куәлiгiнiң көшiрмелерi ұсынылады.

заңды тұлғаның уәкілетті органының құрылтай құжаттарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы мөрмен бекітілген шешімі не шешімінен үзінді көшірме;

заңды тұлғаның мөрімен бекітілген бұрынғы құрылтай құжаттарына қосымша түрінде не жаңа редакциядағы құрылтай құжаттары ретінде ресімделуі мүмкін заңды тұлғаның құрылтай құжаттарына өзгерістер мен толықтырулардың үш данасы. Егер құрылтай құжаттары заңға сәйкес нотариаттық куәландыруға жататын болса, онда оларға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар да нотариаттық тәртіппен куәландырылуға тиіс;

бұрынғы құрылтай құжаттарының түпнұсқалары (мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәлік, салық төлеуші куәлігінің көшірмесі);

жаңа орналасқан жерін растайтын құжат (орналасқан жері өзгерген жағдайда).

Аталған құжаттарды заңды тұлғаның жаңа орналасқан жері бойынша ХҚКО-ға тапсыру қажет.

Көрсетілген құжаттарды алғаннан кейін тіркеуші орган:

құрылтай құжаттарына енгізілген өзгерістерді тіркеу, мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы қайта ресімделген куәлікті беру және бұрынғы куәліктің күшін жою туралы бұйрық шығарады;

Тіркелімге, сондай-ақ заңды тұлғалардың, филиалдар мен өкілдіктердің бірыңғай электрондық тіркеліміне заңды тұлға туралы мәліметтерді енгізеді;

БСН берілген заңды тұлғаны тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәлікті, оның жаңа орналасқан жерін, заңды тұлғаның тіркеу нөмірін және тіркеу (қайта тіркеу) күнін және заңды тұлғаның құрылтай құжаттарына өзгерістер енгізу күнін көрсете отырып, мемлекеттік тіркеудің бастапқы күнін және бұрынғы тіркеу нөмірін көрсете отырып береді;

бұрынғы орналасқан жері бойынша тіркеуші органнан заңды тұлғаның құжаттарын сұратады;

куәліктің бұрынғы түпнұсқаларын, салық төлеушінің куәлігін, сондай-ақ жаңадан ұсынылған құжаттарды іске тігеді;

бұйрықтың көшірмесін заңды тұлғаның бұрынғы орналасқан жері бойынша тіркеуші органға жібереді. Бұйрықтың алынған көшірмесі негізінде тіркеуші орган бұрын тіркелген заңды тұлға туралы мәліметтерді Тіркелімнен заңды тұлға қызметінің тоқтатылғаны туралы жазбаны және заңды тұлғалардың, филиалдар мен өкілдіктердің электрондық тіркелімін енгізу арқылы алып тастайды.

Бұл жағдайда қайта тіркеу жүргізілмейді. Сізге жаңа мекенжай бойынша заңды тұлға орналасқан ауданның ХҚКО-на хабарлама және санамаланған құжаттарды беру арқылы уәкілетті органға хабарлау қажет.

Әкімшілік кодекстің 466-бабының 2-тармағына сәйкес тіркеуші органды заңды тұлғаның орналасқан жерінің өзгергені туралы уақтылы хабардар етпеу - шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға - бес, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - он, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне отыз АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

Осылайша, Заңды және нақты мекенжайы сәйкес келуi тиiс. Өйткені салық органдары тексеру мақсатында ҚҚС төлеушілер ретінде тексеру жүргізе алады.

Компания «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына ұйымның орналасқан жерінің өзгергені туралы электрондық хабарламаны ұсынады. Хабарламаға ЖШС жаңа орналасқан жерін растайтын құжат қоса беріледі. Тіркеу мәліметтеріне орналасқан жерін өзгерту электрондық хабарлама берілген сәттен бастап үш жұмыс күні ішінде енгізіледі.