Хеджирлеу - бұл бағаның немесе хеджирлеу объектісінің өзге де көрсеткішінің қолайсыз өзгеруі нәтижесінде ықтимал шығындарды төмендету мақсатында жасалатын туынды қаржы құралдарымен жасалатын операциялар. (Салық кодексінің 280-бабы)

Активтер және (немесе) міндеттемелер, сондай-ақ көрсетілген активтерге және (немесе) міндеттемелерге немесе күтілетін мәмілелерге байланысты ақша ағындары хеджирлеу объектілері болып табылады.

Туынды қаржы құралдарымен жасалатын операцияларды хеджирлеу операцияларына жатқызудың негізділігін растау үшін салық төлеуші осы операцияларды жасау хеджирлеу объектісімен жасалатын мәмілелер бойынша ықтимал залалдардың (пайданы толық алмаудың) мөлшерін төмендетуге алып келетінін (алып келуі мүмкін екенін) растайтын есеп-қисап жасайды. Хеджирлеу операциялары бойынша табыс немесе залал хеджирлеу объектісі үшін айқындалған Салық кодексінің нормаларына сәйкес салықтық есепке алу мақсатында есепке алынады. Салық есебі мақсатында хеджирлеу операциялары бойынша кіріс немесе залал ол айқындалған салық кезеңінде танылады.

Салық кодексінің 299-бабының 3-тармағында хеджирлеу операцияларының ерекшеліктерін ескере отырып, туынды қаржы құралдары бойынша залал Салық кодексінің 278, 279-баптарына сәйкес айқындалатын шығыстардың түсімдерден асып түсуі болып табылатыны белгіленген.

Бұдан басқа, осы баптың 8-тармағына сәйкес хеджирлеу операцияларының ерекшеліктерін ескере отырып, туынды қаржы құралдары бойынша залалдар туынды қаржы құралдары бойынша кіріс есебінен өтеледі. Егер осы залалдар орын алған кезеңде өтелмейтін болса, онда олар он жылға дейінгі мерзімге алға ауыстырылуы және туынды қаржы құралдары бойынша кірістер есебінен өтелуі мүмкін.

Салық кодексінің 191-бабы 1-тармағының 7-тармақшасына сәйкес салықтық есепке алу саясатында хеджирленетiн операцияларды жүзеге асырған жағдайда хеджирленетін тәуекелдерді айқындау саясаты, хеджирленетін құжаттар және оларға қатысты пайдаланылатын хеджирлеу құралдары, хеджирлеу тиімділігінің дәрежесін бағалау әдістемесі белгіленуі тиіс.

Бұдан басқа, міндетті түрде туынды қаржы құралдары бойынша салық тіркелімі жасалады.

Ақша ағындарын хеджирлеу.

Ақша ағындарын хеджирлеу - бұл барлық танылған активпен немесе міндеттемемен не оның құрамдауышымен немесе пайдаға немесе залалға әсер етуі мүмкін болжамды операциямен байланысты ақша ағындарының өзгеру тәуекелін хеджирлеу.