ҚР Еңбек кодексінің 1-бабы 1-тармағының 82 тармақшасына сәйкес іссапар - жұмыс берушінің өкімі бойынша жұмыскерді тұрақты жұмыс орнынан тыс басқа жерге белгілі бір мерзімге еңбек міндеттерін орындау үшін жіберу, сондай-ақ жұмыскерді басқа жерге оқуға, біліктілігін арттыруға немесе қайта даярлауға, сондай-ақ кәсіптік біліктілігін тануға жіберу.

Іссапар шығыстары - іссапарға арналған шығындар.

ҚР Еңбек кодексінің 127-бабына іссапар уақытында жұмыскердің жұмыс орны (лауазымы) мен іссапар күндеріне келетін жұмыс күндері үшін жалақысы сақталады.

Іссапарларға жіберілетін жұмыскерлерге:

1) іссапарда болған күнтізбелік күндері үшін, оның ішінде жолдағы уақыты үшін тәуліктік төлемдер;

2) баратын жеріне дейінгі және кері қайтқандағы жол жүру шығыстары;

3) тұрғын үй-жайды жалға алу шығыстары төленеді.

Жұмыскерлерді іссапарларға жіберудің шарттары мен мерзімдері еңбек, ұжымдық шарттарда немесе жұмыс берушінің актісінде айқындалады.

ҚР Салық кодексінің 242-бабының 1-тармағына сәйкес Салық кодексіне сәйкес шегерiмге жатпайтын шығыстарды қоспағанда, салық төлеушiнiң кіріс алуға бағытталған қызметті жүзеге асыруға байланысты шығыстары салық салынатын кірісті айқындау кезiнде Салық кодексінің осы бабында және 243 - 263-баптарында белгіленген ережелер ескеріле отырып, шегерімге жатады. Салық кодексінің 242-бабының 3-тармағында шегерiмдердi салық төлеуші өзінің кіріс алуға бағытталған қызметіне байланысты шығыстарды растайтын құжаттары болған кезде іс жүзінде жүргізілген осындай шығыстар бойынша жүргізетіні көзделген.

ҚР СК 244-бабына сәйкес қызметтiк iссапарлар кезiндегi өтемақылар бойынша мынадай шығыстар шегерiмге жатады:

1) жол жүруге арналған және броньға жұмсалған шығыстарды растайтын құжаттардың негізінде, броньға жұмсалған шығыстардың төлемақысын қоса алғанда, іссапарда болатын жерге және кері жол жүру шығыстары.

Жол жүру электрондық билетпен немесе электрондық жол жүру құжатымен ресімделген жағдайда, жол жүруге арналған және броньға жұмсалған шығыстарды растайтын құжаттар мыналар болып табылады:

  • электрондық билет, электрондық жол жүру құжаты;
  • электрондық билеттің, электрондық жол жүру құжатының құнын төлеу фактісін растайтын құжат;

Осы тармақшада көзделген шығыстарға бір елді мекен шегінде жол жүру жөніндегі шығыстар жатпайды;

2) тұрғынжайды жалдауға арналған және броньға жұмсалған шығыстарды растайтын құжаттардың негізінде, броньға жұмсалған шығыстардың төлемақысын қоса алғанда, іссапарда болу уақыты ішінде жұмыскердің тұрақты жұмыс орнынан тыс жерде тұрғын үй-жайды жалдауға арналған шығыстар. Мұндай шығыстар, оның ішінде іссапарға жіберілген жұмыскердің еңбекке уақытша жарамсыздық күндері үшін (іссапарға жіберілген жұмыскер стационарлық емдеуде болған жағдайлардан басқа) тұрғын үй-жайды жалдауға арналған шығыстарды қамтиды;

3) іссапарға жіберілген жұмыскердің еңбекке уақытша жарамсыздық күндерін қоса алғанда, жұмыскерге iссапарда болған уақытта төленетін, салық төлеушінің шешімі бойынша белгіленген мөлшердегі тәулікақы.

Осылайша, іссапарларға жіберілетін жұмыскерлерге мыналар міндетті түрде төленеді:

1) іссапарда болған күнтізбелік күндері үшін, оның ішінде жолдағы уақыты үшін тәуліктік төлемдер;

2) баратын жеріне дейінгі және кері қайтқандағы жол жүру шығыстары;

3) тұрғын үй-жайды жалға алу шығыстары.

Қалған шарттар (оның ішінде тамақтануға ақы төлеу) еңбек, ұжымдық шарттармен немесе жұмыс берушінің актісімен айқындалады.

Корпоративтік табыс салығын есептеу мақсатында салық төлеушінің қызметтік іссапарлар кезіндегі өтемақылар бойынша шығыстары, оның ішінде тұрғын үйді жалдауға арналған шығыстары, егер мұндай шығыстар тұрғын үй-жайды жалдауға арналған шығыстарды растайтын бастапқы құжаттар болған кезде табыс алуға бағытталған қызметті жүзеге асыруға байланысты болған жағдайда шегерімге жатқызылуға тиіс. Бұл ретте пәтерді жалдау бойынша шығыстарды растайтын құжат орындалған жұмыстардың актісі болып табылады. Шот-фактура ҚҚС есепке алуға мүмкіндік беретін құжат болып табылады.

Осылайша, жұмыскерді іссапарға жіберу кезінде жол жүру және тұру шығыстары, сондай-ақ тәуліктік шығыстар шегерімге жатады.

Бұл ретте жұмыскердің іссапары компания бойынша бұйрықпен (жұмыс берушінің актісімен) ресімделуге тиіс.

Тәулiкақы - бұл тұрақты тұратын жерiнен тыс тұруға байланысты қосымша шығыстарды төлеуге арналған белгiлi бiр ақша сомасы.

Іссапар бойынша тапсырманы орындауға жіберілген адам әртүрлі шығыстарға арналған ақшалай сомамен қамтамасыз етіледі.
Тәулік
ақы - ұйым жұмыскерге беретін, сомасы тәулік үшін болжамды шығыстар есебінен есептелетін ақша. Тәулікақы іссапар шығыстарының бөлігі болып табылады.

Тәуліктік ақы жұмыс берушінің шешімі бойынша кез келген мөлшерде белгіленеді (мысалы, Іссапарлар туралы ереже; Салықтық есепке алу саясаты және т.б.) және толық мөлшерде ҚР Салық кодексінің 244-бабында көзделген тәртіппен бухгалтерлік есеп мақсатында шегерімге жатқызылуы тиіс.

ҚР Салық кодексінің 319-бабы 2-тармағының 2-тармақшасына сәйкес:

2. Мыналар жеке тұлғаның кірісі ретінде қарастырылмайды:

2) егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, қызметтiк, оның ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жұмыскерді оқыту, біліктілігін арттыру немесе қайта даярлау мақсатындағы iссапарлар кезiндегі:

осы Кодекстің 244-бабы 1-тармағының 1), 2) және 4) тармақшаларында белгіленген өтемақылар;

ҚР шегіндегі іссапар бойынша – іссапарда болған күнтізбелік қырық күннен аспайтын кезең ішінде іссапарда болған әрбір күнтізбелік күн үшін республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын АЕК-тің 6 еселенген мөлшерінен аспайтын тәуліктік өтемақылар;

ҚР шегінен тыс жердегі іссапар бойынша – іссапарда болған күнтізбелік қырық күннен аспайтын кезең ішінде іссапарда болған әрбір күнтізбелік күн үшін республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын АЕК-тің 8 еселенген мөлшерінен аспайтын тәуліктік өтемақылар.

Осылайша, 6, 8 АЕК шектеуі 40 күннен астам іссапарда болған кезде жұмыскердің кірісін тану және белгіленген 6, 8 АЕК-тен артық тәуліктік шығыстар бойынша салық салу үшін белгіленген.