Жұмыс уақыты - жұмыскер жұмыс берушінің актілеріне және еңбек шартының талаптарына сәйкес еңбек міндеттерін орындайтын уақыт, сондай-ақ Еңбек кодексіне, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік-құқықтық актілеріне, ұжымдық шартқа, жұмыс берушінің актісіне сәйкес жұмыс уақытына жатқызылған өзге де уақыт кезеңдері. (ҚР Еңбек кодексінің 1-бабының 47-тармағы)

ҚР Еңбек кодексінің 67-бабына сәйкес - Жұмыс уақыты қалыпты ұзақтықта, қысқартылған ұзақтықта және толық емес болуы мүмкін.

ҚР Еңбек кодексінің 69-бабы негізінде - Он сегіз жасқа толмаған жұмыскерлер үшін:

1) он төрт жастан он алты жасқа дейінгі жұмыскерлер үшін – аптасына 24 сағаттан аспайтын;

2) он алты жастан он сегіз жасқа дейінгі жұмыскерлер үшін – аптасына 36 сағаттан аспайтын жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығы белгіленеді.

Ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды және (немесе) қауіпті жұмыстарда істейтін жұмыскерлер үшін Өндірістердің, цехтардың, кәсіптер мен лауазымдардың тізіміне, ауыр жұмыстардың, еңбек жағдайлары зиянды және (немесе) қауіпті жұмыстардың тізбесіне сәйкес аптасына 36 сағаттан аспайтын жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығы белгіленеді.

Осы тармақта белгіленген жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығы ауыр, зиянды және (немесе) қауіпті жағдайлардағы еңбегі өндірістік объектілерді еңбек жағдайлары бойынша аттестаттау нәтижелерімен расталған жұмыскерлерге қолданылады.

Жұмыс беруші өндірістік объктілерді еңбек жағдайлары бойынша, сондай-ақ аттестаттауға жатпайтын жұмыс орындары бойынша аттестаттауды өткізбеген жағдайда, жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығы Өндірістердің, цехтардың, кәсіптер мен лауазымдардың тізіміне, ауыр жұмыстардың, еңбек жағдайлары зиянды және (немесе) қауіпті жұмыстардың тізбесіне сәйкес толық көлемде беріледі.

Жіберуші тараптың жұмыскерлеріне жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығы қабылдаушы тараптың өндірістік объектілерін еңбек жағдайлары бойынша аттестаттау нәтижелерінің негізінде беріледі.

Бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар жұмыскерлерге аптасына 36 сағаттан аспайтын жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығы белгіленеді.

Жұмыскерлер жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығын белгілеген кезде оларға еңбекақы төлеу Еңбек Кодексіне сәйкес жүргізіледі.

Еңбек кодексінің 106-бабына сәйкес жұмыс күні толық болмаған немесе жүктемесі толық болмаған кезде бірлесіп жұмысқа орналастыруды қолдану нақты орындалған жұмыстар үшін, сондай-ақ уақытша немесе біржолғы сипаттағы жұмыстарға ақы төлеу үшін еңбек шартының талаптарында және (немесе) жұмыс берушінің актісінде еңбекке сағат бойынша ақы төлеуді белгілеуге болады. Осы Кодексте көзделген жұмыскерлердің жекелеген санаттары үшін жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығы кезінде еңбекке сағат бойынша ақы төлеу белгіленеді.