Жүк жөнелтуші - оның атынан жүк жөнелту ресімделетін жеке немесе заңды тұлға. (Автомобиль көлігімен жүк тасымалдау қағидаларының 5-тармағы)

Автомобиль көлігімен жүктерді тасымалдау қағидаларының 13-тармағына сәйкес жүк жөнелтуші тасымалдаушыға тасымалдауға берілген жүкке қағаз тасымалдағышта ресімделген жағдайда, төрт данада жасалатын тауар-көлік жүкқұжатын ұсынады.

Тауар-көлік жүкқұжатында көрсетілген мәліметтердің дұрыс еместігі, дәл еместігі немесе толық еместігі салдарынан туындаған зиянды жүк жөнелтуші өтейді.

Жүктерді жүк жөнелтушіден тасымалдауға қабылдау қағаз тасымалдағышта ресімделген жағдайда тауар-көлік жүкқұжатының барлық даналарында тасымалдаушының қолымен куәландырылады.

Бірінші данасы жүк жөнелтушіде қалады және тасымалдауға ұсынылған жүкті есептен шығаруға арналады. Екінші, үшінші және төртінші даналарын жүк жөнелтуші тасымалдаушыға тапсырады.

Жүк жөнелтуші тауар-көлік жүкқұжаттарының қосымша даналарын жазып береді, олардың саны жүк жөнелтуші мен тасымалдаушы арасындағы келісіммен белгіленеді.

Тауар-көлік жүкқұжатының барлық даналарында қағаз тасымалдағышта ресімделген жағдайда жүк жөнелтуші автокөлік құралының келу, кету және тұрып қалу уақытын көрсетеді, сондай-ақ тиеу тәсілін, жүктің салмағын, жүк орындарының санын, тасымалдаушы орындайтын қызметтердің түрлерін көрсетеді және тауар-көлік жүкқұжаттарын қолмен, мөрмен немесе мөртабанмен куәландырады.

Жеке кәсіпкерлік субъектілеріне жататын заңды тұлғалар үшін мөрдің немесе мөртабанның болуы талап етілмейді.

Жүк жөнелтуші (жүк алушы) тауар-көлік жүкқұжатында және (немесе) жол парағында автокөлік құралының тиеу (түсіру) пунктіне (нен) келу (кету) уақытын белгілейді.

Осылайша, тауарды көлік құралына тиеу кезінде жүк жөнелтуші ТКЖ жазып беруі тиіс, ал жол парағын тасымалдаушының өзі ресімдейді.

ЭШФ ҚР СК 412-бабына сәйкес жазып беріледі.

Егер компания жүк жөнелтуші болып табылса, онда Электрондық шот-фактуралардың ақпараттық жүйесінде электрондық нысанда шот-фактураны жазып беру қағидаларының 51-тармағында және оның нысанында, ЭШФ «Жүк жөнелтуші мен жүк алушының деректемелері» D  бөлімінде жүк жөнелтуші мен жүк алушының (олар болған кезде) мынадай деректемелері көрсетіледі:

1) «ЖСН/БСН» 25.1-жолында жүк жөнелтушінің ЖСН немесе БСН;

2) «Атауы» 25.2-жолындажүк жөнелтушінің атауы;

3) «Жөнелту мекенжайы» 25.3-жолында – тауарды жөнелту орнының мекенжайы;

4) «ЖСН/БСН» 26.1-жолында – жүк алушының ЖСН немесе БСН;

5) «Атауы» 26.2-жолында – жүк алушының атауы;

6) «Жеткізу мекенжайы» 26.3-жолында – тауарды жеткізу орнының мекенжайы;

7) «Ел коды» 26.4-жолында – КОК № 378 шешімімен бекітілген әлем елдерінің жіктеуішіне сәйкес елдің әріптік коды (Шешімге № 22 қосымша).

Бұл жол тауарды экспортқа өткізу кезінде немесе тауарды Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерлерге бір заңды тұлға шегінде беруге (өткізуге) байланысты толтырылуға жатады, өзге жағдайларда автоматты түрде «KZ» толтырылады.

«Жүк жөнелтуші мен жүк алушының деректемелері» атты D бөліміндегі жолдарды толтыру, «Ел коды 26.4-жолын қоспағанда, міндетті болып табылмайды.