Кедендік төлемдер - бұл тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізуге байланысты осы Кодекске сәйкес бюджетке төленуге жататын кедендік алымдар, кедендік баждар (ҚР Кедендік реттеу туралы кодексінің 3-бабы 1-тармағының 26-тармақшасы)

Кедендік реттеу туралы кодекстің 74-бабына сәйкес кедендік төлемдерге, салықтарға:

1) кедендік әкелу бажы;

2) кедендік әкету бажы;

3) тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелу кезінде алынатын қосылған құн салығы;

4) тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелу кезінде алынатын акциз (акциздер);

5) кедендік алымдар жатады.

Төлеушілер, есептеу тәртібі және төлеу, есепке жатқызу (қайтару) және өндіріп алу, есепке жазу мерзімдері, сондай-ақ төлеу бойынша жеңілдіктер:

1) кедендік баждарға қатысты - Одақ туралы шартта, Еуразиялық экономикалық одақтың және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында;

2) тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізу кезінде кеден органдары алатын қосылған құн салығына және акциздерге қатысты – осы Кодексте және Қазақстан Республикасының салық заңнамасында айқындалады.

Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінетін, жеке пайдалануға арналған тауарларға қатысты Кодекстің 39-тарауына сәйкес, бірыңғай мөлшерлемелер бойынша алынатын кедендік баждар, салықтар не жиынтық кедендік төлем түрінде алынатын кедендік баждар, салықтар төленуге жатады. Осы тараудың және Кодекстің 8, 9, 10, 11 және 12-тарауларының ережелері осы Кодекстің 39-тарауында көзделген жағдайларда қолданылады.

 Кедендік баждардың мөлшерлемелері мынадай түрлерге бөлінеді:

  • баж салынатын тауарлардың кедендік құнынан пайызбен белгіленетін – адвалорлық;
  • заттай көріністегі физикалық сипаттамаларға (санына, салмағына, көлеміне немесе өзге де сипататтамаларына) қарай белгіленетін – өзіндік ерекшелікті;
  • адвалорлық және ерекшелікті түрлерiн ұштастыратын аралас.

Кеден органдары тауарларды шығаруға, көлік құралдарын кедендік алып жүруге байланысты кедендік операцияларды жасағаны үшін, сондай-ақ «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» ҚР Кодексінде (Кодекс) белгіленген өзге әрекеттерді жасағаны үшін алынатын міндетті төлемдер кедендік алымдар болып табылады.

Кедендік алымдардың мөлшерлемелерін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.

Кедендік алымдардың мөлшерлері кеден органдарының өздеріне байланысты кедендік алымдар белгіленген әрекеттер жасауына жұмсалатын шығындарының шамамен алынған құнынан аса алмайды.

Кедендік алымдарды төлеушілер, кедендік алымдардың түрлері, оларды төлеу, өндіріп алу және есепке жатқызу (қайтару) мерзімдері мен тәртібі, кедендік алымдарды төлеу бойынша жеңілдіктер, сондай-ақ кедендік алымдар төленбейтін жағдайлар Кодексте белгіленеді.

Кедендік алымдарға:

  • тауарларды кедендік декларациялау үшін кедендік алым;
  • кедендік алып жүру үшін кедендік алым жатады. Бірнеше автомобильдік көлік құралымен өткізілетін тауарларды кедендік алып жүру кезінде кедендік алым сомасы көрсетілген көлік құралдарының санына пропорционалды түрде бөлінеді;
  • алдын ала шешім қабылдау үшін кедендік алым жатады.

Төлеуші тауарларды кедендік декларациялау үшін кедендік алымды кедендік декларациялауды бергенге дейін немесе сонымен бір мезгілде төлейді.

Кедендік декларациялауға кедендік алымдарды есептеу үшін, егер осы Кодексте өзгеше белгіленбесе, кеден органы кедендік декларацияны тіркеген күні қолданыста болатын мөлшерлемелер қолданылады.

Төлеуші кедендік алып жүру үшін кедендік алымды кеден органы кедендік алып жүру туралы шешім қабылдағаннан кейін, бірақ кеден органы осындай шешім қабылдаған күнді қоса алғанда, кедендік алып жүруді ұйымдастыру басталған күннен кешіктірмей төлейді.

Төлеуші кеден органының алдын ала шешім қабылдауы үшін кедендік алымды кеден органына алдын ала шешім қабылдау туралы өтініш берілген күнді қоса алғанда, осындай өтініш берілген күннен кешіктірмей төлейді.

Тауарларды кедендік декларациялау үшін кедендік алымды төлеу бойынша жеңілдіктер берілген кезде тұлғаның тауарларды пайдалану және оларға билік ету жөніндегі шектеулерді бұзған күні осы алымды төлеу мерзімі болып есептеледі. Егер шектеулер бұзылған күнді анықтау мүмкін болмаса, кедендік декларация тіркелген күн кедендік декларациялау үшін кедендік алымды төлеу мерзімі болып есептеледі.

Тауарларды ЕАЭО кедендік шекарасы арқылы заңсыз өткізген кезде тауарларды ЕАЭО кедендік шекарасы арқылы өткізу күні тауарларды кедендік декларациялау үшін кедендік алымды төлеу мерзімі болып есептеледі. Егер тауарларды ЕАЭО кедендік шекарасы арқылы заңсыз өткізу күнін анықтау мүмкін болмаса, тауарларды ЕАЭО кедендік шекарасы арқылы заңсыз өткізу фактісі анықталған күн кедендік декларациялау үшін кедендік алымды төлеу мерзімі болып есептеледі.

Кедендік алымдарды бюджетке төлеу Кодексте кедендік баждарды, салықтар мен өсімпұлдарды төлеу үшін көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.

Кедендік алымдар Кодексте белгіленген мерзімде уақтылы немесе толық төленбеген жағдайда, төлеуші кедендік баждар, салықтар бойынша өсімпұлдарды төлеу үшін белгіленген тәртіппен өсімпұлдар төлейді.

Кедендік реттеу туралы кодекстің 79-бабы негізінде кедендік төлемдерді, салықтарды бойынша жөніндегі жеңілдіктер деп:

1) кедендік әкелу баждарын (тарифтік жеңілдіктер);

2) кедендік әкету баждарын;

3) салықтарды;

4) кедендік алымдарды төлеу бойынша жеңілдіктер түсініледі.

Кедендік алымдарды төлеу бойынша жеңілдіктер деп тауарларды кедендік декларациялау үшін кедендiк алымдарды төлеу бойынша жеңілдіктер түсініледі.

Кедендік әкелу баждарын төлеу бойынша жеңілдіктерді (тарифтік жеңілдіктерді) беру жағдайлары және шарттары, сондай-ақ оларды қолдану тәртібі Одақ туралы шартқа сәйкес айқындалады.

Одақ туралы шарттың 43-бабына сәйкес кедендік әкелу баждарын төлеу жөніндегі жеңілдіктерді (тарифтік жеңілдіктерді) кедендік әкелу бажының мөлшерлемесін төмендету түрінде беру жағдайлары мен шарттарын белгілеген кезде Комиссия осы Кодексте көзделгеннен өзге, өздері басталған кезде кедендік әкелу баждарын төлеу жөніндегі міндет тоқтатылатын және (немесе) кедендік әкелу баждарын төлеу мерзімі басталатын мән-жайларды айқындауға құқылы.

Кедендік әкету баждарын төлеу бойынша жеңілдіктер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес беріледі.

Тауарларды кедендік декларациялау үшін кедендiк алымдарды төлеу бойынша жеңілдіктер, сондай-ақ кедендік алымдар төленбейтін жағдайлар (бұдан әрі осы тарауда – кедендiк алымдарды төлеу бойынша жеңілдіктер) осы Кодекстің 80-бабына сәйкес белгіленеді.

Осы тармақта көзделген жеңілдіктер жеке-дара сипатта бола алмайды.

Салықтарды төлеу бойынша жеңілдіктер Қазақстан Республикасының салық заңнамасында айқындалады.

Кедендік төлемдерді, салықтарды төлеу бойынша жеңілдіктер беру мақсатында кеден органдары Қазақстан Республикасының өзге мемлекеттік органдарымен бірлескен актілерінде айқындалған тәртіппен Қазақстан Республикасының тиісті мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасасады.