Бас бухгалтерді ауыстыру кезінде істерді қабылдау және тапсыру және жаңа бас бухгалтерді тағайындау ҚР Қаржы министрінің 2015 жылғы 31 наурыздағы № 241 бұйрығымен бекітілген Бухгалтерлік есепті жүргізу қағидаларымен (бұдан әрі – Қағидалар) регламенттелген және субъект басшылығының бұйрығы негізінде жүргізіледі, онда:

1) бухгалтерлік қызметтің істерін қабылдау-тапсыру мерзімдері, бірақ бұйрыққа қол қойылған сәттен бастап екі аптадан аспауы тиіс;

2) тапсырушы мен қабылдаушының еңбегіне ақы төлеу тәртібі;

3) істерді қабылдау-тапсыру кезеңінде құжаттарға қол қою құқығы кімге берілгені көрсетіледі, бұл ретте істі қабылдайтын адамның қол қою құқығы ресімделгенге дейін құжаттарды тапсырушы қабылдаушының бақылауымен құжаттарға қол қояды.

Істерді тапсыру процесінде бухгалтерлік есептің жай-күйі, есептік деректердің дұрыстығы тексеріледі, қабылдаушы және тапсырушы тараптар қол қоятын, субъектінің басшылығы бекітетін қабылдау-тапсыру актісі жасалады. Акт екі данада жасалады. Біреуі бухгалтерлік қызметте, екіншісі істі беруші тарапта қалады.

Актінің жекелеген ережелерімен келіспеген жағдайда, қабылдап алушы оған қол қою кезінде тиісті дәлелді ескертпелерді көрсетеді.

Бухгалтерлік есептің жай-күйі қанағаттанарлықсыз болған жағдайда бухгалтерлік есепті қалпына келтіру процесін ұйымдастыру субъектінің басшылығына жүктеледі.

Қағидаларда шаруашылық операциялары бухгалтерлiк есеп тiркелiмдерiнде хронологиялық ретпен көрсетiлiп, бухгалтерлiк есептiң тиiстi шоттары бойынша топтастырылатындықтан, сондай-ақ «Бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы» ҚР Заңында ұйымдар бастапқы құжаттарды, қағаз және (немесе) электрондық тасығыштардағы бухгалтерлік есептің тіркелімдерін, қаржылық есептілікті, есепке алу саясатын, есепке алу деректерін электрондық өңдеу бағдарламасын ҚР заңнамасында белгіленген кезең ішінде сақтауға міндетті деп белгіленгендіктен, істерді қабылдау-тапсыру актісінде мұрағаттық бірліктердегі (папкалардағы) осындай құжаттардың саны, сондай-ақ істерді тапсырушы бухгалтер қол қойған қаржылық есептілік нысандары көрсетілген бухгалтерлік есеп шоттары бойынша берілуге тиіс бастапқы есепке алу құжаттарының атауы туралы мәліметтер қамтылуға тиіс.

Салық кодексінің 190-бабының 2-тармағына сәйкес есепке алу құжаттамасы:

1) "Бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы" ҚР Заңына сәйкес оны жүргізу жөніндегі міндет жүктелген тұлғалар үшін – бухгалтерлік құжаттаманы;

3) бастапқы есепке алу құжаттарын;

4) салық нысандарын;

5) салықтық есепке алу саясатын;

6) салық салу объектілерін және (немесе) салық салуға байланысты объектілерді айқындау үшін, сондай-ақ салықтық міндеттемені есептеу үшін негіз болып табылатын өзге де құжаттарды қамтиды.

Салық нысандары салықтық өтінішті, салық есептілігін және салық тіркелімдерін қамтиды.

Салық есептілігі салық декларацияларын, есеп айырысуларды, оларға қосымшаларды, салықтардың, бюджетке төленетін төлемдердің, әлеуметтік төлемдердің түрлері бойынша, импортталған тауарлар бойынша жанама салықтар бойынша декларацияны, тауарларды әкелу және жанама салықтардың төленгені туралы өтінішті, жалдау (пайдалану) шарттарының тізілімін қамтиды. Салық есептілігінің нысандарын және оларды жасау қағидаларын уәкілетті орган бекітеді.

Салық нысандары Салық кодексінің 48-бабында белгіленген талап қою мерзімі ішінде салық төлеушіде (салық агентінде) сақталады.

Осылайша, жаңа бас бухгалтерге ЖШС шаруашылық қызметіне байланысты барлық бухгалтерлік құжаттар, соның ішінде бастапқы есепке алу құжаттары, салық нысандары, есепке алу саясаты, салықтық есепке алу саясаты, өзге де құжаттар берілуге тиіс.