Кәсiптiк одақ (кәсiподақ) - Қазақстан Республикасы азаматтарының еңбек, өндірістік-кәсiптiк мүдделерiнiң ортақтығы негiзiнде өз мүшелерiнiң еңбек және әлеуметтiк-экономикалық құқықтары мен мүдделерiн бiлдiру және қорғау үшін ерiктi түрде құрылатын, тiркелген мүшелiгi бар қоғамдық бiрлестiк.

Кәсіптік одақтар туралы заңның 4-бабына сәйкес

1. Кәсіподақтар өз мүшелерiнiң тең құқылығы негiзiнде құрылады. Бiр сала, ұйым шеңберiнде құрылатын кәсiподақтардың саны шектелмейді.

2. Барлық кәсiподақтарға тең құқықтық мүмкiндiктер берiледi.

3. Кәсiподақ құруға кедергi келтiруге, оның қызметiне қарсы іс-қимыл жасауға, сол сияқты оның істеріне заңсыз араласуға жол берілмейді.

Кәсіподақ құру

1. Кәсiподақ кемiнде он адамнан тұратын, өздерінің кәсіптік және өндірістік мүдделерінің ортақтығымен байланысты, жарғы бекiтiлетін және кәсіподақ органдары қалыптастырылатын құрылтай съезiн (конференцияны, жиналысты) шақыратын Қазақстан Республикасы азаматтары тобының бастамасы бойынша құрылады.

2. Мүшелiкке ие болу және одан айырылу шарттары мен тәртiбi кәсiподақтың жарғысында айқындалады.

3. Кәсiподақтың заңды тұлға ретiндегi құқық қабiлеттiлiгi мемлекеттiк тiркелген кезден бастап пайда болады.

Кәсіподақты мемлекеттік тіркеу, қайта ұйымдастыру және тарату

1. Кәсіподақты мемлекеттік тіркеу Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы заңнамасына сәйкес жүргізіледі.

Кәсіподақты мемлекеттiк тiркеу үшін қажеттi құжаттар тiркеушi органға кәсіподақтың құрылтай съезi (конференциясы, жиналысы) өткiзiлген күннен бастап екі айдан кешiктiрiлмей ұсынылады.

2. Республикалық, аумақтық кәсiподақтар бiрлестiктерi, салалық кәсiподақтар тiркелген күннен бастап бiр жыл өткенге дейiн оларды тiркеген органға осы Заңның 11-бабының 3-тармағында, 12-бабының 3-тармағында және 13-бабының 2-тармағында көзделген талаптарға сәйкес келуін растайтын құжаттардың көшiрмелерiн ұсынуға мiндеттi.

Мүшелік кәсіподақ жарналары

1. Кәсiподақ ұйым қызметiне нұқсан келтiрмей, жұмыс және оқу орны бойынша мүшелiк кәсiподақ жарналарын жинауға құқылы.

2. Тараптардың келісімі бойынша және кәсіподақ мүшелері болып табылатын жұмыскерлердің жазбаша өтініштері болған кезде жұмыс беруші айына кемінде бір рет, келесі айдың бірінші онкүндігінен кешіктірмей кәсіподақтың шотына жұмыскерлердің жалақысынан мүшелік кәсіподақ жарналарын аударады.

3. Мүшелік кәсіподақ жарналары кәсіподақтың меншігі болып табылады.

Кәсiподақ ұйымдары жылдық есептi СЕН 100.00 - «Корпорациялық табыс салығы бойынша декларация» бойынша тапсырады. ҚР Салық кодексінің 289-бабы негізінде кәсіподақ ұйымы коммерциялық емес ұйым ретінде, егер алынған кірістер қатысушылар арасында бөлінбесе және оның кірістері:

- мүшелік және кіру жарналарынан;

- өтеусіз алынған мүліктен, оның ішінде қайырымдылық және демеушілік көмектен, гранттардан;

- мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты жүзеге асырудан;

- депозиттер бойынша сыйақылардан;

- ақшаны депозиттерге орналастыру және олар бойынша сыйақылар кезінде туындаған бағамдық айырмадан түскен кірістен тұрса, КТС есептеуден және төлеуден босатылады.

Басқа кірістерге жалпы негіздерде КТС салынады.

Декларация нысанына тек коммерциялық емес ұйымдар толтыруы тиіс екі жаңа қосымша қосылды:

- 100.10-нысан - Коммерциялық емес ұйымға салық салу;

- 100.11-нысан - Коммерциялық емес ұйымның өтеусіз алынған (берілген) мүлкі (қайырымдылық көмек, демеушілік көмек, ақша және басқа мүлік), мүшелік және кіру жарналары.

Кәсiподақ ұйымы Декларацияның негiзгi нысанын СЕН 100.00, 100.10; 100.11 және «Жылдық қаржылық есептіліктің құрамдас бөліктері туралы мәліметтер» атты 100.07-нысанын толтыруға мiндеттi, ол бухгалтерлік баланс негізінде толтырылады.

КТС бойынша декларацияны толтыру ҚР ҚМ 2020 жылғы 20 қаңтардағы № 39 бұйрығымен бекітілген Корпоративтік табыс салығы бойынша салық есептілігін (декларацияны) (100.00-нысан) жасау қағидаларына сәйкес жүргізіледі.