Талап қою мерзiмi - бұл адам құқығының немесе заңмен қорғалатын мүдденiң бұзылуынан туындаған талап қою талабы қанағаттандырылуы мүмкiн уақыт кезеңi. (ҚР Азаматтық кодексінің 177-бабы).


2026 жылғы 1 қаңтардан бастап талап қоюдың ескіру мерзімі

2026 жылғы 1 қаңтарға дейінгі талап қоюдың ескіру мерзімі


2026 жылғы 1 қаңтардан бастап талап қоюдың ескіру мерзімі


Жаңа Салық кодексі (
2025 жылғы 18 шілдедегі № 214-VIII ҚР Кодексі) 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енді.

Салық кодексінің 65-бабына сәйкес мынадай:

1) салық органы салықтар мен бюджетке төленетін төлемдерді есептеуге, есепке жазуға немесе олардың есептелген, есепке жазылған сомасын қайта қарауға құқылы болатын;

2) салық төлеуші (салық агенті):

  • салықтық есептілікті ұсынуға міндетті;
  • салықтық есептілікке өзгерістер мен толықтырулар енгізуге құқылы болатын;
  • салықтар мен бюджетке төленетін төлемдерді, өсімпұлдарды есепке жатқызуды және (немесе) қайтаруды талап етуге құқылы болатын уақыт кезеңі салықтық міндеттеме мен талап бойынша талап қоюдың ескіруі деп танылады.

Талап қоюдың ескіру мерзімі:

салық төлеушілердің мынадай санаттары:

  • Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінде ірі кәсіпкерлік субъектілеріне жатқызылған;
  • қызметін жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартқа сәйкес жүзеге асыратын;
  • Салық кодексінің 33-тарауында белгіленген талаптарды сақтау жөніндегі міндеттемелері бар Қазақстан Республикасының резиденттері;
  • есепке жатқызу әдісімен төленген импортталатын тауарларға қосылған құн салығының сомалары бөлігінде қосылған құн салығын төлеушілер үшін бес жылды құрайды;

осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілмеген салық төлеушілер үшін үш жылды құрайды.

Талап қоюдың ескіру мерзімінің өтуі тиісті салықтық кезең аяқталғаннан кейін басталады.

ҚР Азаматтық кодексінің 178-бабына сәйкес талап қоюдың жалпы ескіру мерзімінің үш жылға белгіленеді.

Талаптардың жекелеген түрлері үшін заң актілерінде жалпы мерзіммен салыстырғанда қысқартылған немесе неғұрлым ұзақ арнайы талап қою мерзімдері белгіленуі мүмкін.

Талап қоюдың ескіру мерзімінің өтуі:

1) Қазақстан Республикасының аумағында алғаш рет пайдалануға берілген өндірістік мақсаттағы ғимараттар мен құрылысжайларды салу кезеңіндегі салықтық міндеттеме және қосылған құн салығының асып кету сомасын қайтару туралы талап бойынша ҚР СК 129-бабы 2-тармағының 2) тармақшасы қолданылған жағдайда – мұндай ғимараттар мен құрылысжайлар алғаш рет пайдалануға берілген салықтық кезең аяқталғаннан кейін;

2) геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу және кен орнын жайластыру кезеңіндегі салықтық міндеттеме және қосылған құн салығының асып кету сомасын қайтару туралы талап бойынша ҚР СК 129-бабы 2-тармағының 1) тармақшасында көзделген қайтару тәртібі қолданылған жағдайда – кең таралған пайдалы қазбаларды, жерасты суларын және емдік балшықтарды қоспағанда, жер қойнауын пайдалануға арналған тиісті келісімшарт шеңберінде өндірілген пайдалы қазбалар экспортының басталуы тұспа-тұс келетін салықтық кезең аяқталғаннан кейін басталады;

3) ҚР СК 122 және 126-баптарында көзделген тәртіппен қосылған құн салығының асып кетуінің расталған сомасын есепке жатқызу (немесе) қайтару жүргізілген жағдайда – осындай соманың анықтығы, оның ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес салықтық тексеру нәтижелеріне шағым жасау нәтижелері бойынша расталған салықтық кезең аяқталғаннан кейін басталады.

Салықтың, бюджетке төленетін төлемнің, өсімпұлдардың артық (қате) төленген сомасын есепке жатқызу және (немесе) қайтару үшін талап қою мерзімінің өтуі ҚР СК 122-бабының 5-тармағына сәйкес айқындалады.

Талап қоюдың ескіру мерзімі:

1) салықтар мен бюджетке төленетін төлемдерді есепке жазу және (немесе) олардың есептелген сомасын қайта қарау бөлігінде салық төлеуші (салық агенті) талап қоюдың ескіру мерзімі күнтізбелік бір жылға жетпей өтетін кезеңдегі қосымша салықтық есептілікті немесе хабарлама бойынша салықтық есептілікті ұсынған жағдайда – күнтізбелік бір жылға;

2) бюджетке төленетін КТС есепке жазу және (немесе) оның есептелген сомасын қайта қарау бөлігінде салық төлеуші (салық агенті) талап қоюдың ескіру мерзімі күнтізбелік бір жылға жетпей өтетін кезеңдегі залалдарды ауыстыру бөлігінде қосымша салықтық есептілікті ұсынған жағдайда – күнтізбелік үш жылға;

3) Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттың негізінде бейрезиденттің бюджеттен табыс салығын қайтаруға арналған салықтық өтінішін қарау нәтижелері бойынша шығарылған шешім орындалғанға дейін;

4) ҚР СК 232-бабына сәйкес жүргізілген өзара келісу рәсімінің қорытындылары бойынша қабылданған шешім орындалғанға дейін;

5) анықталған бұзушылықтар бөлігінде – талап қоюдың ескіру мерзімі өткенге дейін жіберілген және табыс етілген, камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған алшақтықтар туралы хабарлама, тауарларды өткізу, жұмыстарды орындау және қызметтерді көрсету бойынша айналымның нақты жасалғанын растау туралы хабарлама орындалғанға дейін;

6) салықтық берешекті өтеу туралы хабарлама және жеке тұлғаның салықтық берешегі өтелгені туралы хабарлама орындалғанға дейін;

7) салық органы инвестор халықаралық төрелікте бастамашылық жасаған төрелік талқылау бойынша ол шағым жасаған салықтық кезең басталғаннан бастап осындай төрелік талқылау бойынша түпкілікті шешім шығарылғанға дейінгі кезеңде талқылаудың нысанасы болып табылған салықтар мен бюджетке төленетін төлемдерді есепке жазу және (немесе) олардың есептелген, есепке жазылған сомаларын қайта қарау бөлігінде – осындай талқылау аяқталғаннан кейін бес жылға;

8) салық органының Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген берешекті өндіріп алу туралы шарт бойынша коллекторлық қызметті жүзеге асыратын салық төлеушінің салықтарын және бюджетке төленетін төлемдерін есепке жазу және (немесе) олардың есептелген, есепке жазылған сомасын қайта қарауы бөлігінде – көрсетілген шарт бойынша коллекторлық қызмет бойынша қызмет көрсету аяқталған жылдан кейінгі жылдан бастап күнтізбелік үш жылға ұзартылады.

Салықтар мен бюджетке төленетін төлемдерді есепке жазу және (немесе) олардың есептелген, есепке жазылған сомасын қайта қарау бөлігінде талап қоюдың ескіру мерзімі:

1) салықтық тексеру басталған күннен бастап салықтық тексеру нәтижелері туралы хабарлама орындалған күнге дейінгі;

2) салық органы лауазымды адамдарының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым берілген күннен бастап жоғары тұрған салық органы шешім шығарған және (немесе) сот актісі заңды күшіне енген күнге дейінгі кезеңге тоқтатыла тұрады.

Салықтық тексеру салықтық тексерудің басталу күніне күнтізбелік отыз күннен аз уақыт қалған салықтық кезеңдегі талап қоюдың ескіру мерзімінің өтуіне дейін осындай мерзім өткеннен кейін аяқталған жағдайда, талап қоюдың ескіру мерзімін тоқтата тұру көрсетілген салықтық кезеңге қолданылмайды. Осындай салықтық тексерумен қамтылған қалған салықтық кезеңдер бойынша тексерілетін кезеңдегі талап қоюдың ескіру мерзімі салықтық тексеру басталған салықтық кезеңнен кейінгі салықтық кезеңнен бастап тоқтатыла тұрады.

2026 жылғы 1 қаңтарға дейінгі талап қоюдың ескіру мерзімі

Талап мерзiмi - бұл адам құқығының немесе заңмен қорғалатын мүдденiң бұзылуынан туындаған талап қою талабы қанағаттандырылуы мүмкiн уақыт кезеңi.

Талап мерзiмi мен оларды есептеу тәртiбi заңда көзделедi және тараптардың келiсiмiмен өзгертiлмейдi.

ҚР Азаматтық кодексінің 178-бабына сәйкес ескіру мерзімі:


Талап қоюдың жалпы мерзімі үш жыл болып белгіленеді.

Талаптардың жекелеген түрлерi үшiн заң құжаттарымен талап қоюдың жалпы мерзiммен салыстырғанда қысқартылған немесе неғұрлым ұзақ арнаулы мерзiмдерi белгiленуi мүмкiн.

Талап қоюдың қолданылуы

1. Талап қою мерзiмiнiң өтiп кетуiне қарамастан бұзылған құқықты қорғау туралы талапты сот өз қарауына алады.

2. Талап мерзiмiн сот шешiм шығарғанға дейiн дауда тарап жасаған мәлiмдеме бойынша ғана сот қолданады.

3. Талап қойғанға дейiн талап қою мерзiмiнiң өтiп кетуi соттың талаптан бас тарту туралы шешiм шығаруына негiз болады.

Басты талап бойынша талап қою мерзiмiнiң бiтуiне байланысты қосымша талаптар (айыптарды өндiрiп алу, кепiлдiк берушiнiң жауапкершiлiгi және т.б. туралы) бойынша да талап қою мерзiмi бiтедi.

Талап қою мерзімінің өтуі

1. Талап қою мерзiмiнiң өтуi адам құқық бұзушылық туралы бiлген немесе бiлуге тиiс болған күннен басталады. Оларды бұл ережеден айыру осы Кодекспен және өзге де заң құжаттарымен белгiленедi.

2. Белгiленген орындау мерзiмiне байланысты мiндеттемелер бойынша талап қою мерзiмiнiң өтуi орындалу мерзiмi аяқталғаннан кейiн басталады.

3. Орындалу мерзiмi белгiленбеген не талап ету кезiмен белгiленген мiндеттемелер бойынша талап қою мерзiмiнiң өтуi мiндеттеменi орындау туралы талап қойылған кезден басталады, ал егер борышқорға сондай талаптарды орындау үшiн жеңiлдiк мерзiмi берiлсе, талап мерзiмiн есептеу аталған мерзiм аяқталғаннан кейiн басталады (осы Кодекстiң 277-бабының 2-тармағы).

4. Регрестiк мiндеттемелер бойынша талап мерзiмiнiң өтуi негiзгi мiндеттеменi орындау кезiнен басталады.

Талап қою мерзімінің өтуін тоқтата тұру

1. Талап қою мерзімінің өтуі:

1) егер талап қоюға төтенше және бұл жағдайда болмай қоймайтын оқиға (бой бермейтiн күш) кедергi жасаса;

2) мiндеттемелердiң бұл түрiн орындау Қазақстан Республикасы Президентiнiң жариялауымен кейiнге қалдырылуына байланысты (мораторий);

3) егер талапкер немесе жауапкер соғыс жағдайына көшiрiлген әскери бөлiмшелер құрамында болса;

4) егер әрекет қабiлеттiгi жоқ адамның заңды өкiлi болмаса;

5) тиiстi қатынасты реттейтiн заңнаманың қолданылуын тоқтата тұруға байланысты тоқтатыла тұрады.

Азаматтың өмiрiне немесе денсаулығына келтiрiлген зиянның орнын толтыру туралы талаптар бойынша талап қою мерзiмiнiң өтуi азаматтың зейнетақы төлемдерiн тағайындау және/немесе жүзеге асыру туралы немесе жәрдемақы тағайындау туралы тиiстi ұйымдарға жолдануына байланысты зейнетақы төлемдерi тағайындалғанға және/немесе жүзеге асырылғанға немесе жәрдемақы тағайындалғанға не зейнетақы төлемдерiн тағайындаудан және/немесе жүзеге асырудан немесе жәрдемақы тағайындаудан бас тартылғанға дейiн тоқтатыла тұрады.

2. Талап қою мерзiмiнiң өтуi, егер осы бапта көрсетiлген мән-жайлар талап мерзiмiнiң соңғы алты айы iшiнде пайда болса немесе бұрынғысынша қала берсе тоқтатыла тұрады, ал егер бұл мерзiм алты айдан аспаса - талап мерзiмiнiң өтуi кезiнде тоқтатыла тұрады.

3. Тоқтата тұруға әкелiп соқтырған мән-жайлар тоқтатылған күннен бастап талап қою мерзiмiнiң өтуi одан әрi жалғасады. Бұл орайда мерзiмнiң қалған бөлiгi алты айға дейiн, ал егер талап қою мерзiмi алты айдан аспаса - талап мерзiмiне дейiн ұзартылады.

Талап қою қолданылмайтын талаптар

Талап қою:

1) заң құжаттарында көзделгеннен басқа реттерде материалдық емес игiлiктер мен мүлiктiк емес өзiндiк құқықтарды қорғау туралы талаптарға;

2) салымшылардың банкiге банктiк салымдарды беру туралы талаптарына;

3) азаматтың өмiрiне немесе денсаулығына келтiрiлген зиянның орнын толтыру туралы талаптарға қолданылмайды. Алайда, талап қою мерзiмi өтiп кеткеннен кейiн қойылған талаптар талап қойыла бастаған соң үш жылдан асырмай қанағаттандырылады;

4) егер меншiк иесiнiң немесе өзге заң иеленушiнiң өз құқығының кез келген бұзылуы иелiктен айыруға байланысты болмаса (осы Кодекстiң 264, 265-баптары), олардың осы құқық бұзушылықты жою туралы талабына;

5) заң құжаттарында белгiленген реттерде басқа талаптарға да қолданылмайды.