Салықтық зерттеп-қарау – бұл салық төлеушінің (салық агентінің) тіркеу деректерінде көрсетілген тұрған жері бойынша іс жүзінде бар немесе жоқ екенін растау мақсатында салық органы жүзеге асыратын іс-шара. (ҚР Салық кодексінің 181-бабы)

Оның мақсаты - салық төлеушінің тіркеу деректерінде көрсетілген мекенжай бойынша шын мәнінде тұратынын тексеру.


2026 жылғы 1 қаңтардан бастап салықтық зерттеп-қарау

2026 жылғы 1 қаңтарға дейін салықтық зерттеп-қарау

 

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап салықтық зерттеп-қарау

Жаңа Салық кодексі (2025 жылғы 18 шілдедегі № 214-VIII ҚР Кодексі) 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енді.


Салықтық зерттеп-қараудың мәні

Тексеру жүргізу үшін негіздер

Салықтық зерттеп-қарау актісі

Мәліметтерді жариялау

Салық төлеушінің іс-әрекеті

Куәгердің қатысуы

Салықтық зерттеп-қараудың мәні

Салықтық зерттеп-қарау - бұл ұйымның нақты бар екендігіне және көрсетілген орналасқан жері бойынша жұмыс істейтініне көз жеткізу үшін салық органының лауазымды адамдарының компанияның немесе жеке кәсіпкердің заңды мекенжайы бойынша шығуы.

Зерттеп-қарау тіркеу деректерінде тіркелген мекенжай бойынша жұмыс уақытында жүргізіледі.

Бұл ретте рәсімге инспекторлардың іс-әрекетінің фактісі мен нәтижелерін тіркейтін кемінде екі куәгер - бөгде, мүдделі емес адамдар міндетті түрде қатысады.

Тексеру жүргізу үшін негіздер

ҚР СК 181-бабына сәйкес Салықтық зерттеп-қарау жүргізу үшін:

1) салық төлеушіге (салық агентіне) нұсқаманы, салықтық тексерудің алдын ала актісін, салықтық тексеру актісін, мүлікке билік етуді шектеу туралы шешімді және (немесе) билік етуі шектелген мүлік тізімдемесінің актісін табыс етудің мүмкін болмауы;

 2) адресаттың тіркеу деректерінде көрсетілген тұрған жері бойынша болмауына, сондай-ақ ұялы байланыстың абоненттік нөмірлері мен электрондық пошта мекенжайлары туралы деректердің болмауына немесе ұсынылған деректер бойынша кері байланыстың болмауына орай табыс етілуінің мүмкін еместігі туралы белгі қойылған пошта хат-хабарының қайтарылуына байланысты, салық төлеушінің (салық агентінің) іс жүзінде бар немесе жоқ екенін растау қажеттілігі негіз болып табылады.

Салықтық зерттеп-қараудың жүргізілетіні туралы салық төлеушіге (салық агентіне) (басшысына) веб-қосымша немесе веб-портал арқылы күні бұрын, бірақ салықтық зерттеп-қарау жүргізілгенге дейін үш жұмыс күнінен кешіктірілмей хабарланады.

Салықтық зерттеп-қарау актісі

Салықтық зерттеп-қарау нәтижелері бойынша салық төлеушінің (салық агентінің) тұрған жері бойынша болмау фактісі анықталған кезде салықтық зерттеп-қарау актісі жасалады.

Салықтық зерттеп-қарау актісіне оны жасаған салық органының лауазымды адамы, сондай-ақ куәгерлер қол қояды.

Әрекет жасалған кезде орындалған фотографиялық түсірілімдер мен негативтер, бейнежазбалар немесе басқа да материалдар актіге қоса тігілуі мүмкін.

Салықтық зерттеп-қарау актісінің көшірмесі салық төлеушіге (салық агентіне) оның сұрау салуы бойынша веб-қосымша арқылы ұсынылады.

Мәліметтерді жариялау

Салық органы салықтық зерттеп-қарау актісі жасалған күннен кейінгі күннен кешіктірмей:

1) уәкілетті органның интернет-ресурсында салық төлеуші (салық агенті) туралы мәліметтерді сәйкестендіру нөмірін, тегін, атын және әкесінің атын немесе атауын, салықтық зерттеп-қарауды жүргізу күнін көрсете отырып орналастырады;

2) салық төлеушінің тұрған жерін (болмауын) растау туралы хабарламаны (бұдан әрі осы баптың мақсатында – хабарлама) салық төлеушіге (салық агентіне) жібереді.

Салық төлеушінің іс-әрекеті

Салық төлеуші (салық агенті) хабарламаны салық органына өзі келу тәртібімен:

1) салықтық зерттеп-қарау кезінде болмау себептері туралы түсінікті;

2) жылжымайтын мүлікке құқықтылығына қарай салық төлеушінің (салық агентінің) тұрған жерін растайтын құжатты:

  • жылжымайтын мүлікке меншік құқығын немесе оны пайдалану құқығын растайтын (кемінде бір жыл мерзімге) құжаттың көшірмесін;
  • пайдалану құқығын растайтын (бір жылдан аз мерзімге) құжаттың көшірмесін, ұсынғанға дейін кемінде он жұмыс күні бұрын салыстырып тексеру үшін көрсетілген құжаттың түпнұсқасын немесе нотариат куәландырған көшірмесін ұсына отырып;
  • тұрған жері ретінде мәлімделген жылжымайтын мүлік меншік құқығында болатын жеке тұлғаның нотариат куәландырған келісімін ұсыну арқылы орындауға тиіс.

Маңызды! Нотариус құжаттардың нотариат куәландырған көшірмелерін оларды салық органдарына ұсынғанға дейін кемінде 10 жұмыс күні бұрын куәландыруы тиіс.

Хабарлама осы бапта белгіленген мерзімде орындалмаған кезде салық органы хабарламаны орындау мерзімі өткеннен кейінгі келесі жұмыс күні электрондық шот-фактуралардың жазып берілуін тоқтата тұрады.

Куәгердің қатысуы

Салық органдары лауазымды адамдарының мынадай әрекеттер жасауы:

1)
салық органдарының осы Кодексте көзделген құжаттарын табыс етуі (салық төлеуші (салық агенті) оларды қабылдаудан бас тартқан кезде);

2)
салық төлеушінің (салық агентінің) билік ету шектелген мүлкін тізімдеу;

3)
салық салу объектiсi және (немесе) салық салуға байланысты объект болып табылатын мүлiкке оның тұрған жеріне қарамастан, нұсқаманың негiзiнде жүргізілетін зерттеп-қарау;

4)
нұсқаманың негiзiнде салық төлеушiнiң (салық агентінің) мүлкіне (тұрғын үй-жайлардан басқа), оның ішінде осы Кодексте айқындалған тәртіппен арнаулы құралдарды (фото-, аудио-, бейнеаппаратураларды) қолдана отырып түгендеу жүргiзу;

5)
салықтық зерттеп-қарау өздерінің талап етуі немесе салық төлеушінің (салық агентінің) талап етуі бойынша кемінде екі куәгердің қатысуымен жүзеге асырылады.

Куәгер ретінде салық органы лауазымды адамының және салық төлеушінің (салық агентінің) әрекеттерінің нәтижесіне мүдделі емес кәмелетке толған, әрекетке қабілетті азаматтар тартылады.

Салық органының, уәкілетті мемлекеттік органдардың лауазымды адамының, өзіне қатысты осы баптың 1-тармағында көзделген әрекет жасалып жатқан салық төлеушi (салық агенті) жұмыскерінің және құрылтайшысының куәгер ретінде қатысуына жол берілмейді.

Куәгер әрекеттер жасалған кезде өзі қатысқан, салық органының лауазымды адамы жасайтын, куәгердің қатысуымен әрекет жасау туралы актіде тіркеп-белгіленген салық органының лауазымды адамдары мен салық төлеуші (салық агенті) әрекеттерінің фактісін, мазмұнын және нәтижелерін куәландырады.
Куәгер жасалған әрекеттер туралы ескертулер жасауға құқылы. Куәгердің жасаған ескертулері салық органының лауазымды адамы жасайтын, куәгердің қатысуымен әрекет жасау туралы актіге енгізілуге тиіс.



Куәгердің қатысуымен іс-әрекет жасау туралы салық органының лауазымды адамы жасайтын актіде міндетті түрде көрсетіледі:

  • тегі, аты, әкесінің аты,
  • жеке сәйкестендіру нөмірі,
  • тұрғылықты жері,
  • куәгер ретінде қатысқан адамның жеке басын куәландыратын құжаттың түрі мен нөмірі.


2026 жылғы 1 қаңтарға дейін салықтық зерттеп-қарау

Салықтық зерттеп-қарау - бұл салық төлеушінің (салық агентінің) іс жүзінде бар немесе жоқ екенін растау мақсатында салық органы жүзеге асыратын мемлекеттік бақылаудың өзге нысаны. (Салық кодексінің 70-бабы)

Салықтық зерттеп-қарау салық төлеушінің (салық агентінің) тіркеу деректерінде көрсетілген орналасқан жері бойынша жұмыс уақытында жүргізіледі.
Салықтық зерттеп-қарауды жүргізуге қатысу үшін осы Кодексте айқындалған тәртіппен куәгерлер тартылады.

Салықтық зерттеп-қарауды жүргізу үшін негіздер

Салықтық зерттеп-қарау актісі

Салық төлеушінің орналасқан жерін растайтын құжат

Салықтық тексеру жүргізу үшін негіздер

Салық кодексінің 70-бабына сәйкес салықтық зерттеп-қарауды жүргізу үшін:

1) салық төлеушіге (салық агентіне) салықтық тексеру жүргізу туралы хабарламаны, нұсқаманы, камералдық бақылау нәтижелері бойынша қорытындыны, салықтық тексерудің алдын ала актісін, салықтық тексеру актісін, мүлікке билік етуді шектеу туралы шешімді және (немесе) билік етуі шектелген мүлік тізімдемесінің актісін табыс етудің мүмкін болмауы;

2) салық төлеушінің (салық агентінің) орналасқан жерінде болмауы себебіне орай салық органы хабарламасы бар тапсырыс хатпен пошта арқылы жіберген, ҚР СК 114-бабының 2-тармағының 2), 3) және 7) тармақшаларында көзделген хабарламаны пошта немесе өзге байланыс ұйымының қайтаруы негіз болып табылады.

Бұл ретте салық төлеушіге (салық агентіне) қатысты осы тармақшада көзделген негіз бойынша салықтық зерттеп-қарау осындай хатты пошта немесе өзге байланыс ұйымы қайтарған күннен кейін жүргізіледі.

Осы тармақшаның ережелері ҚР СК 115-бабының 3-тармағында көзделген жағдайда қолданылмайды;

3) ҚР СК 367-бабы 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес қосылған құн салығын төлеуші болып табылатын салық төлеушінің тіркеу деректерінде көрсетілген орналасқан жерінде іс жүзінде бар немесе жоқ екенін растау қажеттігі негіз болып табылады.

Салықтық зерттеп-қарау жүргізу үшін осы тармақшада көзделген негіз ҚР СК 213 және 214-баптарында айқындалған тәртіппен салықтық есептілікті ұсынуды тоқтата тұрған салық төлеушілерге, сондай-ақ банкроттық рәсімі қолданылған салық төлеушілерге қатысты қолданылмайды;

4) ҚР СК 114-бабы 2-тармағының 10) тармақшасында көзделген хабарламаны орындамаған салық төлеушінің, сондай-ақ ҚР СК 91-бабына сәйкес әрекет етпейтін деп танылған салық төлеушінің іс жүзінде бар немесе жоқ екенін растау қажеттігі негіз болып табылады.

Салықтық зерттеп-қарау актісі

Салық кодексінің 70-бабының 3-тармағында көрсетілгендей салықтық зерттеп-қарау нәтижелері бойынша салықтық зерттеп-қарау актісі жасалады, онда:

  • жасалған жері, күні мен уақыты;
  • актіні жасаған салық органының лауазымды адамының лауазымы, тегі, аты және әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе);
  • салық органының атауы;
  • тартылған куәгердің тегі, аты және әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе), жеке басын куәландыратын құжаттың атауы мен нөмірі, тұрғылықты жерінің мекенжайы;
  • салық төлеушінің тегі, аты және әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе) және (немесе) атауы, оның сәйкестендіру нөмірі;
  • салықтық зерттеп-қарау нәтижелері туралы ақпарат көрсетіледі.

Салық органы салық төлеушiнiң тіркеу деректерінде көрсетілген орналасқан жерiнде оның жоқ екені анықталған салықтық зерттеп-қарау актісін жасаған күннен кейiнгi күннен кешiктiрмей, осындай салық төлеушiнiң сәйкестендiру нөмiрiн атауын немесе тегiн, атын, әкесiнiң атын (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе), салықтық зерттеп-қарау актiсiн жүргiзу күнiн көрсете отырып, ол туралы ақпаратты уәкiлеттi органның интернет-ресурсына орналастырады.

ҚР СК 70-бабы 2-тармағының 3) тармақшасында көрсетілген негіз бойынша жүргізілген салықтық зерттеп-қарау нәтижесінде салық төлеушінің тіркеу деректерінде көрсетілген орналасқан жерінде іс жүзінде жоқ екені анықталған жағдайда, салық органы мұндай салық төлеушіге салық төлеушінің орналасқан жерін (жоқ екенін) растау туралы хабарлама жібереді.

Салық органы ҚР СК 70-бабының 4-тармағында көрсетілген хабарламаны жіберген күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде салық төлеуші салық органына өзі келу тәртібімен салық төлеушінің орналасқан жерін растайтын құжаттардың көшірмелерін және түпнұсқасын (салыстырып тексеру үшін) немесе құжаттардың нотариат куәландырған көшірмелерін қоса бере отырып, салықтық зерттеп-қарау кезінде болмау себептері туралы жазбаша түсінік ұсынуға міндетті.

Салық төлеушінің орналасқан жерін растайтын құжат

Мынадай құжаттардың бірі:

  • жылжымайтын мүлікке меншік (оны пайдалану) құқығын растайтын құжат;
  • орналасқан жері ретінде мәлімделген жылжымайтын мүлік меншік құқығында болатын жеке тұлғаның жазбаша келісімі салық төлеушінің орналасқан жерін растайтын құжат болып табылады.

Салық төлеушінің орналасқан жерін растайтын құжаттың көшірмесін нотариат куәландыратын және оны салық органына ұсынатын күндер арасындағы мерзім он жұмыс күнінен аспауға тиіс.

Салық төлеуші осы баптың 5-тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген талапты орындамаған жағдайда Салық кодексінің 70-бабына сәйкес салық органы мынадай іс-әрекеттердің бірін жүзеге асырады:

1) ҚР СК 118-бабы 1-тармағының 6) тармақшасына сәйкес мұндай салық төлеушінің банктік шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұрады;

2) жазбаша түсінік ұсыну үшін осы тармақта белгіленген мерзімнің соңғы күніне мұндай салық төлеушіде ашылған банктік шоттар болмаған жағдайда, ҚР СК 85-бабының 4-тармағында айқындалған тәртіппен қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебінен шығаруды жүргізеді.

ҚР СК 70-бабы 5-тармағы төртінші бөлігінің 1) тармақшасында көрсетілген жағдайда, салық төлеуші өзінің банктік шоттары бойынша шығыс операциялары тоқтатыла тұрған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде салық органына өзі келу тәртібімен салықтық зерттеп-қарау кезінде орналасқан жерінде болмау себептері туралы жазбаша түсінік ұсынуға міндетті.

Салық төлеуші осы тармақтың бірінші бөлігінде белгіленген талапты орындамаған жағдайда, салық органы ҚР СК 85-бабының 4-тармағында айқындалған тәртіппен мұндай салық төлеушіні қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебінен шығаруды жүргізеді.