Шартты түрде шығару - тауарларды пайдалану және оларға билік ету бойынша шектеулер сақталған жағдайда тауарларды шығару.

«Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» ҚР Кодексінің
202-бабына сәйкес ішкі тұтыну үшін шығарудың кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлар, оларға қатысты:

1) осы тауарларды пайдалану және (немесе) оларға билік ету бойынша шектеулермен қатар қолданылған кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеу жөніндегі жеңілдіктер;

2) тыйым салулар мен шектеулерді сақтау Одақ туралы шартқа және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тауарды шығарғаннан кейін расталуы мүмкін;

3) Еуразиялық экономикалық одақтың шеңберіндегі халықаралық шарттарға немесе Еуразиялық экономикалық одаққа кіру туралы халықаралық шарттарға (мемлекеттің Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қосылуы туралы халықаралық шарттарға) (бұдан әрі – Еуразиялық экономикалық одаққа кіру туралы халықаралық шарттар) сәйкес Еуразиялық экономикалық одақтың Бірыңғай кедендік тарифінде белгіленгенге қарағанда кедендік әкелу баждарының неғұрлым төмен мөлшерлемелері қолданылған болса, шартты түрде шығарылған деп саналады.

2. Осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген шартты түрде шығарылған тауарларға қатысты кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеу жөніндегі жеңілдіктерді беру мақсаттары және шарттары, сондай-ақ осындай жеңілдіктерді қолдануға байланысты осындай тауарларды пайдалану және (немесе) оларға билік ету бойынша шектеулер сақталуға тиіс.

Осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген, осы Кодекстің 40-тарауына сәйкес халықаралық тасымалдау көлік құралдары ретіндегі көлік құралдары болып табылатын шартты түрде шығарылған тауарларды, мұндай пайдалану кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеу жөніндегі жеңілдіктерді беру мақсаттары мен шарттарын бұзбайтын болса, сондай-ақ осындай жеңілдіктерді пайдалануға байланысты осындай тауарларды пайдалану және (немесе) оларға билік ету бойынша белгіленген шектеулерді сақтамауға алып келмесе, пайдалануға болады.

Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар шеңберінде объектілерді салу (құру, тұрғызу), оның жұмыс істеуі (пайдалану, қолдану) мен олардағы тыныс-тіршілікті қамтамасыз ету мақсатында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағы мен объектілер арасында жеке тұлғалар мен тауарларды тасымалдауды жүзеге асыратын әуе және су кемелерінің қалыпты пайдаланылуын қамтамасыз ету және оларға техникалық қызмет көрсету мақсатында Қазақстан Республикасының аумағының бір бөлігінен Қазақстан Республикасының континтенттік қайраңын қоса алғанда, Қазақстан Республикасының егемендік құқықтары және ерекше юрисдикциясы болатын аумаққа әуе немесе су көлігімен және (немесе) теңізбен тасымалданатын осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген шартты түрде шығарылған тауарларды өткізуге жол беріледі.

3. Осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес шартты түрде шығаруға жол берілмейтін тауарлардың тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.

Көрсетілген тізбе уақытша немесе тұрақты негізде белгіленуі мүмкін.

Шартты шығарылымға тауарларға арналған декларацияны тіркеу күні тауарлардың техникалық регламенттердің талаптарына сәйкестігін растайтын құжаттары жоқ ішкі тұтыну үшін шығарудың кедендік рәсімімен орналастыруға мәлімделген төмендегі тауарлар ауыстырылады:

  • «Кеден одағы шеңберінде бірыңғай құжаттарды бере отырып сәйкестікті міндетті бағалауға (растауға) жататын өнімнің бірыңғай тізбесі туралы» Кеден одағы комиссиясының 2011 жылғы 7 сәуірдегі № 620 шешімімен бекітілген бірыңғай құжаттарды бере отырып, Кеден одағы шеңберінде сәйкестікті міндетті бағалауға (растауға) жататын өнімнің бірыңғай тізбесіндегі өнім (тауарлар);
  • Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттерінің талаптары қолданылатын тауарлар;
  • Қазақстан Республикасының техникалық регламенттерінің талаптары қолданылатын тауарлар.

Шартты түрде шығарылған тауарлардың техникалық регламенттерінің талаптарына сәйкестігін растау үшін декларант «Сәйкестікті бағалау қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрінің міндетін атқарушының 2021 жылғы 29 маусымдағы № 433-НҚ бұйрығымен бекітілген нысан бойынша сәйкестікті растау жөніндегі органдарға және (немесе) сынақ зертханаларына сертификаттау жүргізуге өтінім береді.

Шартты түрде шығарылған тауардың техникалық регламенттерінің талаптарына сәйкестігін растау рәсімінің нәтижелері бойынша сәйкестікті растау жөніндегі органдар шартты түрде шығарылған тауардың техникалық регламенттерінің талаптарына сәйкестігін растау туралы құжатты беру немесе беруден бас тарту туралы шешім қабылдайды.

Құжатты беру туралы шешім қабылдаған кезде сәйкестікті растау жөніндегі органдар «Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында сәйкестікті міндетті бағалауға жататын өнімді Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелу тәртібі туралы» Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесінің 2021 жылғы 12 қарашадағы № 130
шешімімен бекітілген Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында сәйкестікті міндетті бағалауға жататын өнімді Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелу тәртібінің 4-тармағына сәйкес құжат береді.

2022 жылғы 20 желтоқсаннан бастап
техникалық регламенттер талаптарына сәйкестікті растау қағидаларына өзгерістер күшіне енеді.

Енгізілген өзгерістер шартты түрде шығарылған тауарларға қатысты мемлекеттік кірістер органдары лауазымды адамдарының кедендік бақылауды аяқтау мерзімін көздейді. Енді мемлекеттік кірістер органдарының жұмыскерлері шартты түрде шығарылған тауарларға қатысты кедендік бақылауды аяқтаудың ең ұзақ мерзімі ҚР аумағына әкелінетін тауарлардың қауіпсіздігін растайтын құжаттарды ұсынған сәттен бастап 4 жұмыс күнін құрайды.

Шартты түрде шығарылған тауарларға қатысты кедендік бақылауды аяқтау мерзімдері бойынша мемлекеттік кірістер органдары лауазымды адамдарының міндеттемесі шетелдік тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың тауарлары деп уақтылы танудың кепілдігі болып табылады.

«Мемлекеттік кірістер органына есеп жүргізудің және есептілікті ұсынудың кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары - Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2020 жылғы 10 сәуірдегі № 374 бұйрығына сәйкес шетелдік тауарларға ие және (немесе) оларды пайдаланатын тұлғалар жартыжылдықта бір рет, есепті кезеңнен кейінгі айдың 10-күнінен кешіктірмей тіркеу есебінде тұрған мемлекеттік кірістер органына осы бұйрыққа 6-қосымшаға сәйкес нысан бойынша шетелдік тауарларды, оның ішінде ИТЕТТ-1 нысаны бойынша Еуразиялық экономикалық одақтың Бірыңғай кедендік тарифімен белгіленгенге қарағанда кедендік әкелу бажының ең төмен мөлшерлемесі қолданылатын тауарларды пайдалану бойынша есепті ұсынады.

Шетелдік тауарларға иелік ететін және пайдаланатын тұлғалар: Есептілікті мынадай мерзімде ұсынады:

  • жарты жылда бір рет
  • есепті кезеңнен кейінгі айдың 10-күнінен кешіктірмей мемлекеттік кірістер органына ұсынады.