Есепке жатқызылатын салық сомасының есепті салық кезеңінің соңында өсу қорытындысымен декларация бойынша қалыптасқан есептелген салық сомасынан асып кетуі ҚҚС асып кету сомасы болып танылады. (ҚР Салық кодексінің 125-бабы)


2026 жылғы 1 қаңтардан бастап ҚҚС қайтару

2026 жылғы 1 қаңтарға дейін ҚҚС қайтару


2026 жылғы 1 қаңтардан бастап ҚҚС қайтару

Жаңа Салық кодексі (2025 жылғы 18 шілдедегі № 214-VIII ҚР Кодексі) 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енді.

ҚҚС қайтарудың жалпы тәртібі ҚР Салық кодексінің 125-131-баптарымен регламенттелген.

Салық реформасы шеңберінде 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енетін қосылған құн салығының асып кеткен сомасын қайтарудың бірыңғай қағидалары бекітілді.

Осы Қағидалар:

  • қосылған құн салығының асып кеткен сомаларының, оның ішінде қайтаруға ұсынылған сомалардың дұрыстығын растау бойынша тақырыптық тексерулер жүргізу кезінде;
  • қосылған құн салығының асып кетуін қайтарудың оңайлатылған тәртібін қолданған кезде;
  • оларға қатысты қайтарудың ерекше тәртібі қолданылатын халықаралық шарттардың ережелеріне сәйкес қосылған құн салығының асып кетуі расталған кезде қосылған құн салығының асып кеткен сомасын қайтару тәртібі мен мерзімдерін белгілейді.

Мыналардың:

  • нөлдік мөлшерлеме бойынша салық салынатын тауарлардың, жұмыстардың немесе көрсетілетін қызметтердің экспортын жүзеге асыратын;
  • жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар шеңберінде қызметін жүргізетін;
  • алғаш рет пайдалануға берілетін өндірістік объектілерді салу үшін тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алатын салық төлеушілердегі ҚҚС асып кеткен сомалары қайтарылуға жатады.

Егер асып кету АӨК дайындаушы ұйымдарымен операциялар бойынша, салық төлеу есебіне заттай нысанда берілген тауарлар бойынша не Салық кодексінің 490-бабы бойынша қосымша есептеулер кезінде пайда болса, ҚҚС қайтаруға жатпайды.

Қайтару:

  1. Оңайлатылған тәртіппен - декларация тапсырылғаннан кейін 15 жұмыс күні ішінде.
  2. Тақырыптық салықтық тексеру нәтижелері бойынша - 55 жұмыс күні ішінде жүргізіледі.

Оңайлатылған тәртіп нөлдік мөлшерлеме бойынша операциялардың үлесі жалпы айналымның кемінде 50%-ын құрайтын және камералдық бақылау нәтижелері бойынша орындалмаған хабарламалары жоқ салық төлеушілерге қолданылады.

ҚҚС қайтару кезінде деректердің дұрыстығын талдайтын және салық тәуекелдерін анықтайтын салық тәуекелдерін басқару жүйесі (СТБЖ) пайдаланылады.

Тақырыптық тексерулер барысында салық органдары валюталық түсімнің түсуін, экспорт фактілерін, жеткізушілердің сәйкестігін, сондай-ақ қайтаруға мәлімделген ҚҚС сомасының дұрыстығын тексереді.

Қайтару салық төлеушiнiң тiркелген жерi бойынша қазынашылық органдары арқылы жүргiзiледi. Берешек болған кезде ҚҚС оны өтеу шотына есептелуі мүмкін, ал қалдық төлеушінің банк шотына қайтарылады.

Жаңа ережелер:

  • халықаралық тасымалдар бойынша;
  • арнайы экономикалық аймақтардағы (АЭА) операциялар бойынша;
  • шетелдік авиакомпанияларға отын өткізу бойынша;
  • тазартылған алтынды Ұлттық Банкке беру кезінде;
  • өнімді бөлуге арналған келісімшарттар шеңберінде жер қойнауын пайдаланушылармен мәмілелер бойынша ҚҚС-ты қайтарудың ерекше жағдайларын да қамтиды.

Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне тұрақсыз конденсат сататын жер қойнауын пайдаланушы компаниялар үшін тексерулер міндетті түрде:

  • шикізатты жеткізуге арналған келісімшарттарды;
  • есепке алу аспаптарының көрсеткіштерін алу актілерін;
  • конденсатты қабылдау-тапсыру актілерін тексерумен жүргізілетін болады.

Егер шот-фактуралардағы көлемдер мен нақты деректер арасында алшақтық анықталса, органдар уәкілетті ведомстволарға сұрау салады. Жауаптар болмаған кезде қайтаруға жатпайтын ҚҚС сомасы қолданыстағы мөлшерлеме бойынша есептеледі.

Газ саласында үкіметаралық келісімдер шеңберінде жұмыс істейтін салық төлеушілер үшін жеке тәртіп бекітілді. Тексеру кезінде:

  • өнімді қайта өңдеуге және өткізуге арналған шарттар;
  • шикізаттың әкетілгенін және қайта өңделгенін растайтын құжаттар;
  • валюталық түсімнің түсуі;
  • уәкілетті органның қайта өңдеу шарттарын сақтау туралы қорытындысы расталады.

Салықтық тексерулер өндірістік мақсаттағы ғимараттар мен құрылыстарды салу кезінде жинақталған ҚҚС-тың дұрыстығын растау үшін жүргізілетін болады.

ҚҚС қайтару талап ұсынылғаннан кейінгі кезеңнен бастап 20 салық кезеңі ішінде тең үлестермен жүзеге асырылады.

Тексеру нәтижелері бойынша қорытынды салық кезеңінен кейінгі тоқсанның екінші айының 5-күнінен кешіктірілмей жасалады.

2024 жылғы 1 қаңтардан кейін басталған ірі инвестициялық жобалар үшін ерекше шарттар белгіленген:

  • тексеру орындалған құрылыс-монтаж жұмыстарының актісіне қол қойылғаннан кейін жүргізіледі;
  • ҚҚС қайтару Салық кодексінің 129-бабының ережелері ескеріле отырып жүзеге асырылады;
  • құрылыс мерзімінде аяқталмаған жағдайда қайтарылған сома өсімақы есептеле отырып, бюджетке қайтарылуға жатады.

Пайдалы қазбаларды экспорттау басталғанға дейін кен орнын барлау және дайындау кезеңінде сатып алынған тауарлар, жұмыстар мен қызметтер бойынша ҚҚС қайтарылуы мүмкін. Қайтару соманың дұрыстығы расталғаннан кейін 20 салық кезеңі ішінде тең үлестермен жүргізіледі.

Тақырыптық тексеру нәтижелерімен келіспеген жағдайда салық төлеуші нәтижелер туралы хабарламаға оны алған күннен бастап 30 жұмыс күні ішінде шағым беруге құқылы. Шағымдар Салық кодексінде және ӘРПК-да белгіленген тәртіппен қаралады.


2026 жылғы 1 қаңтарға дейін ҚҚС қайтару 

Бюджеттен ҚҚС қайтарудың жалпы тәртібі ҚР Салық кодексінің 429-431-баптарында анықталған.

Бюджеттен ҚҚС қайтару бір мезгілде мынадай талаптар орындалатын болса:

1) қосылған құн салығын төлеуші нөлдік мөлшерлеме бойынша салық салынатын тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді тұрақты түрде өткізуді жүзеге асырса;

2) тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді тұрақты түрде өткізу жүзеге асырылған салықтық кезеңде нөлдік мөлшерлеме бойынша салық салынатын өткізу бойынша айналым өткізу бойынша салық салынатын жалпы айналымның кемінде 70 пайызын құрайтын болса, жүргізіледі.

Осы тармақтың мақсаттарында нөлдік мөлшерлеме бойынша салық салынатын тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді тұрақты өткізуге, әрбір тоқсанда бір реттен сиретпей кезекті үш салықтық кезең ішінде жүзеге асырылатын нөлдік мөлшерлеме бойынша салық салынатын тауарларды өткізу, жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету жатады. Бұл ретте көрсетілген әрбір салықтық кезеңдегі осындай өткізу тұрақты өткізу деп танылады.

Бұл ретте, егер белгіленген талаптар орындалмаған болса, бірақ ҚҚС нөлдік мөлшерлемесі бойынша салық салынатын айналымдар бар болса, нөлдік мөлшерлеме бойынша салық салынатын өткізу бойынша айналым мақсаттары үшін пайдаланылған тауарлар (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) бойынша есепке жатқызылған салық сомасының бөлігінде ҚҚС қайтарылуға жатады.

Қосылған құн салығының асып кетуін қайтару тәртібі мен мерзімдері

1. Қосылған құн салығының асып кетуін салық төлеушіге қайтару:

1) егер осы Кодекстің 432 және 434-баптарында өзгеше белгіленбесе, осы бапта белгіленген тәртіппен және мерзімдерде;

2) салықтық кезеңдегі қосылған құн салығы бойынша декларацияда көрсетілген оның қосылған құн салығының асып кету сомасын қайтару туралы талабы негізінде жүзеге асырылады.

2. Егер осы Кодекстің 432 және 434-баптарында өзгеше белгіленбесе, тексеру нәтижелерімен расталған қосылған құн салығының асып кету сомасын салық төлеушіге қайтару мынадай мерзімдерде жүргізіледі:

қосылған құн салығының асып кету сомасын қайтару туралы талап қойылған салықтық кезең үшін өткізу бойынша жалпы салық салынатын айналымда кемінде 70 пайызды құрайтын нөлдік мөлшерлеме бойынша салық салынатын өткізу бойынша айналымдарды жүзеге асыратын салық төлеушіге – елу бес жұмыс күні ішінде;

қалған жағдайларда - күнтізбелік жүз елу бес күн ішінде *

* 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап ҚҚС асып кетуін қайтару бөлігінде салықтық әкімшілендіруді оңайлату шеңберінде Салық кодексінің 431-бабының 2-тармағына ҚҚС асып кетуін қайтару мерзімдерін 155 күнтізбелік күннен 75 бес жұмыс күніне дейін қысқартуды көздейтін түзетулер енгізілді.

Бұл ретте қосылған құн салығының асып кеткен сомасын қайтару мерзімінің өтуі осы Кодекстің 424-бабының 1-тармағына сәйкес қосылған құн салығы бойынша декларацияны ұсыну үшін белгіленген мерзімнен бастап күнтізбелік отыз күн өткеннен кейін басталады.

Осы тармақтың мақсатында мыналар қосылған құн салығының асып кету сомасын қайтару үшін негіздер болып табылады:

1) шағым жасау (салық төлеуші шағым жасаған кезде) нәтижелерін ескере отырып, қайтаруға ұсынылған қосылған құн салығының асып кету сомасының анықтығын растау жөніндегі салықтық тексеру актісі;

2) осы Кодекстің 152-бабының 13-тармағында көзделген жағдайда ресімделген салықтық тексеру актісіне қорытынды.

1) мыналар:

- шағын бизнес субъектілері;

- шаруа немесе фермер қожалықтары;

- ауыл шаруашылығы өнімін, акваөсіру (балық өсіру шаруашылығы) өнімін өндірушілер және ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін белгіленген арнаулы салық режимдерінде бюджетпен есеп айырысуды жүзеге асыратын салық төлеушіге;

2) салық төлеушіге 411осы Кодекстің бабының ережелерін қолданған салық кезеңдері үшін.

3. Қосылған құн салығының асып кетуін:

1) бюджетпен есеп айырысуды жүзеге асыратын салық төлеушіге:

  • шағын бизнес субъектілері;

  • шаруа немесе фермер қожалықтары;

  • ауыл шаруашылығы өнімдерін, акваөсіру (балық өсіру шаруашылығы) өнімдерін өндірушілерді және ауыл шаруашылығы кооперативтерін;

2) осы Кодекстің 411-бабының ережелерін қолданған салық кезеңдері үшін салық төлеушіге қайтару жүргізілмейді.

4. Бюджеттен қайтаруға расталған қосылған құн салығының асып кету сомасы осы Кодекстің 104-бабында айқындалған тәртіппен салық төлеушіге қайтарылады.

ҚҚС асып кетуін қайтарудың оңайлатылған тәртібі қосылған құн салығының асып кетуін қайтаруды салық тексеруін жүргізбей жүзеге асырудан тұрады.

2023 жылғы 1 қаңтардан бастап Салық кодексінің 434-бабының 2-тармағына өңдеуші өнеркәсіптің өз өндірісінің тауарларын өндірушілерді ынталандыру мақсатында экспортқа тұрақты өткізу шарттарының орындалуына қарамастан ҚҚС асып кетуін оңайлатылған тәртіппен қайтару бөлігінде түзетулер енгізілді.