Көшіп келуші - Қазақстан Республикасына уақытша немесе тұрақты тұру үшін келген шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам.

Көшіп келу - шетелдіктердің немесе азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасына уақытша немесе тұрақты тұру үшін келуі;

Қазақстан Республикасындағы көшіп келушілердің құқықтары

Көшіп келудің негізгі түрлері

Көшіп келушілер санаттары

Көшіп келушілердің Қазақстан Республикасының аумағына келу, кету және онда болу тәртібі

Қазақстан Республикасында уақытша тұруға рұқсат алу

Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат алу

Көшіп келушілердің Қазақстан Республикасындағы құқықтары

Көшіп келушілердің Қазақстан Республикасында:

1) егер Конституцияда, заңдарда және халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының азаматтары үшін белгіленген құқықтар мен бостандықтарды пайдалануға;
2)
Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен білім, медициналық және әлеуметтік көмек алуға;
3)
Қазақстан Республикасының көшіп келушілердің болуы үшін ашық аумағы бойынша еркін жүріп-тұруға;
4)
Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тұрғылықты жерін еркін таңдауға;
5)
өзіне тиесілі мүліктік құқықтарын және мүліктік емес жеке құқықтарын қорғау үшін сотқа және мемлекеттік органдарға жүгінуге;
6)
осы қызмет түрлері ақысыз негізде көрсетілетін қандастарды және олардың отбасы мүшелерін қоспағанда, қандастарды бейімдеу және ықпалдастыру орталықтарында ақылы бейімдеу және ықпалдастыру қызметтерін алуға құқығы бар.

Көшіп келудің негізгі түрлері

Қазақстан Республикасының аумағына келу және Қазақстан Республикасының аумағында болу мақсатына қарай көшіп келудің мынадай негізгі түрлері бар:

1) тарихи отанына оралу мақсатында;

2) отбасын біріктіру мақсатында;

3) білім алу мақсатында;

4) еңбек қызметін жүзеге асыру мақсатында;

5) гуманитарлық және саяси себептер бойынша.

Көшіп келушілер санаттары

Еңбек қызметін жүзеге асыру мақсатында келетін көшіп келушілер мынадай санаттарға бөлінеді:

1) мыналар:

  • экономиканың басым салаларында (экономикалық қызмет түрлерінде) сұранысқа ие кәсіптер бойынша өз бетінше жұмысқа орналасу үшін келген;
  • Қазақстан Республикасының аумағында еңбек қызметін жүзеге асыру үшін жұмыс берушілер тартатын, оның ішінде корпоративішілік ауыстыру шеңберінде келген шетелдік жұмыскерлер – көшіп келушілер;

2) бизнес-көшіп келушілер - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру мақсатында келген көшіп келушілер;

3) маусымдық шетелдік жұмыскерлер – халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті орган мемлекеттік басқарудың тиісті саласына басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органдармен келісу бойынша бекітетін кәсіптер тізбесіне сәйкес, климат немесе өзге де табиғат жағдайларына байланысты белгілі бір кезең (маусым) ішінде атқарылатын маусымдық жұмыстарды орындау үшін жұмыс берушілер бір жылдан аспайтын мерзімге жұмысқа тартатын көшіп келушілер;

4) еңбекші көшіп келушілер - еңбекші көшіп келушіге берілген рұқсаттың негізінде жұмыс беруші жеке тұлғалардың үй шаруашылығында жұмыстарды орындау (қызметтер көрсету) мақсатында Қазақстан Республикасына үй қызметкері ретінде келген көшіп келушілер.

Көшіп келушілердің Қазақстан Республикасының аумағына келу, кету және онда болу тәртібі

«Халықтың көші-қоны туралы» ҚР Заңына сәйкес көшіп келушілердің Қазақстан Республикасының аумағына келу, кету және онда болу тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамасымен айқындалады.

Келудің және болудың визасыз режимі туралы Қазақстан Республикасымен келісім жасасқан мемлекеттерден келген көшіп келушілер Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында белгіленген талаптарды сақтаған жағдайда, заңды паспорттары немесе оларды ауыстыратын құжаттары бойынша келеді.

Көшіп келушілерге Қазақстан Республикасына келуге және Қазақстан Республикасынан кетуге визаны ұлттық қауіпсіздік органымен келісу бойынша Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі, Қазақстан Республикасының шет елдегі мекемелері береді.
Қазақстан Республикасының аумағына келетін және оның аумағындағы көшіп келушілерге Қазақстан Республикасынан кетуге және Қазақстан Республикасына келуге визаны ішкі істер органдары береді.
Көшіп келушілер визаның қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін Қазақстан Республикасынан кетуге міндетті.

Егер Қазақстан Республикасының тиісті тараппен жасаған келісімінде өзгеше тәртіп белгіленбесе немесе Қазақстан Республикасының Үкіметі өзгеше тәртіп белгілемесе, Қазақстан Республикасына виза алуды талап етпейтін тәртіппен келген көшіп келушінің Қазақстан Республикасында уақытша болу мерзімі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өткен күннен бастап күнтізбелік отыз күннен, жиынтығында күнтізбелік бір жүз сексен күндік әрбір кезең ішінде тоқсан күнтізбелік күннен аспауға тиіс.

Уақытша тұруға рұқсатты ресімдеген көшіп келушілер Қазақстан Республикасынан оның қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін кетуге міндетті.

Қабылдаушы адамдар өздеріне келген көшіп келушілер туралы олар келген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде ішкі істер органдарына хабарлауға міндетті.

Қазақстан Республикасында уақытша тұруға рұқсат алу

Уақытша тұруға арналған рұқсат:

1) отбасын біріктіру мақсатында өздеріне көшіп келушілер келген жеке тұлғалардың;

 2) көшіп келушімен заңнамада белгіленген тәртіппен еңбек шартын жасасқан жеке және заңды тұлғалардың;

3) көшіп келушілерді күндізгі оқу бөліміне қабылдаған, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын, оның ішінде білім алушыларды алмасудың және дайындық курстарынан өтудің ұйымдастырылған бағдарламалары бойынша іске асыратын білім беру ұйымдарының;

4) көшіп келушілер стационарлық емделуде жатқан денсаулық сақтау ұйымдарының;

5) көшіп келушілер заңнамада белгіленген тәртіппен миссионерлік қызметті жүзеге асыратын діни ұйымдардың;

6) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру мақсатында келген көшіп келушілер (бизнес-көшіп келушілер) бойынша – жергілікті атқарушы органдардың өтініштері негізінде ресімделеді.

Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде аталған адамдар өздерiнде болатын көшiп келушiлер туралы үш күн iшiнде iшкi iстер органдарына хабарлауға мiндеттi.

Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат алу

Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға арналған визамен не Қазақстан Республикасымен визасыз келу және болу тәртібі туралы келісімдер жасасқан мемлекеттерден келген не Қазақстан Республикасында босқын мәртебесіне ие шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар, сондай-ақ этностық қазақтар өздеріне берілген визаның санатына қарамастан, тұрақты тұруға арналған рұқсатты алу үшін ішкі істер органдарына жүгінеді.

Заңнамада белгіленген тәртіппен тұрақты тұруға рұқсат алу үшін жүгінген көшіп келушілерге өтінішхатты қарау үшін қажетті, бірақ күнтізбелік тоқсан күннен аспайтын мерзімге уақытша тұруға рұқсат ресімделеді.

Осы баптың екінші бөлігінде көрсетілген адамдардың құқықтық мәртебесі Қазақстан Республикасының заңнамасында және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда айқындалады.

Көшіп келушілердің Қазақстан Республикасына келу және онда болу, сондай-ақ олардың Қазақстан Республикасынан кету қағидалары