Сақтандыру төлемi - сақтандырушы сақтанушыға (пайда алушыға) сақтандыру жағдайы туған кезде не жинақтаушы сақтандыру шартында белгiленген мерзiм туған кезде сақтандыру сомасы шегiнде төлейтiн ақша сомасы.

ҚР Азаматтық кодексінің 820-бабына сәйкес - Сақтандыру төлемі аннуитеттік сақтандыру шарттары бойынша сақтандыру төлемдерін қоспағанда, біржолғы төлеммен жүзеге асырылады.

Сақтандыру төлемінің мөлшерлерін айқындау тәртібі шартта белгіленеді. Міндетті сақтандыру бойынша сақтандыру төлемінің мөлшерлерін айқындау тәртібі Қазақстан Республикасының сақтандырудың міндетті түрін реттейтін жекелеген заңнамалық актісінде белгіленеді.

Сақтандыру төлемдерiн жүзеге асырудың тәртiбi мен мерзiмдерi шартта айқындалады.

Мiндеттi сақтандыру бойынша олар Қазақстан Республикасының заң актiлерiмен белгiленуi мүмкiн.

4. Мүлiктi және азаматтық-құқықтық жауаптылықты сақтандыру бойынша сақтандыру төлемi сақтандыру жағдайының басталуы нәтижесінде сақтанушыға (сақтандырылған адамға) келтiрiлген нақты зиянның мөлшерiнен аспауы керек.

Жеке сақтандыру бойынша сақтандыру төлемi сақтанушыға (сақтандырылған адамға) әлеуметтiк қамсыздандыру бойынша, сақтандырудың басқа шарттары бойынша оған тиесілi сомаларға қарамастан және зиянның орнын толтыру тәртiбiмен жүзеге асырылады.

Мүлiктiк сақтандыру шартының талаптарымен сақтандыру өтемiнiң сомасы шегiнде сақтандыру өтемiн зиянның заттай нысандағы өтемiмен ауыстыру көзделуi мүмкiн.

Сақтандыру төлемін жүзеге асыру кезiнде сақтандырушы өзiне сақтанушыдан тиесiлi болатын сақтандыру сыйлықақыларына не сақтандыру жарналарына есеп жүргiзуге құқылы.

Егер шартта немесе Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде жауаптылықтың бұдан жоғары мөлшерi көзделмесе, сақтандыру төлемiн уақытында жүзеге асырмағаны үшiн сақтандырушы осы Кодекстiң 353-бабына сәйкес жауап бередi.