Жұмыс уақытын есепке алу - жұмыскер өзінің жұмыс міндеттеріне нақты арнаған сағаттарды есептеу әдістемесі.

Жұмыс уақыты - жұмыскер жұмыс берушінің актілеріне және еңбек шартының талаптарына сәйкес еңбек міндеттерін орындайтын уақыт, сондай-ақ осы Кодекске, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік-құқықтық актілеріне, ұжымдық шартқа, жұмыс берушінің актісіне сәйкес жұмыс уақытына жатқызылған өзге де уақыт кезеңдері. (ҚР Еңбек кодексінің 1-бабы 1-тармағының 47-тармақшасы)

Жұмыскердің жұмыс уақыты ол жұмысты іс жүзінде орындауды бастаған кезден бастап ол аяқталғанға дейін есепке алынуға тиіс. Жұмыс уақытының ұзақтығы компанияда қабылданған қалыпты (қысқартылған, толық емес) жұмыс уақытының ұзақтығынан аспауы тиіс. Жұмыс уақыты әрбiр жұмыскердiң жұмыс iстеген де, жұмыс iстемеген де уақытын есепке алуға жатады. Сондай-ақ жұмыс уақытын есепке алуға үстеме жұмыс уақыты, демалыс, мереке күндері, іссапар күндері, түнгі уақыттағы жұмыс күндері жатады.

Жұмыс уақытының есебі жұмыскердің жұмыс істеген уақытын белгілі бір уақыт аралығында (күн, апта, ай, тоқсан, жыл) көрсетуі тиіс. Ұйымда, әдетте, жұмыс уақытының есебі бір күнтізбелік айға белгіленеді.

Жұмыс уақытын есепке алуға:

  • жұмыскердің нақты жұмыс істеген жұмыс уақыты белгілі бір уақыт аралығында (күн, апта, ай, тоқсан, жыл);
  • еңбек заңнамасына сәйкес жұмыс уақытына жататын басқа уақыт кезеңдері енгізіледі.

Есепке алуға:

  • үстеме жұмыс уақыты;
  • түнгі уақыттағы жұмыстар;
  • демалыс және мереке күндеріндегі жұмыс;
  • іссапар күндері жатады.

ҚР ЕК 79-бабына сәйкес жұмыс беруші жұмыскердің нақты жұмыс істеген жұмыс уақытын, оның ішінде үстеме сағаттардың, түнгі уақытта, демалыс және мереке күндерінде жұмыс істеген сағаттардың санын есепке алуды жүзеге асыруға тиіс. Жұмыс уақытынан басқа, жұмыс уақытын есепке алу құжатында жұмыс істелмеген уақыт (уақытша еңбекке жарамсыздық, демалыстың барлық түрлері, бос тұру, мереке күндері, жұмысқа келмеу және т.б.) туралы мәліметтер болуы тиіс. Жұмыс уақытын есепке алуды жүргізу нысаны мен тәртібін ұйым дербес таңдайды және жұмыс берушінің актісімен (бұйрығымен) бекітіледі.

Жұмыс берушінің актілері – жұмыс беруші шығаратын бұйрықтар, өкімдер, нұсқаулықтар, қағидалар, ережелер, ауысым кестелері, вахта кестелері, демалыс кестелері.

Яғни жұмыс берушінің актісінде жұмыс уақытының есебін жүргізу нысаны мен тәртібі белгіленеді.

Жұмыскер жұмыс істеген жұмыс уақытын есепке алуды жүргізу үшін неғұрлым үйреншікті және таралған құжаттардың бірі жұмыс уақытын есепке алу табелі болып табылады.

Табель компанияның барлық жұмыскерлері көрсетілген жиынтық кестені білдіреді. Табель күн сайын жүргізіледі және жұмыс айының соңында жалақыны есептеу үшін бухгалтерияға беріледі.

Табельге жұмыскер жұмыс істеген сағаттардың нақты саны енгізіледі, жұмыс істелмеген сағаттардың саны жеке енгізіледі.

Сондай-ақ үстеме жұмыстардың, демалыс және мереке күндеріндегі жұмыстардың, іссапарлардың, демалыстардың, еңбекке уақытша жарамсыздық кезеңдерінің және т.б. уақыты есепке алынады.

Бұл үшін табельде қысқартылған белгілер пайдаланылады:

Жұмыскердің бір күнде жұмыс істеген сағаттарының саны цифрмен белгіленеді - 8;

К – қызметтік іссапарлар;

В – демалыс және мереке күндері;

О – кезекті демалыс;

Р – жүктілігі және босануы бойынша демалыс;

Б – уақытша еңбекке жарамсыздық (ауру және т.б.);

А – жалақысы сақталмайтын демалыс;

Пжұмысқа келмеу;

және т.б.

Әр түрлі уақыт кезеңдерін көрсетуге арналған кодтарды әрбір компания өз бетінше қабылдайды. Кодтауды жұмыс уақытын есепке алу құжатына (есепке алу табеліне) орналастыру бақылаушы органдардың құжатты тексеру рәсімін жеңілдетеді, сондай-ақ жаңадан қабылданған жұмыскерлерге табельмен жұмыс істеуге көмектеседі.

Жұмыс істеген уақытын көрсетумен және белгіленген еңбек режимін сақтаумен қатар, жұмыс уақытын есепке алу құжатының (Табель) көмегімен жұмыскердің жалақысы, жәрдемақы, өтемақы төлемдерінің мөлшері де есептеледі. Табельдегі мәліметтер жұмыскерлердің жұмыс уақыты режимін сақтауын бақылауға мүмкіндік береді. Бұдан басқа, жұмыс уақытын есепке алу құжатында (Табельде) көрсетілген мәліметтер еңбек бойынша статистикалық есептілікті жасау кезінде пайдаланылуы мүмкін.

Ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды (ерекше зиянды) және (немесе) қауіпті жұмыстарда істейтін жұмыскерлердің жұмыс уақытын есепке алу табелін негізгі табельден бөлек жүргізу қажет.

Жұмыс уақыты табелін сақтау мерзімдері

ҚР Қаржы министрінің 2015 жылғы 31 наурыздағы № 241 бұйрығымен бекітілген Бухгалтерлік есепті жүргізу қағидаларының 22, 75, 76-тармақтарына сәйкес бухгалтерлік есепте бастапқы құжаттардың қозғалысы (басқа субъектілерді құру немесе одан алу, есепке алу, өңдеу, мұрағатқа беру - құжат айналымы) субъектінің басшылығы бекіткен кестемен регламенттеледі.

Бастапқы құжаттардың, бухгалтерлік есеп тіркелімдерінің, есептер мен баланстардың сақталуын, оларды ресімдеуді және мұрағатқа беруді бас бухгалтер қамтамасыз етеді.

Құжаттарды мұрағатқа тапсыру алдында оларды тиісті түрде дайындау қажет. Біртекті бастапқы құжаттарды істерге қалыптастырады. Істер номенклатурасы Қазақстан Республикасының Ұлттық мұрағат қоры және мұрағаттар туралы қолданыстағы заңнамасына сәйкес ресімделетін сақтау мерзімдері көрсетілген субъектінің іс жүргізуінде жүргізілетін істер тақырыптарының жүйеленген тізбесі болып табылады.

ҚР Мәдениет және спорт министрінің 2017 жылғы 29 қыркүйектегі № 263 бұйрығымен бекітілген сақтау мерзімдері көрсетілген мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың қызметінде пайда болатын үлгілік құжаттардың тізбесіне сәйкес:

Жұмыс уақытын есепке алу табельдерін сақтау мерзімі - 5 жыл.

Еңбек жағдайлары ауыр, зиянды, қауіпті жұмыскерлер үшін - 75 жыл.

Еңбекке жарамсыздық парағы - 5 жыл сақталады.

Жұмыс уақытын есепке алу табелі нысанының үлгісі