Еңбек (уақыт, өндірім, еңбек сыйымдылығы, қызмет көрсету, сан) нормалары еңбек шығындарының өлшемі болып табылады және тиісті біліктілігі бар жұмыскер үшін техниканың, технологияның, өндіріс пен еңбекті ұйымдастырудың қол жеткізілген деңгейіне сәйкес белгіленеді. (Еңбек кодексінің 101-бабы)

Жұмыс беруші жаңа еңбек нормаларын әзірлеуді, енгізуді, қолданыстағыларын ауыстыруды және қайта қарауды еңбек жөніндегі үлгілік нормалар мен нормативтерді ескере отырып, жұмыскерлер өкілдерімен келісу бойынша жүргізеді.

Еңбек нормалары жұмыс орындарына аттестаттау мен рационализациялаудың жүргізілуіне, еңбек өнімділігін арттыруды қамтамасыз ететін жаңа техниканың, технология мен ұйымдастырушылық-техникалық іс-шаралардың ендірілуіне қарай міндетті түрде ауыстырылуға тиіс.

Жекелеген жұмыскерлердің өз бастамасы бойынша жаңа еңбек тәсілдерін қолдануы және жұмыс орындарын жетілдіруі есебінен өнім шығарудың (қызметтер көрсетудің) жоғары деңгейіне қол жеткізу бұрын белгіленген еңбек нормаларын қайта қарау үшін негіз болып табылмайды.

Жұмыскерлер жұмыс берушінің жаңа еңбек нормаларын енгізуі туралы кемінде бір ай бұрын хабардар етіледі.

Еңбек нормаларын әзірлеу кезінде:

1) еңбек нормаларының сапасы, оларды қажетті еңбек шығындарына оңтайлы жақындату;

2) ұқсас ұйымдастырушылық-техникалық жағдайларда орындалатын дәл сондай жұмыстарға бірдей еңбек нормаларын белгілеу;

3) еңбек нормаларының ғылым мен техника жетістіктері негізіндегі прогрессивтілігі;

4) еңбек нормаларын белгілеу мүмкін және орынды болатын жұмыс түрлерін еңбекті нормалаумен қамту;

5) еңбек нормаларының техникалық (ғылыми) негізділігі қамтамасыз етілуге тиіс.

Көрсетілетін қызметтеріне (тауарларына, жұмыстарына) тарифтерді (бағаларды, алымдар мөлшерлемелерін) мемлекеттік реттеу енгізілетін ұйымдарда еңбек нормаларын тиісті қызмет саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдармен және еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органмен келісу бойынша, ол белгілеген тәртіппен жұмыс беруші бекітеді.

Еңбек жөніндегі үлгілік нормалар мен нормативтерді жұмыс берушілердің салалық қауымдастықтары әзірлейді және бекітеді, барлық қызмет салалары үшін еңбек жөніндегі бірыңғай және (немесе) салааралық үлгілік нормалар мен нормативтерді еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген тәртіппен жұмыскерлер өкілдерінің келісімі бойынша Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бекітеді.

Мемлекеттік органдарға техникалық қызмет көрсетуді және олардың жұмыс істеуін қамтамасыз ететін жұмыскерлер санының нормативтерін уәкілетті мемлекеттік органмен келісу бойынша тиісті қызмет салаларының мемлекеттік органдары әзірлейді және бекітеді.

Мемлекеттік органдарға техникалық қызмет көрсетуді және олардың жұмыс істеуін қамтамасыз ететін жұмыскерлер санының бірыңғай салааралық нормативтерін еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган әзірлейді және бекітеді.

Жұмыскерлерге қойылатын біліктілік талаптары мен белгілі бір жұмыс түрлерінің күрделілігі кәсіптік стандарттар негізінде, ал олар болмаған кезде Жұмыстар мен жұмысшы кәсіптерінің бірыңғай тарифтік-біліктілік анықтамалығы (БТБА), Басшылар, мамандар және басқа да қызметшілер лауазымдарының, жұмысшы кәсіптерінің тарифтік-біліктілік сипаттамаларының біліктілік анықтамалығы (БК) және ұйымдар басшылары, мамандары және басқа да қызметшілері лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамалары негізінде белгіленеді.

Оларды әзiрлеу, қайта қарау және бекiту тәртiбiн еңбек жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлейдi.

БТБА, БК, қызметтің барлық салаларына ортақ мемлекеттік мекемелер мен қазыналық кәсіпорындар мамандарының жекелеген лауазымдарының біліктілік сипаттамаларын еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган әзірлейді және бекітеді. Ұйымдардың басшылары, мамандары және басқа да қызметшілері лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамаларын еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органмен келісім бойынша тиісті қызмет салаларының мемлекеттік органдары әзірлейді және бекітеді.

Еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган әкімшілік персоналға жататын жұмыскерлер лауазымдары атауларының тізбесін әзірлейді және бекітеді.

Қазақстан Республикасында ұлттық біліктілік жүйесі бар. Ол ұлттық біліктілік шеңберін, салалық біліктілік шеңберін, кәсіби стандарттарды қамтиды.

Ұлттық біліктілік шеңбері кәсіби қызметтің жалпы сипаттамаларының әрбір біліктілік деңгейі үшін сипаттамадан тұрады.

Ұлттық біліктілік шеңберін әзірлеуді және қайта қарауды еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган білім беру саласындағы уәкілетті органмен бірлесіп жүргізеді және оны әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі республикалық комиссия бекітеді.

Салалық біліктілік шеңбері салада орындалатын жұмыстардың күрделілігіне және пайдаланылатын білімнің, іскерліктің және құзыреттіліктің сипатына байланысты деңгейлер бойынша маманның біліктілігіне қойылатын талаптарды жіктейді.

Салалық біліктілік шеңберін әзірлеуді және қайта қарауды уәкілетті мемлекеттік органдар және тиісті қызмет салаларының жұмыс берушілер бірлестіктері жүргізеді және оларды әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі салалық комиссиялар бекітеді.

Кәсіби стандарт - кәсіби қызметтің нақты саласында біліктілік пен құзыреттілік деңгейіне, еңбек мазмұнына, сапасына және жағдайларына қойылатын талаптарды айқындайтын стандарт.

Кәсіптік стандарттарды әзірлеуді, енгізуді, ауыстыруды және қайта қарауды жұмыс берушілердің бірлестігі салалық біліктілік шеңберлері негізінде жүргізеді және еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген тәртіппен Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бекітеді.