Көп балалы отбасы - бірге тұратын төрт және одан көп кәмелетке толмаған балалары бар, оның ішінде он сегіз жасқа толғаннан кейін білім беру ұйымдарын бітіретін уақытқа дейін (бірақ жиырма үш жасқа толғанға дейін) жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында жалпы білім беретін немесе кәсіптік бағдарламалар бойынша күндізгі оқу нысаны бойынша білім алатын балалары бар отбасы;

6 бала туған және тәрбиелеген көп балалы аналарға «Күміс алқа», ал 7 және одан да көп бала туған және тәрбиелегендер «Алтын алқа» алқасымен марапатталады.

Көп балалы отбасыларға арналған жәрдемақы

«Алтын алқа», «Күміс алқа» және басқа да ордендермен марапатталған көп балалы аналарға арналған жәрдемақы

Көп балалы отбасыларға арналған басқа да жеңілдіктер

Көп балалы отбасы үшін шегерім

Көп балалы отбасыларға арналған жәрдемақы:

ҚР Әлеуметтік кодексінің 90-бабына сәйкес - көп балалы отбасына берілетін жәрдемақы Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматтарына, қандастарға, сондай-ақ жәрдемақы алу құқығы Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта көзделген шетелдіктерге беріледі.

Бірге тұратын төрт және одан көп кәмелетке толмаған баласы, оның ішінде он сегіз жасқа толғаннан кейін білім беру ұйымдарын бітіретін уақытқа дейін (бірақ жиырма үш жасқа толғанға дейін) жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында жалпы білім беретін немесе кәсіптік бағдарламалар бойынша күндізгі оқу нысаны бойынша білім алатын балалары бар отбасылардың көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы алуға құқығы бар.

Төрт және одан да көп кәмелетке толмаған балалары бар отбасылар немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі оқу нысанындағы студенттер үшін жәрдемақы отбасының табысына қарамастан мынадай мөлшерде белгіленеді:

  • төрт балаға - 16,03 АЕК;
  • бес балаға - 20,04 АЕК;
  • алты балаға - 24,05 АЕК;
  • жеті балаға - 28,06 АЕК;
  • сегіз және одан да көп балаға - әр балаға 4 АЕК.

Осы жәрдемақыны тағайындауға онлайн-қызмет арқылы өтінім беруге болады

«Алтын алқа», «Күміс алқа» және басқа да ордендермен марапатталған көп балалы аналарға арналған жәрдемақы

"Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, бірінші және екінші дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған аналарға ай сайын мемлекеттік жәрдемақы төленеді. (ҚР Әлеуметтік кодексінің 94-бабы).

  • «Күміс алқа» алқасымен марапатталғандарға - 6,40 АЕК;
  •       "Алтын алқа" алқасымен наградталған немесе бұрын "Батыр Ана" атағын алған, І және ІІ дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған аналарға - 7,40 АЕК.

Аталған жәрдемақыны алу үшін "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" КЕАҚ-ға мынадай құжаттармен жүгіну қажет:

  • өтініш;
  • сәйкестендіру үшін - жеке басын куәландыратын құжат;
  • «Алтын алқа», «Күміс алқа» белгілерімен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көп балалы ана атағын алғанын немесе марапатталғанын растайтын құжат.
  • Байқоңыр қаласының тұрғындары үшін - Байқоңыр қаласының тұрғын үй шаруашылығы азаматтарды есепке алу және тіркеу бөлімінің анықтамасы.

Мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі іс материалдарын жете ресімдеу қажет болған жағдайларда қажеттілігіне қарай - 30 күн мерзімге ұзартылады, бұл ретте, егер құжаттар жете ресімделсе, мемлекеттік қызмет Мемлекеттік корпорацияға қосымша құжаттар ұсынылған күннен бастап 7 жұмыс күні ішінде көрсетіледі.

Көп балалы отбасыларға арналған басқа да жеңілдіктер

«Алтын алқа», «Күміс алқа» белгілерімен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көп балалы аналар, көп балалы отбасылар мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жергілікті жеке тұрғын үй қорынан атқарушы орган жалға алған тұрғын үй алуға құқылы.

«Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған көп балалы аналар да бірқатар салықтар мен мемлекеттік баж салықтарын төлеуден босатылды:

  • көлік құралдарына салынатын салық (бір автокөлік құралы бойынша);

·        тұрғын үй қоры, оның ішінде оның жанындағы құрылыстар мен ғимараттар алып жатқан жер учаскелері бойынша салық;

·        үй іргесіндегі жер учаскелері бойынша салық;

  • жеке тұлғалардың мүлік салығы (1000 еселенген АЕК мөлшері шегінде);
  • нотариаттық ic-әрекеттер жасау кезіндегі мемлекеттік баж;
  • зияткерлік меншік саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган заңдық мәні бар ic-әрекеттер жасаған кезде мемлекеттік баж.

Сонымен қатар, 5 және одан да көп бала туған (асырап алған) және оларды 8 жасқа дейін тәрбиелеген әйелдер 53 жасқа толғанға дейін жасына байланысты зейнетақы төлемдерін алуға құқылы.

Көп балалы отбасы үшін шегерім

2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап ҚР Салық кодексінің 342-бабына сәйкес Қазақстанда салық шегерімінің жаңа түрі - көп балалы отбасы үшін салық шегерімі енгізілді.

ҚР Салық кодексінің 347-бабында атап өтілгендей, көп балалы отбасы үшін салық шегерімі осындай балалардың туу туралы куәліктерінің көшірмелерімен расталатын, шегерім қолданылатын күнтізбелік жылдың 1 қаңтарына жеке тұлғада төрт және одан да көп кәмелетке толмаған бала болған жағдайда қолданылады.

Көп балалы отбасы үшін салық шегерімі жиынтығында күнтізбелік жылға белгіленген 282 АЕК-тен аспайтын мөлшерде ата-ананың екеуіне де мынадай тәртіптердің бірінде қолданылады:

1) көп балалы отбасының ата-анасының біреуі үшін әр ай үшін 23 АЕК мөлшерінде;

2) көп балалы отбасының әрбір ата-анасы үшін әр ай үшін 12 АЕК мөлшерінде.

Осылайша, жұмыс беруші осы шегерімді қолдана бастауы үшін жұмыскер кадр қызметіне немесе бухгалтерияға салықтық шегерімге өтініш және растайтын құжаттарды ұсынуы тиіс.

Салық кодексінің 356-бабына сәйкес жұмыскердің салық салуға жататын тиісті кірістің салық салынатын сомасы мынадай тәртіппен айқындалады:

жұмыскердің төлем көзінен салық салуға жататын, салық кезеңі үшін есептелген кірістерінің сомасы

алу

Кодекстің 341-бабының 1-тармағында көзделген салық кезеңі үшін кірісті түзету сомасы,

алу

Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңнамасында белгіленген мөлшерде міндетті зейнетақы жарналары түріндегі салық шегерімдерінің сомасы,

алу

осы Кодекстің 345-бабында белгіленген тәртіппен және мөлшерде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға арналған жарналар бойынша салық шегерімдерінің сомасы,
алу

Кодекстің 346-бабында белгіленген тәртіппен және мөлшерде стандартты шегерімдер сомасы,

алу

осы Кодекстің 347-бабында белгіленген тәртіппен және мөлшерде көп балалы отбасылар үшін салық шегерімінің сомасы

алу

ҚР СК 356-бабының 2-тармағына сәйкес айқындалатын басқа да шегерімдердің алдын ала сомасы.

Салық кодексінің 342-бабы 5-тармағына сәйкес салық шегерімдері ҚР СК 356-бабы 1-тармағында көрсетілген тәртіппен жүйелі түрде қолданылады.

Салық кодексінің 343-бабының 3-тармағына сәйкес жеке тұлға МЗЖ және МӘМСЖ түріндегі салық шегерімдерін қоспағанда, салық кезеңі үшін бір ғана салық агентінде салық шегерімінің белгілі бір түрін қолдануға құқылы.

ЖТС _ 2025 = (кiрiс – СК 341-бабы бойынша түзету – МЗЖ - МӘМСЖ - 14 АЕК (бір агенттен) - Көп балалы болу бойынша шегерім) * 10%