Жұмыс уақытын есепке алу - жұмыскер өзінің жұмыс міндеттеріне нақты арнаған сағаттарды есептеу әдістемесі.

Жұмыс уақытының жиынтық есебі - жұмыс беруші белгілеген есептік кезеңдегі жұмыс уақытын жинақтау жолымен есептелген жұмыс уақытының есебі (ҚР Еңбек кодексі 1-бабы 1-тармағының 48-тармақшасы)

Жұмыс уақыты - жұмыскер жұмыс берушінің актілеріне және еңбек шартының талаптарына сәйкес еңбек міндеттерін орындайтын уақыт, сондай-ақ Еңбек Кодексіне, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік-құқықтық актілеріне, ұжымдық шартқа, жұмыс берушінің актісіне сәйкес жұмыс уақытына жатқызылған өзге де уақыт кезеңдері.

Жұмыс уақытының жиынтық есебі үздіксіз жұмыс істейтін өндірістерде, цехтарда, учаскелерде және өндіріс (жұмыс) жағдайлары бойынша жұмыскерлердің осы санаты үшін белгіленген жұмыс уақытының күнделікті немесе апта сайынғы ұзақтығы сақталмайтын жұмыстардың кейбір түрлерінде қолданылады.

Жұмыс уақытын жиынтық есепке алу кезінде еңбек қатынастарын реттеу тәртібі ҚР Еңбек кодексінің 75-бабымен айқындалады.

ҚР Еңбек кодексінің 75-бабы негізінде - Жұмыс уақытының жиынтық есебі үздіксіз жұмыс істейтін өндірістерде, цехтарда, учаскелерде және өндіріс (жұмыс) жағдайлары бойынша жұмыскерлердің осы санаты үшін белгіленген жұмыс уақытының күнделікті немесе апта сайынғы ұзақтығы сақталмайтын жұмыстардың кейбір түрлерінде қолданылады.

Оның шегінде жұмыскерлердің осы санаты үшін белгіленген күнделікті және (немесе) апта сайынғы жұмыс уақыты ұзақтығының нормасы орташа алғанда сақталуға тиіс кезең жұмыс уақытының жиынтық есебі кезіндегі есептік кезең деп танылады.

Жұмыс уақытын жиынтық есепке алу кезіндегі есептік кезең кез келген күнтізбелік кезең, бірақ бір жылдан аспайтын немесе белгілі бір жұмысты орындау кезеңі болуы мүмкін.

Жұмыс уақытының жиынтық есебін белгілеу кезінде жұмыстың аяқталуы мен келесі жұмыс күнінің (жұмыс ауысымының) басталуы арасындағы жұмыскердің демалыс ұзақтығының сақталуы міндетті болып табылады.

Жұмыс уақытының жиынтық есебі кезінде жұмыс істеу тәртібі, жұмыс уақытының жиынтық есебі белгіленетін жұмыскерлердің санаттары ұжымдық шартта немесе жұмыс берушінің актісінде айқындалады.

Жұмыс уақытының жиынтық есебі режимінде жұмысқа тарту кезіндегі шектеулер.

Он сегіз жасқа толмаған жұмыскерлерді жұмыс уақытының жиынтық есебін қолдана отырып жұмысқа тартуға жол берілмейді.

Егер жұмыс күнінің (жұмыс ауысымының) ұзақтығы сегіз сағаттан асатын болса, жүкті әйелдер үшін жұмыс уақытының жиынтық есебін қолдануға жол берілмейді.

Бірінші топтағы мүгедектігі бар жұмыскерлер үшін жұмыс уақытының жиынтық есебін қолдануға жол берілмейді.

Екiншi және үшiншi топтағы мүгедектiгi бар жұмыскерлерге, егер оларға мұндай режимге кәсiптiк патологиялық сараптау комиссиясының қорытындысы негiзiнде тыйым салынса, жұмыс уақытының жиынтық есебi белгiленбейдi.

Жұмыс уақытының жиынтық есебі белгіленген кезде үстеме жұмыстардың жалпы ұзақтығы төрт күндік, бес күндік және алты күндік жұмыс аптасы кезінде айына он екі сағаттан және жылына жүз жиырма сағаттан аспауға тиіс.

Жұмыс режимі еңбек шартының талаптарымен белгіленуі тиіс.

Егер жұмыс уақытының жиынтық есебі еңбек қатынастарының ең басында енгізілмесе, онда тараптар алдымен еңбек шартының талаптарымен (еңбек шартына қосымша келісім жасай отырып) жаңа жұмыс режимін белгілеуі тиіс, содан кейін жаңа жұмыс режимін енгізу туралы бұйрық шығаруға болады.

Жұмыс уақытының жиынтық есебі кезінде еңбекке ақы төлеу

ҚР Еңбек кодексінің 106-бабына сәйкес жұмыс уақытын жиынтық есепке алу кезінде еңбекке ақы төлеу ауысымдық кесте (вахталар кестесі) бойынша нақты жұмыс істеген жұмыс сағаттарының саны бойынша жүргізіледі. Бұл ретте жалақыны есептеу тиісті күнтізбелік жылға арналған жұмыс уақыты балансына сәйкес тарифтік мөлшерлеме (лауазымдық айлықақы) және жұмыс уақытының айлық нормасы негізге алына отырып есептелген сағаттық тарифтік мөлшерлеме бойынша жүргізіледі.

Вахталық жұмыс әдісі кезінде тоқсандағы немесе өзге де неғұрлым ұзақ, бірақ бір күнтізбелік жылдан аспайтын кезеңдегі немесе белгілі бір жұмысты орындау кезеңіндегі жұмыс уақытының жиынтық есебі белгіленеді. (ҚР Еңбек кодексінің 135-бабының 5-тармағы)