Он төрт жасқа толған, бірақ он сегіз жасқа толмаған адамдар кәмелетке толмаған деп танылады.

ҚР Еңбек кодексінің 31-бабына сәйкес
он алты жасқа толған азаматтармен еңбек шартын жасасуға жол беріледі.

2. Еңбек шарты:

1) орта білім беру ұйымында негізгі орта, жалпы орта білім алған жағдайларда, он бес жасқа толған азаматтармен;

2) оқудан бос уақытта, денсаулығына зиян келтірмейтін және оқу процесін бұзбайтын жұмысты орындау үшін он төрт жасқа толған оқушылармен;

3) кинематография ұйымдарында, театрларда, театр және концерт ұйымдарында, цирктерде денсаулығына және имандылық тұрғысынан дамуына нұқсан келтірмей, шығармалар жасауға және (немесе) орындауға қатысу үшін осы тармақтың 2) тармақшасында айқындалған талаптарды сақтай отырып, он төрт жасқа толмаған адамдармен еңбек шарты жасалуы мүмкін.

3. Еңбек кодексінің 31-бабының 2-тармағында айқындалған жағдайларда еңбек шартына кәмелетке толмаған адаммен қатар оның заңды өкілдерінің біреуі қол қоюға тиіс.

ҚР Еңбек кодексі 26-бабының негізінде - Мынадай:

·        ауыр жұмыстарға, еңбек жағдайлары зиянды және (немесе) қауіпті жұмыстарға, сондай-ақ жұмыс берушінің мүлкі мен басқа да құндылықтарының сақталуын қамтамасыз етпегені үшін жұмыскердің толық материалдық жауаптылығы көзделетін лауазымдар мен жұмыстарға, сондай-ақ орындалуы олардың денсаулығы мен имандылық тұрғысынан дамуына зиян келтіруі мүмкін жұмыстарға (ойын бизнесі, түнгі ойын-сауық орындарындағы жұмыс, алкоголь өнімдерін, темекі бұйымдарын, есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорларды өндіру, тасымалдау мен сату) он сегіз жасқа толмаған азаматтармен еңбек шартын жасасуына жол берілмейді;

Мыналарға:

·        медицина жұмыскерлерін қоспағанда, он сегіз жасқа толмаған жұмыскерлерді және ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды және (немесе) қауіпті жұмыстарда істейтін жұмыскерлерді қоса атқаратын жұмысқа орналастыруға жол берілмейді.

ҚР Еңбек кодексінің 69-бабына сәйкес кәмелетке толмаған жұмыскерлермен жасалатын еңбек шартында жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығы көзделеді.

Осылайша, он сегіз жасқа толмаған жұмыскерлер үшін жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығы белгіленеді:

1) он төрт жастан он алты жасқа дейін - аптасына 24 сағаттан артық емес;

2) он алты жастан он сегіз жасқа дейінгі жұмыскерлер үшін - аптасына 36 сағаттан аспайды.

Еңбек кодексі бойынша он сегіз жасқа толмаған жұмыскерлерді:

·        жұмыс уақытының жиынтық есебін қолдана отырып,

·        түнгі уақыттағы жұмысқа,

·        үстеме жұмысқа,

·        жұмыскердің жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысынан кері қайтарып алу,

·        вахталық әдіспен орындалатын жұмыстарға тартуға жол берілмейді.