Ең төмен күнкөріс деңгейі – бұл ең төменгі тұтыну себетінің құны шамасы бойынша бір адамға шаққандағы ең төменгі ақшалай кіріс.

Қазақстанның ең төмен күнкөріс деңгейі тұтынушы себетінің құны бойынша айқындалады. Ол қажетті азық-түлік, өмірлік маңызы бар қызметтер, азық-түлік емес тауарлар жиынтығынан тұрады.

Ең төмен күнкөріс деңгейін екі құраушы анықтайды:

  • физиологиялық
  • әлеуметтік.

ЕК-ның бірінші компоненті адамның тіршілігін қамтамасыз ететін материалдық құндылықтарды білдіреді. Екінші компонент – тұлғаның рухани қажеттіліктерін дамытуға кепілдік беретін белгілі бір құндылықтар жиынтығы.

Ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасын есептеу тәртібі

Ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасын есептеу және азық-түлік емес тауарлар мен көрсетілетін қызметтерге шығыстардың тіркелген үлесін белгілеу қағидаларына сәйкес - Ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасын мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті органның ең қажетті азық-түлік емес тауарлар мен көрсетілетін қызметтерге жұмсалатын шығыстардың тіркелген үлесіне көбейтілген азық-түлік себетінің құнына қарай есептейді.

Ең төмен күнкөріс деңгейі жалпы республика, облыстар, республикалық маңызы бар қала, астана, аудандар және облыстық маңызы бар қалалар бойынша орта есеппен жан басына шаққанда және негізгі жыныстық-жас топтары бойынша есептеледі.

Облыс бойынша орташа ең төмен күнкөріс деңгейі облыс орталығы, аудан орталықтары мен облыстық маңызы бар қалалар бойынша қалыптасқан шамаларға қарай, оларды өлшемдеу жолымен, республика бойынша - облыстар, астана және республикалық маңызы бар қала бойынша айқындалады.

Астана, республикалық маңызы бар қала, облыс, аудан орталықтары және облыстық маңызы бар қалалар бойынша ең төмен тұтыну себетінің құнына тең ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасын (ЕТКДШ) есептеу азық-түлік себетінің құны (АСҚ) мен азық-түлік емес тауарлар мен көрсетілетін қызметтерге жұмсалатын шығыстардың (АЕТҚ) құнын жинақтау жолымен мынадай формула бойынша жүргізіледі:

ЕТКДШ = АСҚ + АЕТҚ