Қайта ұйымдастырылған заңды тұлғаның мүлiктiк құқықтары мен мiндеттерi жаңадан пайда болған заңды тұлғаға: бiрiгу және қосылу кезiнде - өткiзу актiсiне сәйкес, бөлiну және бөлiнiп шығу кезiнде - бөлу балансына сәйкес ауысады.
Өткiзу актiсi мен бөлу балансында қайта ұйымдастырылған заңды тұлғаның барлық кредиторлары мен борышкерлерiне қатысты, тараптар даулайтын мiндеттемелердi қоса алғанда, барлық мiндеттемелерi бойынша құқықтық мирасқорлық туралы ережелер болуға тиiс.

Құрылтай құжаттарымен тиісінше тапсыру актісін немесе бөлу балансын ұсынбау, сондай-ақ оларда қайта ұйымдастырылған заңды тұлғаның міндеттемелері бойынша құқықтық мирасқорлық туралы ережелердің болмауы жаңадан пайда болған заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеуден бас тартуға әкеп соғады.

Заңды тұлғаны бөлу жолымен қайта ұйымдастыру кезінде салық міндеттемесін орындау Салық кодексінің 62-бабында белгіленген тәртіппен жүргізіледі.

Заңды тұлға бөлініп шығу жолымен қайта ұйымдастырылған кезде мұндай тұлға бөлу балансы бекітілген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде өзінің орналасқан жері бойынша салық органына көрсетілген балансты ұсынады.

Негізгі құралдардың қалдық құны бөлініп шығу жолымен қайта ұйымдастырылатын заңды тұлғаның бөлу балансы негізінде айқындалады.

Бұл ретте Салық кодексінің 62-бабы 8-тармағының 3) тармақшасына сәйкес мемлекеттік кірістер органы заңды тұлғаны қайта ұйымдастыру туралы сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімдерінің мәліметтерін алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде бөлу жолымен заңды тұлғаның жеке шотының сальдосын бөлу балансының негізінде жаңадан пайда болған заңды тұлғаның орналасқан жері бойынша мемлекеттік кірістер органына береді.

Бөлу жолымен қайта ұйымдастыру кезінде заңды тұлғаның салық міндеттемесін орындау

1. Заңды тұлға бөліну жолымен қайта ұйымдастыру туралы шешім қабылданған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде бұл туралы орналасқан жері бойынша салық органына жазбаша хабарлайды.

Заңды тұлға бөлу жолымен қайта ұйымдастырылған кезде бөлу балансы бекітілген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде бір мезгілде орналасқан жері бойынша салық органына:

1) салықтық тексеру жүргізу туралы салықтық өтініш;

2) таратудың салық есептілігін тапсырады.

Бөлу жолымен қайта ұйымдастыру кезінде салықтық тексеру аяқталғаннан кейін қайта ұйымдастырылатын заңды тұлға орналасқан жері бойынша салық органына бөлу балансын ұсынады.

Бұдан басқа, Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 27 ақпандағы № 306 бұйрығымен бекітілген Дербес шоттарды жүргізу қағидаларының 133-тармағының 2) тармақшасына сәйкес заңды тұлғаны қайта ұйымдастыру кезінде салық төлеушінің (салық агентінің) дербес шотын, оның ішінде бір мемлекеттік кіріс органынан басқа мемлекеттік кіріс органына беру Бизнес сәйкестендіру нөмірлері ұлттық тізілімінің мәліметтері негізінде жүргізіледі.

Бұл ретте бөлініп шығу кезінде қайта ұйымдастырылған заңды тұлғаның жеке шотын беру бөлу балансының негізінде жүргізіледі.

Осылайша, заңды тұлғаны бөлу жолымен қайта ұйымдастыру кезінде заңды тұлғаның жеке шотының сальдосын беру заңды тұлғаны қайта ұйымдастыру туралы әділет органдарының мәліметтерін алғаннан және бөлу балансын ұсынғаннан кейін жүргізіледі.