Тауар-көлiк жүкқұжаты - жөнелтiлетiн жүктi жүк жөнелтушi есептен шығаратын және оны жүк алушы кiрiске алатын негiзгi тасымалдау құжаты. (Автомобиль көлігімен жүктерді тасымалдау қағидаларының 4-тарауы)

Тауар-көлік жүкқұжаты - бастапқы бухгалтерлік құжат, жүктерді автомобиль көлігінің қатысуымен өткізу кезінде ресімделеді.

Жүктерді тасымалдау қағаз тасымалдағышта немесе электрондық-цифрлық құжат нысанында тауар-көлік жүкқұжаттарымен ресімделеді.

Қағаз тасығышта ТКЖ ресімдеу

Қағидалардың 13-тармағына сәйкес көрсетілген жүк жөнелтуші тасымалдаушыға тасымалдауға ұсынылған жүкке қағаз тасығышта ресімделген жағдайда төрт данада жасалатын тауар-көлік жүкқұжатын ұсынады.

Жүктерді жүк жөнелтушіден тасымалдауға қабылдау қағаз тасығышта ресімделген жағдайда тауар-көлік жүкқұжатының барлық даналарында тасымалдаушының қолымен куәландырылады.

Бірінші данасы жүк жөнелтушіде қалады және тасымалдауға ұсынылған жүктерді есептен шығаруға арналады. Екінші, үшінші және төртінші даналарды жүк жөнелтуші тасымалдаушыға тапсырады.

Екінші данасын тасымалдаушы жүк алушыға тапсырады және алынған жүктерді кіріске алуға арналады.

Үшінші және төртінші даналар тасымалдаушыда қалады. Үшінші данасы тасымалдау шотына қоса беріледі және жүк жөнелтушімен (жүк алушымен) есеп айырысу үшін негіз болады, ал төртіншісі жолдама парағына қоса беріледі және көлік жұмысын есепке алу үшін негіз болады.

Жүк жөнелтуші тауар-көлік жүкқұжаттарының қосымша даналарын жазып береді, олардың саны жүк жөнелтуші мен тасымалдаушы арасындағы келісіммен белгіленеді.

Тауар-көлік жүкқұжатының барлық даналарында қағаз тасығышта ресімделген жағдайда жүк жөнелтуші:

·        келу уақытын,

·        автокөлік құралының кетуі мен тұрып қалу уақытын қояды,

сондай-ақ мыналарды:

·        тиеу тәсілін,

·        жүктің салмағын,

·        жүк орындарының саны,

·        тасымалдаушы орындайтын қызметтердің түрлерін көрсетеді,

және тауар-көлік жүкқұжаттарын қолымен, мөрмен немесе мөртабанмен куәландырады.

Жеке кәсіпкерлік субъектілеріне жататын заңды тұлғалар үшін мөрдің немесе мөртабанның болуы талап етілмейді.

Жүк жөнелтуші жүктің сапасын және жеткізуші мен сатып алушының өзара қарым-қатынасын айқындайтын құжаттарды (сертификаттар, куәландырулар, куәліктер, рұқсаттар және тағы басқа) берген кезде тасымалдаушы осы құжаттарды қабылдайды және оларды жүкпен бірге жүк алушыға береді.

Тауар-көлік жүкқұжатында мынадай мән-жайлар куәландырылады:

1) жүктердің бүлінуі немесе зақымдануы;

2) нақты жүктің атауы, салмағы және орын саны мен тауар-көлік жүкқұжатында көрсетілген деректер арасындағы сәйкессіздік;

3) автокөлік құралының немесе контейнердің шанағында немесе секциясында пломбалардың бұзылуы немесе болмауы;

4) тасымалдаушының жүктің осы түрін тасымалдауға жарамсыз немесе № ҚР ДСМ-5 бұйрығының талаптарына жауап бермейтін автокөлік құралдарын беруі;

5) автокөлік құралдарының тиеу және түсіру пункттерінде белгіленген уақыт нормаларынан артық тұрып қалуы;

6) ҚР АК-нің 701-бабына сәйкес тараптардың мүліктік жауапкершілігі үшін негіз бола алатын басқа да мән-жайлар.

Тауар-көлік жүкқұжатындағы көрсетілген жазбалар жүк жөнелтушінің (жүк алушының) және жүргізушінің қағаз жеткізгіштегі қолдарымен куәландырылады.

Электрондық-цифрлық құжат нысанында ТКЖ ресімдеу

Қағидалардың 22-тармағына сәйкес тауар-көлік жүкқұжатындағы жазбалар мен белгілерді электрондық-цифрлық құжат нысанында куәландыру Қазақстан Республикасының электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Тауар-көлік жүкқұжатына енгізілген өзгерістер электрондық құжат нысанында ресімделген кезде электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылады. (Қағидалардың 73-тармағы)

Тауар-көлік жүкқұжатындағы жазбалар электрондық құжат нысанында ресімделген кезде жүк жөнелтушінің (жүк алушының) электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылады. Жүк жөнелтушінің (жүк алушының) де, жүргізушінің де тауар-көлік жүкқұжатындағы біржақты жазбалар Қағидалардың 19-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, жарамсыз болып табылады. (Қағидалардың 134-тармағы)