Жұмыс істеген сағаттар (жұмыс істеген уақыт) - адамның келісілген кезеңде немесе тапсырманы орындау процесінде мерзімінен бұрын және мерзімнен тыс нақты жұмыс істеген сағаттарының саны.

Жұмыс істелген кезең - бұл жұмыскер жұмыс берушінің актілеріне және еңбек шартының талаптарына сәйкес өзінің еңбек міндеттерін орындаған кезең ішінде, сондай-ақ осы Кодекске, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне, ұжымдық шартқа, жұмыс берушінің актісіне сәйкес жұмыс уақытына жатқызылған өзге де уақыт кезеңдері. (Еңбек кодексінің 1-бабы)

Жұмыс уақытының қалыпты ұзақтығы Еңбек кодексінің 68-бабында атап көтілгендей, аптасына 40 сағаттан аспауы тиіс.

Еңбек шартында жұмыс уақытының қалыпты ұзақтығы ретінде төленетін жұмыс уақытының аз ұзақтығы көзделуі мүмкін.

ҚР Еңбек кодексі 79-бабына сәйкес - Жұмыс беруші жұмыскердің нақты жұмыс істеген жұмыс уақытын есепке алуды жүргізуге міндетті.

Жұмыскер жұмыс істеген және жұмыс істемеген уақыт есепке алынуға тиіс. Бұл ретте үстеме жұмыстар уақыты, түнгі уақыттағы, демалыс, мереке күндеріндегі жұмыстар, іссапар күндері бөлек есепке алынады.

Жұмыс уақытын есепке алуды жүргізудің нысаны мен тәртібі жұмыс берушінің актісінде айқындалады.

Жұмыскердің жұмыс уақытына жұмыстарды жұмыс орнынан тыс жерлерде орындаған не олардың орындалуын жұмыс беруші нақты уақытпен тіркей алмайтын кезеңдер қосылатын жағдайларда, бұл кезеңдер жұмыс уақытын есепке алу құжаттарында еңбек шартында белгіленген жұмыстар көлемін орындау ретінде белгіленеді.

Жұмыс берушінің жұмыс уақытын есепке алу жөніндегі құжаттарында ескерілген нақты жұмыс істеген уақыты үшін жұмыскерге жалақы төленеді. (ҚР ЕК 103-бабы)

ҚР ЕК 114-бабы негізінде - Бес күндік және сол сияқты алты күндік жұмыс аптасында орташа жалақыны есептеу белгіленген қосымша ақылар мен үстемеақылар, сыйлықақылар және еңбекке ақы төлеу жүйесінде көзделген тұрақты сипаттағы басқа да ынталандырушы төлемдер ескеріле отырып, тиісті кезеңдегі орташа күндік (сағаттық) жалақы есебінен нақты жұмыс істелген уақыт үшін жүргізіледі.

Осы Кодекске сәйкес тиісті ақы (төлем) төлеуге байланысты оқиғаның алдындағы күнтізбелік он екі ай орташа жалақыны есептеу үшін есеп айырысу кезеңі болып табылады. Күнтізбелік он екі айдан аз жұмыс істеген жұмыскерлер үшін орташа жалақы нақты жұмыс істелген уақыт бойынша айқындалады.

Жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысы берілген кезде нақты жұмыс істелген уақыт еңбек өтіліне қосылады (ҚР ЕК 91-бабы).

Осылайша, жұмыс беруші нақты жұмыс істеген жұмыскердің жұмыс уақытының есебін жүргізуге міндетті. Бұл ретте үстеме жұмыстардың, түнгі уақыттағы жұмыстың, демалыс, мереке күндерінің, іссапар күндерінің уақытын жеке ескереді. Жұмыс уақытын есепке алу нысаны мен тәртібі жұмыс берушінің актісімен айқындалатындықтан, бұл жұмыс беруші әзірлеген кез келген құжат, оның ішінде жұмыс уақытының табелі болуы мүмкін.

Жұмыс берушінің актілері жұмыс беруші шығаратын бұйрықтар, өкімдер, нұсқаулықтар, қағидалар, ережелер, ауысым кестелері, вахта кестелері, демалыс кестелері.

Жұмыс уақытын есепке алу табелі - бұл есептік кезеңде нақты жұмыс істеген уақыты туралы белгілері бар жұмыскерлердің тізімі.

Табель компанияның барлық қызметкерлері көрсетілген жиынтық кестені білдіреді. Табель күн сайын жүргізіледі және жұмыс айының соңында жалақыны есептеу үшін бухгалтерияға беріледі.

Табельге қызметкер жұмыс істеген сағаттардың нақты саны енгізіледі, жұмыс істелмеген сағаттардың саны жеке енгізіледі.

Сондай-ақ мерзімнен тыс жұмыстардың, демалыс және мереке күндеріндегі жұмыстардың, іссапарлардың, демалыстардың, еңбекке уақытша жарамсыздық кезеңдерінің және т.б. уақыты есепке алынады.

Бұл үшін табельде қысқартылған белгілер пайдаланылады:

Жұмыскердің бір күнде жұмыс істеген сағаттарының саны цифрмен белгіленеді - 8;

К - қызметтік іссапарлар;

В - демалыс және мереке күндері;

О - кезекті демалыс;

Р - жүктілігі және босануы бойынша демалыс;

Б - уақытша еңбекке жарамсыздық (ауру және т.б.);

А - жалақысы сақталмайтын демалыс;

П - бос жүру;

және т.б.

Әр түрлі уақыт кезеңдерін көрсетуге арналған кодтарды әрбір компания өз бетінше қабылдайды. Кодтауды жұмыс уақытын есепке алу құжатына (есепке алу табеліне) орналастыру бақылаушы органдардың құжатты тексеру рәсімін жеңілдетеді, сондай-ақ жаңадан қабылданған жұмыскерлерге табельмен жұмыс істеуге көмектеседі.

Жұмыс істеген уақытын көрсетумен және белгіленген еңбек режимін сақтаумен қатар, жұмыс уақытын есепке алу құжатының (Табель) көмегімен жұмыскердің жалақысы, жәрдемақы, өтемақы төлемдерінің мөлшері де есептеледі. Табельдегі мәліметтер жұмыскерлердің жұмыс уақыты режимін сақтауын бақылауға мүмкіндік береді. Бұдан басқа, жұмыс уақытын есепке алу құжатында (Табельде) көрсетілген мәліметтер еңбек бойынша статистикалық есептілікті жасау кезінде пайдаланылуы мүмкін.

Ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды (ерекше зиянды) және (немесе) қауіпті жұмыстарда істейтін жұмыскерлердің жұмыс уақытын есепке алу табелін негізгі табельден бөлек жүргізу қажет.