Салық берешегі - бересі сомасы, сондай-ақ өсімпұл мен айыппұлдардың төленбеген сомалары. Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен шағым жасалу кезеңінде шағым жасалатын бөлігінде тексеру нәтижелері туралы хабарламада, деңгейлес мониторинг нәтижелері туралы хабарламада көрсетілген өсімпұл сомасы, сондай-ақ әкімшілік жаза қолдану туралы қаулыда көрсетілген айыппұлдар сомасы салықтық берешекке қосылмайды.

Салықтық берешекті өтеу тәртібі

Заңды тұлғаның салықтық берешегін мәжбүрлеп өндіріп алу

Салықтық берешекті мәжбүрлеп өндіріп алу тәртібі

Жеке тұлғаның салықтық берешегін өндіріп алу

Салықтық берешектің жоқ екендігі туралы анықтама алу

Салықтық берешекті өтеу тәртібі

Салық берешегін өтеу мынадай тәртіппен жүргізіледі:

1) бересі сомасы;

2) есепке жазылған өсімпұл;

3) айыппұлдар сомасы.

Заңды тұлғаның салықтық берешегін мәжбүрлеп өндіріп алу

Салықтық берешекті мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары

1. Тексеру нәтижелері туралы хабарламаға немесе деңгейлес мониторинг нәтижелері туралы хабарламаға шағым жасау жағдайларынан басқа, салық органдары салық төлеуші – заңды тұлғаның, заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесінің, Қазақстан Республикасында қызметін тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын бейрезиденттің, дара кәсіпкердің, жеке практикамен айналысатын адамның салықтық берешегін мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қолданады.

Салықтық міндеттемелерді орындау осы Кодекстің 722-бабы 3-тармағының 2) тармақшасына сәйкес операторға жүктелген жағдайларда, жай серіктестік (консорциум) құрамында өнімді бөлу туралы келісім бойынша қызметті жүзеге асыратын салық төлеушінің салықтық берешегін өндіріп алу кезінде осы тарауда көзделген мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары салық төлеушіге және (немесе) операторға қатысты қолданылады.

2. Салық берешегін мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қолдану тәуекелдерді басқару жүйесінің нәтижелерін ескере отырып жүргізіледі.

Мәжбүрлеп өндiрiп алу шараларын қолдану басталғанға дейiн тәуекел деңгейлері орташа және жоғары салық төлеушiге, осы баптың 4-тармағында белгіленген жағдайларды қоспағанда, салықтық берешекті өтеу туралы хабарлама жiберiледi.

Салық төлеушіге (салық агентіне) салықтық берешекті мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қолдану салық төлеушіде салықтық берешек түзілген күні немесе салық төлеуші тәуекел деңгейі төмен санаттан тәуекел деңгейі орташа немесе жоғары санатқа өткен күні салық төлеуші жатқызылған тәуекел деңгейіне байланысты, осы тарауда көзделген мерзімдерде жүзеге асырылады.

Салықтық берешекті мәжбүрлеп өндіріп алу тәртібі

Салық берешегін мәжбүрлеп өндіріп алу мынадай тәртіппен жүргізіледі:

      1) банк шоттарындағы ақша есебінен (ҚР СК 122-бабы);

      2) дебиторлардың шоттарынан (ҚР СК 123-бабы);

      3) билік етуі шектелген мүлікті өткізу есебінен (ҚР СК 124-бабы);

      4) жарияланған акцияларды мәжбүрлеп шығару түрінде (ҚР СК 125-бабы).

Заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесі өзіне салықтық берешекті өтеу туралы хабарлама табыс етілгеннен кейін қырық жұмыс күні ішінде салықтық берешекті өтемеген жағдайда, салық органы салық төлеуші – осы құрылымдық бөлімшені құрған заңды тұлғаға мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қолдану арқылы салықтық берешек сомасын өндіріп алады.

Заңды тұлғада біреуден астам құрылымдық бөлімше болған кезде, осы тармақтың бірінші бөлігінде айқындалған тәртіппен мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қолданғаннан кейін заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесінің салықтық берешегі өтелмеген жағдайда, салық органы мұндай заңды тұлғаның барлық құрылымдық бөлімшесіне бір мезгілде банктік шоттардағы ақша есебінен мәжбүрлеп өндіріп алу шарасын қолданады.

Заңды тұлға салықтық берешекті өтеу туралы хабарлама өзіне табыс етілгеннен кейін қырық жұмыс күні ішінде салықтық берешекті өтемеген жағдайда, салық органы салық төлеуші – заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшелеріне мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қолдану арқылы салықтық берешек сомасын өндіріп алады.

Жеке тұлғаның салықтық берешегін өндіріп алу

Салық төлеуші – дара кәсіпкер, жеке практикамен айналысатын адам болып табылмайтын жеке тұлғаның салықтық берешегін өндіріп алу

1. Дара кәсіпкер, жеке практикамен айналысатын адам болып табылмайтын жеке тұлға республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын 1 еселенген айлық есептік көрсеткіштен асатын мөлшердегі салықтық берешегін жеке тұлғалардың салықтық берешегі туралы хабарлама табыс етілген күннен бастап отыз жұмыс күні өткен соң төлемеген немесе толық төлемеген жағдайларда, салық органы уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша жеке тұлғаның берешегін өндіріп алу туралы салық бұйрығын шығарады (бұдан әрі – салық бұйрығы) және оны шығарған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей жеке тұлғаға жібереді.

2. Жеке тұлға салықтық берешекті өтемеген кезде салық органы осы Кодекстің 115-бабының 1-тармағында белгіленген тәртіппен жеке тұлғаға табыс етуге жататын салық бұйрығы табыс етілген күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей, осындай салық бұйрығын Қазақстан Республикасының атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы заңнамасында айқындалған тәртіппен мәжбүрлеп орындату үшін аумақтығы бойынша тиісті әділет органдарына не жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасына жібереді.

3. Салық бұйрығын шығарған салық органы:

1) жеке тұлға салықтық берешекті өтеген жағдайда – салықтық берешек өтелген күннен бастап бір жұмыс күнінен кешіктірмей;

2) егер өтелмегені үшін салық бұйрығы шығарылған салықтық берешек салықтарды дұрыс емес есептеу (есепке жазу) нәтижесінде түзілген жағдайда – салық төлеушінің жеке шотына түзетулер енгізілген күннен бастап бір жұмыс күнінен кешіктірмей;

3) осы бапта белгіленген салық бұйрығын шығару тәртібі бұзылған жағдайда – осындай факт анықталған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей салық бұйрығының күшін жояды.

Салық берешегінің жоқ екендігі туралы анықтама алу

Бұл анықтаманы екі тәсілмен алуға болады:

1. Салық төлеушінің кабинеті (cabinet.salyk.kz) арқылы.

  • Салықтық өтініш бөлімі.
  • «Салық берешегі» қосымша беті (мемлекеттік кіріс органдарында есеп жүргізілетін берешектің жоқ (бар) екендігі туралы мәліметтерді алуға сұрау салу).
  • Өтінішті толтыру және мемлекеттік кірістер органына жіберу.
  • Анықтама алу үшін «Салықтық өтініш» бөліміне кіріп, егер анықтама «Әрекет» жолында «Ақпарат» сілтемесі пайда болса, сүзгілерден кезең теру керек.

2. Электрондық Үкімет порталында (egov.kz).

  • Порталға кіріп, «Қызметке онлайн тапсырыс беру» батырмасын басыңыз.
  • Өтінімді толтыру және оған ЭЦҚ (электрондық цифрлық қолтаңба) не смс-құпиясөздің көмегімен қол қою (міндетті түрде мобильді азаматтар базасында тіркелуі тиіс).
  • Жеке кабинетте («Қызметтерді алу тарихы» бөлімінде) өңделген анықтамамен танысыңыз.

 Қызмет көрсету мерзімі: сұрау түскен күннен бастап 1 жұмыс күнінен кешіктірмей.