Акциздік өнім – бұл акцизге ерекше салық – акциз салынатын өнім.

Акциз (фр. accise, лат. accido - кесемін) – жаппай тұтыну тауарларына (темекі, шарап және тағы басқа) өндіру кезінде салынатын жанама салық.

Қазақстан Республикасының аумағында өндiрiлген және Қазақстан Республикасының аумағына импортталатын тауарларға акциз салынады.

 

Акциз төлеушілер

Акцизделетін тауарлар

Акциз салу объектілері

Акциз салуға жатпайтын объектілер

Акциз мөлшерлемелері

Акциз төлеу мерзімдері

Салық кезеңі және акциз бойынша салық декларациясы

Акциз төлеу орны

 

Акциз төлеушілер

Акциздерді төлеушілер:

1) Қазақстан Республикасының аумағында акцизделетiн тауарлар шығаратын;
2) акцизделетін тауарларды Қазақстан Республикасының аумағына импорттайтын;
3) Қазақстан Республикасының аумағында бензинді (авиациялықты қоспағанда) және дизель отынын көтерме, бөлшек саудада өткізуді жүзеге асырады;
4) осы Кодекстің 462-бабы бірінші бөлігінің 5) – 7) тармақшаларында көрсетілген және олар бойынша акциз Қазақстан Республикасының аумағында Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бұрын төленбеген, Қазақстан Республикасының аумағында тәркіленген, иесiз, мұрагерлiк құқығы бойынша мемлекетке өткен және мемлекет меншiгiне өтеусiз берiлген акцизделетін тауарларды өткiзудi жүзеге асыратын;
5) осы Кодекстiң 462-бабында көрсетілген және олар бойынша акциз Қазақстан Республикасының аумағында Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бұрын төленбеген, акцизделетiн тауарлардың мүліктік массасын өткiзудi жүзеге асыратын;
6) осы Кодекстің 462-бабы бірінші бөлігінің 6) тармақшасында көзделген акцизделетін тауарларды жинауды (жинақтауды) жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар акциз төлеушілер болып табылады.
Кәсіпкерлік қызмет мақсатында Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің аумағынан акцизделетін тауарларды импорттайтын жеке тұлғалар да акциз төлеушілер болып табылады.
Акцизделетін тауарларды кәсіпкерлік қызмет мақсатында импортталатындарға жатқызу өлшемшарттарын уәкілетті орган белгілейді.

Осы баптың 1-тармағының ережелерi ескерiле отырып, бейрезидент-заңды тұлғалар мен олардың құрылымдық бөлiмшелерi де акциз төлеушiлер болып табылады.

Акцизделетін тауарлар

Мыналар акцизделетін тауарлар болып табылады:

1) спирттің барлық түрлері;
2) алкоголь өнімі;
3) темекі бұйымдары;
4) қыздырылатын темекісі бар өнімдер, электрондық сигареттерде пайдалануға арналған құрамында никотині бар сұйықтық;
5) бензин (авиациялық бензинді қоспағанда), дизель отыны, газохол, бензанол, мұнай еріткіші, жеңіл көмірсутек қоспалары, экологиялық отын;
6) шағын автобустарды, автобустар мен троллейбустарды қоспағанда, қозғалтқышының көлемі 3000 текше сантиметрден асатын, 10 және одан да көп адам тасымалдауға арналған моторлы көлік құралдары;
қозғалтқышының көлемі 3000 текше сантиметрден асатын, адамдар тасымалдауға арналған жеңіл автомобильдер және өзге де моторлы көлік құралдары (арнайы мүгедектігі бар адамдарға арналған қолмен басқарылатын немесе қолмен басқару адаптері бар автомобильдерден басқа);
қозғалтқышының көлемі 3000 текше сантиметрден асатын, жүкке арналған платформасы және жүк бөлiгiнен қатты стационарлық қабырғамен бөлінген жүргiзушi кабинасы бар жеңіл автомобиль шассиiндегi моторлы көлік құралдары (арнайы мүгедектігі бар адамдарға арналған қолмен басқарылатын немесе қолмен басқару адаптері бар автомобильдерден басқа);
7) шикі мұнай, газ конденсаты;
8) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес дәрiлiк зат ретінде тіркелген, құрамында спирті бар медициналық мақсаттағы өнім.

Акциз салу объектісі:

ҚР Салық кодексінің 464-бабының 1-тармағына мыналар акциз салынатын объект болып табылады:

  • акциз төлеуші өзі шығарған және (немесе) өндірген және (немесе) ыдысқа құйған акцизделетін тауарлармен жүзеге асыратын мынадай операциялар:

- акцизделетін тауарларды өткізу;

- акцизделетiн тауарларды алыс-беріс негiзінде қайта өңдеуге беру;

- алыс-берiстік, оның iшiнде акцизделетiн шикiзат пен материалдарды қайта өңдеу өнiмi болып табылатын акцизделетiн тауарларды беру;

- жарғылық капиталға жарна;

- акцизделетін тауарларды заттай нысанда пайдалы қазбаларды өндіру салығын, экспортқа рента салығын төлеу есебіне беру жағдайларынан басқа, акцизделетiн тауарларды заттай ақы төлеген кезде пайдалану;

- өндіруші өзiнiң құрылымдық бөлiмшелерiне жүзеге асыратын акцизделетiн тауарларды тиеп-жөнелту;

- өндiрушiнің жасап шығарған және (немесе) өндiрген және (немесе) ыдысқа құйған акцизделетін тауарларды өздерiнiң өндiрiстiк мұқтаждары үшін және акцизделетін тауарларды өздері өндіруі үшін пайдалануы;

- өндіруші жүзеге асыратын акцизделетін тауарлардың лицензияда көрсетілген өндіріс мекенжайынан орын ауыстыруы;

- бензинді (авиациялықты қоспағанда) және дизель отынын көтерме және бөлшек саудада өткізу;

- мүліктік массаны, тәркiленген және (немесе) иесiз, мұрагерлiк құқығы бойынша мемлекетке өткен және мемлекет меншiгiне өтеусiз берiлген акцизделетін тауарларды өткiзу;

- акцизделетін тауарлардың бүлінуі, жоғалуы;

- акцизделетін тауарлардың ҚР аумағына импорты.

Мыналарға акциз салынбайды:

ҚР Салық кодексінің 464-бабының 3-тармағы негізінде мыналар акциз салудан босатылады:

1) егер ол осы Кодекстің 471-бабында белгіленген талаптарға сай келсе, акцизделетін тауарлардың экспорты;

2) этил спирті мен алкоголь өнімін өндіруді және оның айналымын бақылау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын квоталар шегіндегі, өз қызметінің басталғаны туралы белгіленген тәртіппен хабардар еткен мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарына босатылатын этил спирті;

3) жаңа үлгідегі есепке алу-бақылау маркалармен қайта таңбалауға жататын, осы Кодекстің 172-бабының 2-тармағында көрсетілген акцизделетін тауарлар, егер аталған тауарлар бойынша акциз бұрын төленсе;

4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес дәрілік зат ретінде тіркелген медициналық мақсаттағы құрамында спирті бар өнім (бальзамдардан басқа).

5) есептен шығару және жою туралы актінің негізінде салық органдары қабылдаған, ақаулық, жоғалу, бүліну себебі бойынша айналымнан шығарылған сәйкестендіру құралдары.

Акциз мөлшерлемелері

Акциз ставкалары өлшем бірлігіне абсолюттік сомада заттай мәнде белгіленеді.

Спирт пен шараптың барлық түрлеріне акциз мөлшерлемелері спирт пен шарапты құйып одан әрі пайдалану мақсаттарына қарай сараланады.

Акциз мөлшерлемелері ҚР Салық кодексінің 463-бабында регламенттелген.

Акциз төлеу мерзімдері

Акцизделетiн тауарларға акциз есептi салық кезеңiнен кейiнгi айдың 20-сынан кешiктiрiлмей бюджетке аударылуға тиiс.

Алыс-беріс шикізаты мен материалдарынан өндірілген акцизделетін тауарлар бойынша акциз өнімді тапсырыс берушіге немесе тапсырыс беруші көрсеткен тұлғаға берген күні төленеді.

Қазақстан Республикасының аумағында өндiрiлген шикi мұнайды, газ конденсатын өнеркәсiптiк қайта өңдеуге берген кезде акциз оларды берген күнi төленедi.

Толысылған шарапты және сыра қайнату өнімін қоспағанда, осы Кодекстiң 462-бабы бірінші бөлігінің 2) тармақшасында белгiленген акцизделетiн тауарларға акцизді алкоголь өнімін өндірушілер таңдау бойынша:

  • есепке алу-бақылау маркаларын алғанға дейін;
  • осы Кодекстің 172-бабына сәйкес есепке алу-бақылау маркаларын нысаналы пайдалану туралы міндеттеме ұсынылған жағдайда, акцизделетін тауарлар тиеп-жөнелтілген (берілген) күні төлейді.

Салық органдарының Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің аумағынан импортталған акцизделетін тауарлар бойынша акциздің төлену фактісін тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы өтініште тиісті белгі қою арқылы растауы не растаудан уәжді бас тартуы уәкілетті орган айқындаған тәртіппен жүзеге асырылады.

Салық кезеңі және акциз бойынша салық декларациясы

Акцизге қатысты күнтiзбелiк ай салық кезеңi болып табылады.

Әрбiр салық кезеңi аяқталғаннан кейiн акциз төлеушiлер өзiнiң орналасқан жерi бойынша салық органына есептi салық кезеңiнен кейiнгi екiншi айдың 15-iнен кешiктiрмей 400.00-нысандағы акциз бойынша декларацияны тапсыруға мiндеттi.

Акциз төлеушiлер декларациямен бiр мезгiлде, егер заңды тұлғаның құрылымдық бөлiмшесi болса, 421.00-нысандағы акциз бойынша есеп-қисапты тапсырады.

Акцизделетін тауарларды Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің аумағынан Қазақстан Республикасының аумағына импорттайтын салық төлеушілер импортталған акцизделетін тауарлар есепке қабылданған айдан кейінгі айдың 20-ынан кешіктірілмейтін мерзімде орналасқан (тұрғылықты) жеріндегі салық органына СЕН 328.00 тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы өтінішті және осы Кодекстің 456-бабының 2-тармағына сәйкес өзге де құжаттарды ұсынуға міндетті.

Акциз төлеу орны

Акциз төлеу ҚР СК 476-бабының 2 және 3-тармақтарында көрсетілген жағдайларды қоспағанда, салық салу объектісінің орналасқан жері бойынша жүргізіледі.

Бензинді (авиациялықты қоспағанда) және дизель отынын көтерме, бөлшек саудада өткізуді жүзеге асыратын акциз төлеушілер акцизді салық салуға байланысты объектілердің орналасқан жері бойынша төлейді.

Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің аумағынан акцизделетін тауарлар импортталған жағдайда акцизді төлеу акциз төлеушінің орналасқан (тұрғылықты) жері бойынша жүргізіледі.