Толық емес жұмыс күні – күнделікті жұмыс немесе жұмыс ауысымы ұзақтығының нормасын азайту, бұл ұйымда белгіленген жұмыс уақытының қалыпты ұзақтығымен салыстырғанда күніне жұмыс уақыты сағаттарының санын азайтуды білдіреді.

Еңбек шартын жасасқан кезде, сондай-ақ еңбек қатынастары процесінде жұмыскер мен жұмыс берушінің арасындағы жазбаша келісім бойынша жұмыскерге толық емес жұмыс уақыты белгіленуі мүмкін.

Осы Кодексте белгіленген қалыпты ұзақтықтан аз уақыт, оның ішінде:

1) толық емес жұмыс күні, яғни күнделікті жұмыс (жұмыс ауысымы) ұзақтығының нормасын азайту;

2) толық емес жұмыс аптасы, яғни жұмыс аптасындағы жұмыс күндерінің санын қысқарту;

3) күнделікті жұмыс (жұмыс ауысымы) ұзақтығының нормасын бір мезгілде азайту және жұмыс аптасындағы жұмыс күндерінің санын қысқарту толық емес жұмыс уақыты болып есептеледі.

Толық емес жұмыс уақыты жағдайларында жұмыс істеу жұмыскер үшін осы Кодексте, еңбек, ұжымдық шарттарда, келісімдерде белгіленген жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысының ұзақтығын, еңбек өтілін есептеуде және еңбек саласындағы басқа да құқықтарын шектеуге әкеп соқтырмайды.

Жұмыс беруші жүкті әйелдің, үш жасқа дейінгі баласы (балалары) бар ата-ананың біреуінің (бала асырап алушының), сондай-ақ медициналық қорытындыға сәйкес отбасының науқас мүшесіне күтімді жүзеге асыратын жұмыскердің жазбаша өтініші бойынша оларға толық емес жұмыс уақыты режимін белгілеуге міндетті.

Толық емес жұмыс уақытына ауыстыру кезіндегі қадамдық әрекеттер

70-бапқа сәйкес еңбек шартын жасасу кезінде, сондай-ақ еңбек қатынастары процесінде жұмыскер мен жұмыс беруші арасындағы жазбаша келісім бойынша жұмыскерге толық емес жұмыс уақыты белгіленуі мүмкін.

Бұл жағдайда ҚР ЕК 46-бабында көзделген норма қолданылады, өйткені жұмыс уақыты режимінің өзгеруі де еңбек жағдайларының өзгеруі болып табылады.

ҚР ЕК «Еңбек жағдайларының өзгеруі» атты 46-бабына және ҚР ЕК «Толық емес жұмыс уақыты» атты 70-бабына сәйкес:

·        Жұмыс беруші еңбек жағдайларының өзгеруі күшіне енгенге дейін 15 күннен кешіктірмей алдағы өзгеріс туралы жұмыскерлерді хабардар етеді.

·        егер жұмыскерлер жаңа жағдайларда жұмыс істеуге келіссе, онда еңбек шартына Қосымша келісім ресімделеді, онда жұмыс уақыты режимі бөлігінде еңбек шарты талаптарының өзгеруі жазылады.

·        егер жұмыскер жаңа жағдайларда жұмыс істеуден бас тартса, онда Хабарламаға жазбаша бас тарту-жауап талап ету және ҚР Еңбек кодексінің 58-бабы 1-тармағының 2) тармақшасында көзделген негіздер бойынша еңбек шартын бұзу рәсімін жүргізу қажет.

·        жұмыскерлерді бұйрықтың мазмұнымен және жаңа еңбек жағдайларымен таныстыру қажет.

Жұмыскерлерді бұйрықтың мазмұнымен және жаңа шарттармен таныстыру ол күшіне енгенге дейін хабарламамен бірге жүргізілуі мүмкін.